Коронавирустан қайтыс болғандар арнайы полигонда жерленеді. Арнайы полигон қаланың сыртында орналасқан. Қауіпсіздік ережелерінің талабы бойынша қаладан оқшау, алыс жерде болады. Алматы қаласы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымованың айтуынша, жерлеу рәсіміне тек мамандар ғана қатысады.
«Полигон қаланың сыртында орналасқан. Айналасында жақын орналасқан елді мекендер жоқ. Ол барлық қауіпсіздік ережелері бойынша қаладан оқшауланып тұр», – деді Молдағасымова.Айтуынша, арнайы штаб жерлеу тәртібін бекіткен. Қайтыс болған жағдайда коронавирус жұқтырған адамның денесі ашылмайды және кремацияланбайды. Денесі дереу залалсыздандырылады.
«Аса қауіпті инфекциядан көз жұмған науқасқа барлық қажетті қауіпсіздік шаралары қолданылады. Мұндай қатаң ережелер бұған дейін де болған», – деді басқарма басшысы.Аса қауіпті ауру диагнозы расталған жағдайда карантиндік инфекциялар, күйдіргі және контагиозды вирусты геморрагиялық қызбалардан қайтыс болғандардың мәйіті туыстарына берілмейді. Бұл аса қауіпті жұқпалы ауруларға қатысты санитарлық-профилактикалық шараларды ұйымдастыру талаптарында қарастырылған.
Жерлеу кезінде ұзындығы – 2 метр, ені – 1 метр, тереңдігі – 2 метр қабірдің түбіне қалыңдығы 10 сантиметр дезинфекциялық құрал (дәрі) бір қабат себіледі. Қабірге түсірілген табытқа да 10-15 сантиметр дезинфекциялық арнайы сұйықтың құйылады. Содан кейін қабірді көмеді.Жерлеу аяқталғаннан кейін құрал-саймандар, қорғаныш киімі, көлік арнайы залалсыздандырылады.