Коронавирус жаппай таралып, әлемдік пандемияға айналғанда, көптеген мемлекет сыртқа азық-түлік сатуды шектей бастады. Қазақстан Үкіметі де ұн, сәбіз, қант, қарақұмық, пияз, картоп секілді өнімдерді экспорттауға тыйым салды.
Қазақта «Жұт жеті ағайынды, айыр ағашпен сегіз, жаман күйеумен тоғыз» дейтін сөз бар. Аталарымыздың айыр ағашты не себепті жұтқа теңегенін ел ішіндегі көзіқарақты оқырман білмесе, менің хабарым жоқ. Ал жаман күйеудің тоғызыншы болып тіркелуі қашан да сыншыл – қайынжұрт шығарған қалжың сөз болса керек.
Бірақ әлемді жайпап келе жатқан коронавирус індетіне қалжың жүрмесі белгілі.
Әуелгіде ресми тараған ақпаратқа сенбей, әлеуметтік желідегі алыпқашпа хабарға иек сүйегенімізбен, вирус ішке кірді дегенді естігенде шын ойланып, қам қылуға көштік. Алғашқы қадам жаппай азық-түлік сатып алудан басталды. Осылайша, наурыз айында жыл иесі – тышқанның әрекетін қайталап, қалайша үйге тамақ тасып кеткенімізді білмей де қалғандаймыз.
«Іздегенге сұраған» дегендей, азық бағасы да аспандап шыға келді. Себебі Қазақстанда коронавируссыз да көктем сайын көкөніс құны көтерілетін әдет бар. Биыл да күткенімізден жаңылдырған жоқ. Статистика комитетінің дерегінше, 17 наурыз бен 24 наурыз аралығында азық-түлік алдыңғы аптаға қарағанда 1,7% өскен. Мысалы, қарақұмық жармасының құны – 2,9% көтерілсе, сиыр еті – 1,3%, картоп – 13%, сәбіз – 4,1%, макарон – 1,1% қымбаттаған. Яғни, наурыз айының алғашқы үш аптасының өзінде тамаққа инфляция 2,4% құрады. Кейбір экономистер осы жағдайға қарап елдегі жалпы инфляция деңгейі 7%-дан асуы мүмкін деген болжам жасап үлгерді. Бұл болжам де негізсіз емес. Өйткені жоғарыда тізіп шыққан өнім түрлері халық күнделікті тұтынатын, ресми тілмен айтқанда әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер.
Қазақ тағамтану академиясы бекіткен норма бойынша бір адам жылына 120 келі көкөніс жеуі қажет. Яғни, 18 млн тұрғынды толық қамтамасыз ету үшін елде 2,16 млн тонна көкөніс өндірілуі тиіс. Бұл көрсеткіш бізде бар ма? Статистика дерегіне сүйенсек, елде көкөніспен қамтамасыз ету көлемі 120-130% деңгейінде. Біздегі негізгі проблема маусымдық тұтынуды қамтамасыз ете алмау. Әсіресе, қыстың ортасынан жаздың басына дейінгі кезеңде қияр мен қызанақтың, тәтті бұрыш пен баклажанның бағасы ұшып тұрады. Жылыжайлар мен қоймаларда сақталған өнім азайған соң бағасы көтеріледі. Амалсыз шетелдің сапасы төмен өнімін жеуге тура келеді.
Десе де, жоғарыда аталған азықтың кейбірінің құны көтерілуіне коронавирустың дақпырты қатты әсер етіп жатқаны да рас. «Шекара жабылады, сырттан тамақ келмейді, дүкенде барын алып қалыңдар» деген қауесеттен кейін жұрт жанталаса супермаркеттер мен базарлардағы өнімді сатып алды. Сұраныс, сөз жоқ, бағаны өсірді. Тіпті, күн сайын кешкісін азық-түлік кезегіне тұрғандар сөредегі бағаның біртіндеп өсіп жатқанын да байқамады.
Пандемия үрейінен соң бағасы бірнеше есе шарықтаған өнімнің бірі – зімбір. Нұр-Сұлтан қаласында, Көкшетауда, Ақтау мен Өскеменде және т.б. өңірлерде аталған көкөніс келісі 5 мыңнан 10 мыңға дейін жетіп жатқанын естіп жатырмыз. Зімбірдің ағзаға пайдасы көп, емдік қасиеті мол екені бұрыннан белгілі. Әйтсе де, біреулер әлеуметтік желіде оның коронавирусқа қарсы иммунитетті күшейтетінін жазып, видео роликтер көрсете бастасымен бағасы шығандап кетті. Одан бөлек, лимон мен сарымсақ бағасы күрт өсті.
Иә, зімбір мен лимон – біздің жерде өспейтін, сырттан келетін өнім. Сондықтан оның бағасына бақылау жоқ. Оның үстіне күн сайын зімбір жеп жатпағанымыз да рас. Бізге керегі жоғарыда айтылған әлеуметтік маңызы бар азықтың құны. Жақында Ақордада төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысын өткізген Президент Қ.Тоқаев күнделікті ішіп-жемге қажетті өнімнің бағасын қадағалауды тапсырып, қызметіне салғырт қараған министр пен әкімдер жұмыстан босатылады деген болатын. «Басқаша тәртіппен жұмыс істейтін уақыт келді. Қазіргі қиын сәтті түсінбейтіндер және «ештеңе бүлдіріп алмайын» деп жеке басының қамын ойлап, ескі әдіспен әрекет етуге тырысатындар қызметінен босатылады», деп ескертті Президент.
ЭКСПОРТТЫ ШЕКТЕУ МӘСЕЛЕНІ ТОЛЫҚ ШЕШЕ МЕ?
Қазақстан Үкіметі 22 наурыздан бастап кейбір азық-түлік өнімдерінің сыртқа сатылуына шектеу қойды. Алайда астық, ұн экспорты бойынша тыйымды ұзақ ұстау да қиын. Қазақстан – Орталық Азиядағы бауырлас елдерге ұн жеткізуде үлкен маңызға ие мемлекет. Әрине, оңтүстігіміздегі көршілес республикалардың ішкі нарығын Қазақстан жалғыз қамтып отырған жоқ, Ресейден де көп сатып алады. Дегенмен оларға транзит арқылы «алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалап тасыған» тиімді. Оның үстіне бізден астық өндірісі бойынша алда тұрған Ресей мен Украина да астық экспортына шектеу қоюды қарастыра бастады. Бұл шешімдер астық импорттаушыларды алаңдатып отыр. Сол себепті экспортты ұзақ шектеу біздің негізгі импорттаушы көрші елдер экономикасына соққы болады. Себебі ол елдердегі бізден бидай сатып алып, өзінде ұн өндіріп отырған немесе ұнын алып, түрлі нан өнімін дайындайтын зауыттарда жұмыс тоқтап қалуы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, коронавирустан кейін де өмір бар. Қазақстан мүддесі тұрғысынан қарасақ, тұрақты тұтынушының үдесінен шыға білу – нарықтың негізгі қағидасы.ӘЛЕМДЕГІ АХУАЛ ҚАНДАЙ?
БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы әлемдік нарықта бағаның өсуіне негіз жоқ деп мәлімдеді. Ұйымның бас экономисі Maximo Torero «Алдағы уақытта азық-түлік тапшылығы байқалмайды. Бидай өндірісі бірқалыпты, әлемдік нарыққа жеткізілуі тиіс қор көлемі жеткілікті», – деді 25 наурызда LeTemps басылымына берге сұхбатында. Әйтсе де, ол импорттаушы елдердің заңсыз қор жинау жанталасы мен астық экспортында көлеңкелі бизнес орын алса тәуекелдің туындайтынын жасырмаған. Өйткені азық-түлік тапшылығы болады деген дүрлігу кейбір импорттаушы елдердің әрекетінен де байқалуда. Мысалы, Қытай бір жылға жететін қоры бола тұра, АҚШ-тан ұн сатып алуды күшейткен. Bloomberg агенттігінің мәліметінше, халық саны жөнінен екі үлкен мемлекет Түркия (82 млн) мен Алжир (40 млн) де нан өнімдерін көбірек импорттай бастаған. Ал Марокко мемлекеті импортты және қор жинау процесін жеңілдету мақсатында бидайға салынатын кедендік салықты алып тастады. Дегенмен әзірге астық дақылдарын экспорттайтын елдерде өнім көлемі жөнінен қауіп жоқ. Тек нарыққа жеткізу ісінде қиыншылық тууы мүмкін. Себебі коронавирус пандемиясы кезінде қауіпсіздік үшін теңіз порттары, транзитті теміржол бекеттерінде тосқауылдар қойылуда. Егер азықтың көп бөлігін импорттайтын мемлекеттер арасында өнімді әділ, заңды түрде бөлісу жөнінен келісім болмаса нағыз дағдарыстың көкесі сол болмақ.АЗЫҚ БАҒАСЫН ҰСТАП ТҰРА АЛАМЫЗ БА?
Тоқаевтың тапсырмасынан кейін Үкімет түрлі шаралар қабылдап, бағаға бұғалық салатын бірнеше сценарий жазылғанын айтып жатыр. Ресми ақпаратқа сенсек, төтенше жағдай өткен соң да халықты ет өнімдері және көкөніспен қамтуға қаражат бар. Жалпы, Қазақстан Үкіметі дағдарыспен күресу үшін 4 триллион теңгеден астам қаражат жұмсайтыны мәлім болды. Оның 1 трлн 825 млрд теңгесі Ұлттық қордағы қаражаттан кепілдендірілген трансфер негізінде алынады. Яғни, Үкімет резервтегі ақшаның 14,7 млрд теңгесіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін сатып алады. Егер елдегі төтенше жағдай 15 сәуірден кейін де созылатын болса және өзге де қалалар карантинге жабылса, Үкіметтің шаралар жоспары да өзгеруі әбден мүмкін. Премьер-Министр Асқар Мамин төтенше жағдай уақытында барлық әкімге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын қадағалап, тұрақтандыру қорларының жұмысын реттеуді тапсырды. Барлық өңірдегі тұрақтандыру қорларында қажетті азық сақталған. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша мысал келтірсек, бүгінгі күні қорда 6 273 тонна азық-түлік бар. Оның ішінде 4 560 тонна ұн, 1 289 тонна қант, 424 тонна қарақұмық жармасы бар. Қалада көкөніс сақтайтын жеті қойма жұмыс істейді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстанда 16 наурыздан бастап бір ай бойы төтенше жағдай жарияланды. Яғни, 15 сәуірге дейін көптің көңілін күпті еткен коронавирус індетінің беті қайта ма, әлде одан жаман батпандап ене ме, ол жағы да беймәлім. Үкімет мүшелері жариялаған ресми деректерге сүйенер болсақ, ішкі сұранысты өтеуге қоймада азық жеткілікті. Әсіресе, астық жөнінен биылға жететін қор бар. Яғни, «нан болса, ән де болады» деп көңіл жұбатуға болады. Бірақ қоймадағы қордың көлемі бағаны ұстап тұруға кепіл бола алмайды. Біріншіден, логистика саласында мәселе туындауы мүмкін. Коронавирусқа байланысты қозғалыс шектеулері азық-түлікті қажет жерге дер кезінде жеткізуге қолбайлау. Осы жағдайды күн сайын емес, сағат сайын алыпсатарлар тиімді пайдаланып, қарашаның қалтасына түсуде. Әсіресе, карантинге жабылып, жұмысы тоқтаған үлкен қалалардың тұрғындары үшін ол қиынға соғады. Сол себепті қолдан жасалып отырған қымбатшылыққа әкімдер мен тиісті Үкімет мүшелері дәл қазір жауап бергені жөн.Бауыржан БАЗАР