Көп адам далаға шығуды шектеудің мәнін жете түсінбей отыр. «Үйге сыймайды» деп баласын сыртқа ойнауға жібере салатындар бар. Әке-шешесі мақұлдағасын көшеде армансыз сайрандаған балақайларды арнайы патруль өкілдері ұстап алып, ата-аналарына ескерту жасап жатыр. Қайта қолға түссе, айыппұл салынады. Бұдан бөлек, Нұр-Сұлтанның өзінде көшеге себепсіз шыққаны үшін 164 ересек учаскеге жеткізілді. 2020 жылғы 28 наурыз-6 сәуір аралығында елордада және Алматы қаласында азаматтардың өз баспанасынан шығуына шектеу енгізілді. Кәмелеттік жасқа толмағандардың үлкендерсіз далада жүруіне тыйым салынды. Тұрғындарға азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алу мақсатында ғана көшеде жүруіне жол беріледі. Оның өзінде жақын жердегі дүкен мен дәріханаға баруыңыз керек. «Сонда арзан» деп қаланың басқа шетіне аттануға болмайды. Кассирден міндетті түрде чек талап еткеніңіз жөн: бұл көшеде бостекі жүрмегеніңіздің дәлелі. Кейбір мекеме қызметкерлеріне жұмысына баруына және кері қайтуына тоспа жоқ: «Қала ішінде жаяу немесе көлігімен жүретін адамдарда рұқсат етілген ұйымда жұмыс істейтінін растайтын құжаттары – жұмыс берушінің мөрі басылған анықтама, көлігі үшін баратын жері көрсетілген жол парағы болуы тиіс. Бұл құжаттарсыз адам мен көлік қозғалысына рұқсат етілмейді», – дейді әкімдік. Осының барлығы көшеде халықтың қалың нөпірі әрлі-берлі сабылмауы, азаматтар коронавирус инфекциясын көзге көрінбес эстафетадай бір-біріне «табыстамауы» үшін маңызды. Кейбір сарапшысымақтар адамның таза ауада серуендеуіне тыйым салуға болмайды дейді. Бірақ лифт, сыртқы есікті айтпағанның өзінде мысалы, ауладағы ағаш орындыққа бойында дерті бар адам да жайғасуы мүмкін. Ол тұрып кеткесін келесі отырған жан жұқпа ошағына жанасады. «Қала көшелерін полиция қызметкерлері қадағалайды. Екі күн ішінде полиция басқармаларына 164 адам жеткізілді: 68 тәртіп бұзушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Қалғанымен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Өз қауіпсіздігіңіз үшін әрі коронавирус инфекциясының таралуын азайту мақсатында үйде қалып, барлық қауіпсіздік шараларын сақтауыңызды сұраймыз. 30 наурыздан бастап 5 сәуірге дейін автобустар жүрмейді. Дәрігерлер, полиция қызметкерлері және қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететіндерден басқасы апта бойы жұмыс істемейді», – деп үндеумен қайырылды елорда әкімдігі.
Жалғыз жортқан жолаушы кім?
Бас қала мен Алматы әкімдіктерінің штабтары жұмыс істеуге рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізімін жариялады. Құжаттар ұқсас және келесі ұйымдардың есігін ашық етеді: біріншіден, бұл – денсаулық сақтау жүйесінің мекемелері, яғни аурухана, дәріхана, зертханалық қызмет, ветеринарлық және мал шаруашылығының жедел жәрдем қызметі, шұғыл стоматологиялық қызмет, медициналық тауарлар таратушы ұйымдар. Екіншіден, қалалық инфрақұрылым мен коммуналдық қызметтер – электр, жылу, сумен жабдықтаушы компаниялар, ЖЭО-лар; өртке қарсы және апаттық құтқару қызметі; тұрғын үй қорын басқару саласындағы қызметтер (электрик, сантехник, аула және үй-жай тазалаушылар, лифтке авариялық қызмет); көшелер мен ғимараттар ішін тазалаушы қызметтер; қоқыс жинау, өңдеу және жою; залалсыздандыру-дезинфекция; жол қозғалысын реттеу құралдарының қызметін қамтамасыз ететін ұйымдар. Мұның сыртында бұқаралық ақпарат құралдары, телекоммуникация және байланыс қызметтері, инватакси секілді мамандандырылған көліктер, ресми тіркелген және белгісі бар такси, пошта, курьер қызметі өкілдерін де көшеде жүруге болады. Үшіншіден, қалаларда құрылыс тоқтамайды: ешқайда шықпай жұмыс істеуге жағдай жасалған, жұмысшыларға арналған жабық жатақханасы бар құрылыс компанияларына осындай мүмкіндік берілді. Төртіншіден, халық ашықпауы керек, сондықтан азық-түлік пен ең қажетті тауарлар сататын сауда желілері, супермаркеттер, дүкендер мен базарлар жұмысын жалғастырады. Бесіншіден, бірқатар зауыт-цех өндірісі қызады, бұлар – азық-түлік өнімдеріне арналған орама-қаптама жасайтын өңдеу өнеркәсібі, тамақ және сусын өнеркәсібі, химреагенттер, дәрілер, медициналық құрал-саймандар шығаратын химиялық және медициналық кәсіпорындар. Алтыншыдан, тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау үшін күзет ұйымдарына, жетіншіден, кеселмен күресушілердің көліктері қаңтарылып тұрып қалмауы үшін жанармай және газ құю стансаларына, сегізіншіден, үйлерінде отырған жұртшылыққа азық-түлік, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар, сондай-ақ аса қажет тауарларды жеткізетін сервистерге ары қарай қызмет атқаруына мүмкіндік ұсынылды. Қонақүйлер мен хостелдер есігін іштен құлыптап, жабық жағдайда жұмыс істеуге көшуі керек. Олар персоналды оқшаулауға және карантинге жабылған адамдарды орналастыруға пайдаланылады. Қос қалада барлық банк бір аптаға жабылады. Әйтсе де, олардың бас кеңселерінің қызметкерлері және инкассаторлар түскі 4-ке дейін қала көшесімен қозғала алады. ТЖ режимінде мемлекеттік басқаруды қамтамасыз ететін меморгандардың кейбір қызметкерлеріне жұмысына баруына болады. Ол тізімге кім кіретінін бірінші басшылары анықтайды.Үміт үзбе, үйде отыр!
Қазіргі кезде мемлекет үшін қоғамның келісімі мен түсіністігі керек. Әйткенмен, жаһандық пандемияның байыбына бармаған қарапайым адамдар көңілтолмастық білдіріп, Үкіметке шағым жазуда. Соның бірі Марина Суворова фитнес клубының жабылып қалғанына және соған баруға тыйым салынғанына ашулы. Үйінде іші пысыпты. «Неге карантин уақытында фитнес залдарын жабады? Спорт деген денсаулық емес пе?! Спортпен айналысатын адамның иммунитеті де жақсы. Біз шынығуды тоқтатқымыз келмейді. Фитнес орталығы коронавируске қарсы күрес үшін барлық қажеттімен жабдықталған: антисептиктер тұр, кіргенде клиенттің дене қызуы өлшенеді. Едені әр 3 сағат сайын хлормен жуылады. Ішін үнемі желдетіп тұрады. Билік осындай залдарға рұқсат берсін! Шымыр денесін босаңсытқысы келмейтін біз секілді адамдар елде онсыз да көп емес», – дейді Марина. Ол бос уақытын спортқа арнағысы келетінін айтады. Әрине, үй жағдайында денешынықтырумен айналысқан дұрыс, оған ешкім тыйым салмайды, қайта дәрігерлердің барлығы карантин уақытында спортты серік етуге кеңес береді. Ал фитнес клубтардың эпидемия ошағына айналып кетпесіне кепіл жоқ. Өйткені оған келетін спортшылар арнайы жаттығу бағдарламасы бойынша бір тренажерден екіншісіне ауысып отырады. Олардың әрқайсысының соңынан жүгіріп жүріп, әр тренажерді залалсыздандырып отыру мүмкін емес. Кейде жаттығу құралына кезек қалыптасады. Бір адам босатса, орнын екіншісі баса қояды. Бұл жағдайда вирус жұқпасына еш кепіл жоқ. Жергілікті Хореографтар одағының өкілі Александр Пащенконың өтініші де осыған ұқсас келеді. «Би студиям бар. Қазақстанда ТЖ мен карантин енгізілгесін би үйрету клубтары тегіс қызметін тоқтатты. Бізге жұмысымызды жалғастыруға рұқсат етуді сұраймыз. Барлық жаттықтырушы үшін осы студиялар – нәпақа табудың жалғыз көзі. Топта бір уақытта ең көп дегенде 15 бала ғана айналысады. Мұны бұқара көп жиналатын орын деуге келмейді. Қажет десе, шәкірттерімнің ата-анасы балалар жаттығуға өз қалауымен қатысады деп сенімхат жасап бере алады», – дейді ол. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова осындай сауалдарға жауабында тіпті бірер адам келсе де, тренажер залдары, студиялар және басқасының қызмет етуіне рұқсат ете алмайтынын түсіндірді. Бұл тыйым ТЖ енгізу туралы Президент Жарлығына сәйкес Премьер-Министр кеңсесімен бірге әзірленген нұсқаулықта бекітіліпті. Айтпақшы, осы шектеу кейбір адамдарды мазалаған мәселесін де шешіп берген. Ксения Ищенконың жолдасы Алатау бөктеріндегі әсем қалада, «Әл-Фараби, 36» мекенжайындағы бизнес орталықта орын тепкен шетелдік компанияда жұмыс істейді. «Алматыда карантин енгізілгеніне қарамастан жұмыс беруші қызметкерлеріне үйінде, қашықтан қызмет етуге мүмкіндік бермеді. Оны қажетті деп таппады. Ғимарат әкімшілігі вирус таралмауы үшін желдету жүйесін ағытып тастады. Ал бизнес орталық терезелері кейбір қабаттарда ғана ашылады. Соның кесірінен кеңселерде жұмыс күні соңына қарай оттегі таусылады, қапырық орнап, ми гипоксиясы басталады», – дейді қала тұрғыны. Кеңсе қызметкерлерінің осы азабы шектеу енгізілгенде аяқталған көрінеді: қос мегаполистегі барлық дерлік бизнес орталықтары жабылды. Әрине, шектеу қиындықтар да әкелді. Әсіресе, кәсіпкерлер проблемаға жолықты: «Мемлекеттік сатып алу порталы арқылы бұдан бұрын бекітілген келісімдерім бар. Оны орындау үшін көлікпен көшеде көп жүруім, кеңселерге баруым керек, бірақ ондай мүмкіндігім жоқ. Тапсырыс берушілер шартты уақытылы орындамағаным үшін өсімпұл есептеп жатыр. Мына жағдайда міндеттемені қалай орындайсың?» – деп жабығады нұр-сұлтандық бизнесмен Ерден Борамбаев. Осы орайда «Атамекен» ҰКП ТЖ, карантин форс-мажор болып есептелетініне, демек, міндеттеменің орындалмауға негіз болатынына назар аудартады. Ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде «Қазақстанның ірі қалаларында коменданттық сағат енгізіледі» деген хабар тарады. Елорда әкімдігі бұл хабарды «фейк» деп атады. Қалайша? Бүгінде әлемнің біраз елі «коменданттық сағат» (КС) тетігін іске қосты. Мысалы, 3 аптаға КС енгізген Сауд Арабиясында оны бұзғандарға 2,6 мың доллар айыппұл салынады. Коменданттық сағат Албания, Сербия, Шри-Ланка, Мавритания, Тунис, Кот-д'Ивуар, Сенегал, Эквадор, Мысыр, Кувейт, Иордания, Ирак, Франция қалаларында, қырғыздың Бішкегінде енгізілді. Оларда азаматтарға таңнан кешке дейін ғана көшеге шығуға рұқсат. Одан кейін көшелер жаппай босап қалуы тиіс. Ал Қазақстан болса, далаға шығуға тәулік бойғы шектеу тетігін қолданып отыр. Бұл – Үндістанда, Грекияда, АҚШ-тың көптеген штатында қарастырылған тәжірибе. Мысалы, Калифорния, Нью-Йорк, Делавэр, Иллинойс, Коннектикут, Луизиана, Нью-Джерси, Огайо, Техас және басқа штаттарда тұрғындарға қажеттіліксіз үйді тастап шығуға тыйым салынды. Талаптың сақталуын армия қадағалайды. Ендеше, «Қазақстандағы коменданттық сағат» туралы сөз шындыққа жанаспайды.