Білім және ғылым министрі Орталық коммуникациялар орталығында брифинг өткізді.
Министрдің айтуынша, 6 сәуірден бастап мектеп оқушылары онлайн оқу үшін интернет қызметі тегін болатынын айтты.
Айта кетейік, Қазақстанда мектеп оқушылары үшін 16 наурыздан бері жан-жақты жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Cондай-ақ:
1.Мектепке дейінгі білім беру мекемелері штаттық режимде жұмыс істеуде. Балабақшаға балаларды апару немесе апармау мәселесі ата-аналарының қалауы байланысты. Келмегені үшін балабақшадан шығарылмайды. Яғни, балаңызды балабақшаға апармасаңыз, орны сақталады. Сондықтан, ата-аналарға мүмкіндігінше бүлдіршіндерді үйде қалдыруға кеңес беремін.
16 наурыздан бастап мемлекеттік қосымша білім беру ұйымдарының қызметі тоқтатылды. Оған оқушылар мен жасөспірімдер сарайы, музыка, көркемсурет, өнер мектептері және т.б. жатады. ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті қазіргі жағдайды ескере отырып, ата-аналарға балаларын жекеменшік дамыту орталықтарына да апармауға кеңес береді.
2020 жылғы 16 наурыздан бастап 5 сәуірге дейін балалар көктемгі демалыста болады. Осы уақыт аралығында мектеп мұғалімдері қашықтықтан жұмыс істейді. Әріптестерімізге әдістемелік және сабаққа дайындық жұмыстарын үйде отырып орындауға болады. Ал мектеп директорлары педагогтердің қашықтықтан жұмыс істеуі және каникул кезінде атқарылатын жұмыс көлеміне сай айлықты толық төлеу туралы актілерді қабылдайды. Каникул аяқталған соң, қажет болған жағдайда, оқушыларды қашықтықтан оқыту үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл тұрғыда арнайы топ ақпараттық жүйені контентпен қамтамасыз ету, педагогтерді үйрету, сервистерді тестілеу және т.б. бағыттар бойынша жұмыс атқаруда. Ұйымдастыру жұмыстарын 5 сәуірге дейін аяқтауымыз қажет. Бізде бірнеше электронды платформа бар, қарқынды жұмыс жүргізілуде.
16 наурыздан бастап колледждер мен ЖОО студенттері қашықтықтан оқыту технологиялары негізінде білім алуға көшуде. Оқыту процесі бекітілген оқу жүктемесіне, жоспарына, бағдарламасы мен кестеге сай жүргізіледі.
Оқу процесін ұйымдастыру үшін педагогтер мен студенттерге электрондық платформаларға кіруге жағдай жасалады. Оқыту құралы ретінде видео-сабақтар, дербес онлайн-жұмыс, онлайн-курстар пайдаланылады. Бізде «Bilimland», «Google Classroom», «MOODLE», «Univer», «Platonus», «Canvas», «Daryn.online» сынды жақсы жүйелер бар. Сондай-ақ Coursera өз курстарын тегін ұсынды және «ZOOM» оқыту барысында сервисті тегін пайдалануға жағдай жасады.