Ерлан Қарин: Коронавирус таралмауы үшін ерте бастан қамдандық
Ерлан Қарин: Коронавирус таралмауы үшін ерте бастан қамдандық
Фото: Интернеттен алынды
330
оқылды
Президенттің кеңесшісі Ерлан Қарин биліктің коронавирус таралуына қарсы күрес стратегиясының негізгі үш ерекшелігін атады. Қазақстанда енгізілген төтенше жағдайдың екінші аптасы биліктің коронавирус таралуына қарсы күрес стратегиясы, жалпы тиімді болғанын көрсетеді. Оның ерекшелігі мынада: Біріншісі. Жағдайдың алдын алуға әрекет ету. Кейбір сарапшылар мемлекет қабылдаған шаралардың есебін наурыздың ортасынан бастап қате жүргізіп келеді. Ол кезде мектептер мен жоғарғы оқу орындарында сабақ тоқтатылатыны және елде төтенше жағдай енгізілетіні жарияланған болатын. Шын мәнінде, алғашқы түбегейлі шаралар одан да ерте, қаңтарда, яғни, Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 жағдайын пандемия деп жарияламай тұрғанға дейін біраз уақыт бұрын қабылданды. Қаңтардың 26-сы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке коронавирустың Қазақстан аумағына таралуына жол бермеу жөнінде нақты ұйымдастыру шараларын қабылдауды тапсырды. Сол күні Үкіметтің ведомствоаралық комиссиясы құрылып, келесідей шаралар қабылданды: Эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайда халыққа қажетті көмек көрсететін медициналық ұйымдардың дайындығын қамтамасыз етуді; Мемлекеттік шекарадан өткізу бекеттерінде, оның ішінде әуе, автокөлік және темір жол көлігі нысандарында санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды күшейтуді; Шет елдерден келген барлық адамдарға тұрғылықты мекенжайы бойынша медициналық бақылау орнатуды; ҚХР Ухань қаласындағы Қазақстан студенттері мен ҚР басқа да азаматтарын шұғыл эвакуациялауды қамтамасыз ету тапсырылған болатын. Сонымен бірге, екі қаланың – Нұр-Сұлтан мен Алматының инфекциялық ауруханаларында қосымша реанимациялық бокстар құрылды. Дәл осы кезде, қаңтардың 27-сі мен 30-ы күндері Ұлыбритянияда, Германия мен Италияда алғаш рет коронавирусты жұқтырғандар анықталды. Екіншісі. Кезең-кезеңмен әрекет етуге шешім қабылданды. Жоғарыда атап өткендей, алғашқы шаралар қаңтардың 26-сы қабылданды. Қаңтардың 31-і санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды күшейтудің екінші кезеңі басталды: Барлық шекаралардағы санитарлық-карантиндік пункттерге қосымша 150 санэпидемиологиялық қызмет маманы жіберілді; Жаңа инфекцияның зертханалық диагностикасы реттелді; Клиникалық емдеу хаттамасы және эпидемияға қарсы іс-шаралар алгоритмдері бекітілді. Ақпанның алғашқы күндері біздің азаматтарымыз Қытайдың Ухань қаласынан эвакуацияланды. Қытаймен тұрақты әуе рейстері, сонымен бірге темір жол мен автомобиль жолаушы тасымалы тоқтатылды. Ақпанның 20-сынан бастап билік инфекцияның таралуының алдын алу бойынша күшейту шараларының үшінші кезеңін іске асыруға көшті. Коронавирустық инфекцияның таралу қаупінің деңгейіне байланысты елдерді үш санатқа саралау бойынша әдістеме әзірленіп, енгізілді. Қауіп деңгейіне байланысты, коронавирустық инфекция таралған елдерден келген адамдарға тиісті медициналық мониторинг орнатылды. Сонымен қатар, осы елдердегі жағдайларға байланысты әуе рейстері қысқарылып, одан кейін мүлде тоқтатылды. Наурыздың 1-і санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды күшейтудің төртінші сатысы енгізілді. «Карантиндық» елдердің тізімі кеңейтілді: ол жақтан келген адамдарға мониторингтік және карантиндық шаралар қабылданды. Наурыздың 2-сі Үкіметтің отырысында Қазақстан территориясында коронавирустың таралуына жол бермеуге бағытталған қосымша шаралар қарастырылды. Қазақстанда коронавирустық инфекция анықталып, таралған кездегі іс-қимылдың жаңа Алгоритмі әзірленді («Б жоспары»). Ақпанның соңында және наурыздың басында Әзербайжан, Беларусь пен Арменияда алғаш рет коронавирусты жұқтырғандар анықталды. Үшіншісі. Биліктің стратегиясы шұғыл әрекет етуге және табандылыққа негізделді. Сол кезде Қазақстанның территориясында COVID-19-ды жұқтыру оқиғасы тіркелмегеніне қарамастан, билік өте табанды әрекет етті. Оңтүстік-Шығыс Азиядағы, Таяу Шығыс пен Еуропадағы бірқатар елдердегі эпидемиологиялық жағдайдың кенеттен нашарлауы ескерілген болатын. Наурыздың 2-сі Президент елдегі бірқатар қоғамдық іс-шараларға тыйым салды. Наурыздың 11-і Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус пандемиясы деп жариялады. Наурыздың 12-сі Қазақстан Президенті бірқатар мемлекеттік орган басшыларымен кеңес өткізіп, Үкіметке жаңа вирустың елімізге таралуына жол бермеу шараларын қатаңдату жөнінде нақты тапсырма берді. Атап айтқанда, жаппай мәдени және спорттық шаралар, конференциялар мен көрмелер өткізуге уақытша тыйым салынады. Халық көп шоғырланатын жерлерде, сауда орталықтары мен базарларда, қоғамдық тамақтану орындарында, вокзалдар мен әуежайларда санитарлық режим күшейтілді. Мектептерде сабақ тоқтатылып, жоғары оқу орындары қашықтан оқыту әдісіне көшіріледі. Халықаралық әуе тасымалына қатысты да қосымша шектеу шаралары қабылданады. Наурыздың 13-і елде алғаш рет коронавирусты жұқтырғандар анықталды. Сол күні Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің және бірқатар мемлекеттік органның басшылары қатысуымен шұғыл әрекет ету Штабының отырысын өткізіп, карантиндік тәртіпті күшейтуге бағытталған жаңа іс-шараларды жариялады. Наурыздың 15-і Президент республикада төтенше жағдайды енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Келесі күні Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына телевизиялық үндеу жолдады. Төтенше жағдай тәртібі наурыздың 13-і АҚШ-та енгізілді, Испания мен Сербияда – наурыздың 15-і, Францияда – 24-і. Наурыздың 25-інде Үндістанда үш аптаға созылатын жалпыұлттық карантин енгізілді. Наурыздың 24-і Халықаралық Олимпиада комитеті Токиодағы жазғы Олимпиада ойындары 2021 жылға ауыстырылатынын мәлімдеді. Осылайша, қазақстандық билік қажетті шараларды тым ерте де, кеш те емес енгізді. Әлемдегі және елдегі жағдайға сәйкес, қабылданған шешімдер және оларды жүзеге асыру кезең-кезеңмен жүрді. Осының арқасында коронавирустың Қазақстанға еніп, оның ел ішінде ауқымды таралуы барынша тежелді. Бірақ күрес жалғасуда. Әлемдегі қазіргі жағдай пандемияның ұзаққа созылуы мүмкін екенін көрсетуде. Енді көп нәрсе тек қана мемлекеттің тез әрі табанды әрекеттеріне ғана емес, сонымен бірге қоғамның да жауапкершілігіне байланысты. Қытай эпидемияның ауыр кезеңін мемлекет жоғарғы ұйымдастыру рөлінің арқасында еңсере алды. Вирустың Жапония мен Сингапурдағы ауқымды таралуын ол елдердегі азаматтардың саналы әрекеттері тежеуде. Қазақстан болса, коронавируспен күресте осы қажетті екі шарттың бірлігін көрсете алады.