Интернетте көп сыр бар...
Қосымша білімнің, жаңаны үйренгеннің зияны жоқ. Сондықтан Ұлттық кітапхананың электронды платформасынан көптеген шығарма, мақала, газет пен журналды таба аласыз. Itest.kz онлайн-тренажері жұмыс істеп тұр. Платформа ҰБТ-ға, қорытынды аттестаттауға және ОЖСБ-ға дайындалуға көмектеседі. Жануарлар әлеміне қызығатындар «Филин» иллюстрацияланған жануарлар энциклопедиясын оқуына болады. Cousera платформасында 3 800 онлайн-курс бар. KazTub онлайн-кинотеатрының тегін жұмыс істеп тұрғанын білесіз бе? Қазір сайтта 100-ден аса фильм қолжетімді. Оның ішінде отандық туындылар да бар. Kaztube.balapan блогынан 20-дан астам мультсериалды тамашалай аласыз. Кинопоиск порталына кіріп, арнайы промокодты терсеңіз, іздеген фильм мен сериалыңызды тегін тамашалайсыз. More.tv-ға промокод арқылы бір ай тегін жазылуға болады. Ал Premier онлайн-кинотеатры 15 наурыздан бері тегін жұмыс істеп тұр. Осындайда Youtube-ты естен шығармаңыз. Қыр-сырын білсеңіз, жақсы контентке жолығуыңыз мүмкін. Тіл білгенге ағылшын тіліндегі контенттер өте пайдалы. Әрине, жақсы контент ұсынатын орыс тіліндегі каналдар баршылық. Демек, балаңызға түсіндіре отырып, игеруіне көмектесесіз. Әрі өзіңіз де «бұрын қалай мұны білмегенмін?» деп таңырқауыңыз ғажап емес. Мәселен, Arzamas, «Все как у зверей», «Простая наука» каналын шолып шығыңыз. Егер бала монтаж бен дизайнға қызықса, жақсылап үйренетін сәт туды. Бұл – уақытты тиімді өткізудің амалы ғана емес, заман талабы. Youtube-тан немесе басқа платформа арқылы Adobe Photoshop пен Pinnacle Studio-ны үйрену курсынан өтіңіздер. Алғашқысы суретпен жұмыс істеуді, кейінгісі видеоны әрлеуді үйретеді. Баланың бұған ебі бар ма, тексергіңіз келсе, алдымен смартфондағы InShot, Canva сияқты қосымшада сурет пен видео өңдетіп көріңіз. Қызықса, әрі қарай алып кетуге болады. Компьютер ойыны дегенде көзге бірден босқа кететін уақыт елестеуі мүмкін. Алайда ойын арқылы ерекше әсерге бөленіп, қиял әлеміне саяхат жасауға боларын естен шығармаңыз. Мәселен, Minecraft баланың шығармашылық қабілетін ашуға, «Гвинт» математиканы игеруге көмектеседі. Спорт түрлерін шыңдауға септігі тиетін ойын түрлері қаншама? Маңыздысы, баланың қызығушылығына сай ойын таңдап, жіті қадағалап отыру керек. Дұрысы, өзіңіз де бір сәт бала болып, ойнап көріңіз. Бұл балаға да, сізге де ерекше әсер ететіні сөзсіз.Көңіл керек балаға – көңіл керек
Ойын демекші, отбасымен бірге үстел үстінде отырып ойнайтын ойын түрлері бар екенін білетін боларсыз. Міне, әкелі-балалы болып, анасы мен қызына қарсы шеп құратын кез келді. Сонда уақыттың қалай өткенін білмей қаласыз. Әрі балалар ата-анасының жанында екенін сезініп, бір сәт сергіп қалады. Мысалы, сериал мен ертегілердің рөлге құрылған ойындары бар. Бәріңізге таңсық емес һәм қызық түрін таңдап алыңыз. Сондай-ақ лего құрастырып, пазл жинауға да рұқсат. Мұнда да бала бір өзі емес, ата-анасымен бірге атсалысса, әдемі қамал тұрғызып, «Мұзды өлке» кейіпкерінің бейнесін құрастыру оңай болады. Отбасы мүшелері жиналып, теледидар тамашалағанға не жетсін, шіркін! Осындайда қызықты мультфильм көріп, бірге талдаған дұрыс. Биыл «Оскарға» ұсынылған туындыларды тамашалауға таптырмас мүмкіндік. «Ойыншықтар хикаясындағы» сюжетке таңданып, «Клаус» сыйлайтын жылу мен құндылыққа мән берейік. Disney қоржынында қаншама қызықты хикая бар десеңізші? «Арыстан патшадан» бастап, «Джунгли кітабын» ақтарып шығуға болады. Әрине, осыншама қызық күтіп тұрғанда кітап оқуға құлық бола ма? Бірақ әңгімеге елітіп, кітап сиқырына жетелеу ата-ананың еркіндегі жұмыс. Сіз бірге оқысаңыз, бала сізден асып қайда барады? «Менің атым Қожадан» жалықса, «Том Сойердің басынан кешкендерін» оқып беріңіз. Ғажайыпқа қызығар бала болса, Джоан Роулингтің «Пәлсапа тасы» қазақша аударылғаны тағы бар. Ең жақсы ұсыныс – кинонұсқасы бар туындыны оқыңыз. Баланың қиялына ерік беріп, қалай елестететінін сұраңыз. Артынша киносын көрсетіңіз. Сонда бала үздік сюжет кітапта, тамаша туынды санасында екенін түсінеді. Арасында сурет салып, ән айтып сергіп алған жөн. Теледидарға қосылатын немесе смартфонға жалғайтын караокенің түрі көп. Ән таңдаудың еркін балаға қалдырыңыз. Өйткені сіз таңдаған жанр XXI ғасырдың баласына ұнамауы мүмкін. Компьютерде ойын ойнап, теледидардан фильм тамашалаймын деп денешынықтыруды ұмытпаған абзал. Балаңызбен бірге дене жаттығуларын жасап, саламатты өмір салтын ұстаңыз. Арасында көзге арналған жаттығу жасап, мойын мен омыртқаны икемге келтіріңіз. Бастысы, баламен сөйлесіп, оны тыңдаудан жалықпаңыз. Онлайн-өмірдің иіріміне кіремін дегенде баланың қалауы офлайнда қалып кетпесін. Ата-анасының бастан кешкен оқиғасын тыңдап, әсерлі хикая естіген кімге ұнамасын? Тіпті, сізбен әңгімелесу, ой бөлісу оған компьютер ойындарынан да қатты әсер етуі мүмкін. Балаға дейміз-ау, бұл өмірде бәріне назар аударғаны, көңіл бөлгені қажет. Көңіл – қымбат, өмір сонысымен бағалы емес пе?Айзат АЙДАРҚЫЗЫ