Атырау облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен Атырау қаласы қақпасын жапты. Өңірдің 7 аудан тұрғындары мен қонақтары 2 сәуірде қаладан шығып үлгеруі тиіс. Тәртіпке бағынбағандарды қатаң жаза күтіп тұр. Жергілікті халықтың дерттің қаупін жіті түсінбей, қауіпсіздікке немқұрайды қарауы жергілікті билікті де алаңдатып отыр. Атырауда індет жұқтырған 12 адам анықталды.
Жексенбіде шұғыл өткен брифингте облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов, облыс әкімінің орынбасары Е.Абылханов пен облыстық Полиция департаменті жергілікті қызметі басқармасының басшысы Әлібек Қайыров карантин себептері мен карантин кезіндегі тұрғындарға қойылатын талаптарды түсіндіріп, сұрақтарға жауап берді.
Жергілікті тұрғындардың әлемді құрсауына алған дерттен қорғанбай еркін жүруі қаланы карантинге жабуға шешім қабылдатты. Өңірде індеттің тез таралып, оның арты өкінішке ұрынбас үшін жергілікті атқарушы билік карантин кезінде халық көп шоғырланатын жерлерді 15 сәуірге дейін жауып, азық-түлік саудасын ғана қалдырды.
Карантин талабына сәйкес 2 сәуірге дейін тұрғылықты мекенжайы Атырау қаласында тіркелгендер қалаға кіріп, ал аудандарда тұратын және басқа өңірден келген халық қаладан шығып үлгеруі керек. Азаматтар міндетті түрде жеке куәлігін өзімен бірге алып жүруі тиіс.
Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкеновтің айтуынша, бұл алдымен халықтың амандығы үшін қажет. Қатаң шаралар бүгінде қаладағы 12 адамның індет жұқтырғаны анықталған соң бұл індет аудандарға таралмас үшін жасалып отыр. Әр адам өз денсаулығы мен отбасы, жақын жуықтарының індеттен қорғануына жағдай жасауы керек.
– Вирусты жеңудің төте жолы – гигиеналық тазалықтың мінсіздігі мен үйден шықпау. Әлемде аталмыш індетті жеңудің бұдан асқан емі жоқ, – деді Серік Жамбылұлы.
Өңірде тәртіп сақтауға шақырған облыстық Полиция департаменті жергілікті қызметі басқармасының басшысы Әлібек Қайыров «Өңірде төрт бекет жұмыс істеп, қалаға бірде-бір автокөліктің негізсіз кірмеуін қатаң қадағалаймыз. Басқа өңірлерден жолаушылар тасымалдайтын автокөлік бағыттары да тоқтатылады. Жайықтан балық аулауға тыйым салынады. Бетпердесіз жүргендер жауапқа тартылуы мүмкін» деп азаматтардан көшеге жеке құжатсыз шықпауын ескертті және полиция қызметкері азаматтарды тоқтатып, сауал қойғанда түсіністікпен қарауға үндеді.
№692/691 «Ақтөбе – Атырау», №313/314 «Атырау–Маңғыстау», №41/42 «Атырау – Шу» және №47/48 «Атырау – Курорт Боровое» бағыттарына қатынайтын пойыздар тоқтатылады. Осы бағытқа билет алған жолаушылар билетін қайта өткізе алады. Автовокзал да жұмысын тоқтатты.
Облыс көлемінде қауіпті дертке шалдыққандар 12 адамға жетті.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек,олар төрт адам «Нұр-Сұлтан – Атырау» және «Алматы–Атырау» рейсімен келген. Ал 1974 және 1973 жылы туған әйел адамдар – қалалық үшінші емхананың медицина қызметкерлері. Науқастардың көпшілігінде ауру асимптоматикалық жағдайда өтуде, ал екі емделушіде құрғақ жөтел бар. Олардың барлығы тиісті күтіммен және емдік шараларымен қамтамасыз етілген.
Жауапты органдар науқастармен байланыста болған адамдарды іздестіру үстінде.
Тұрсын ҚАЛИМОВА,
Атырау облысы