Ақын тілін адақтаған сөздік
Ақын тілін адақтаған сөздік
334
оқылды
Қазақтың кез келген баласы Мұқаға­лиды біле­ді, өлеңін жатқа айтады. Ол тым болма­ғанда, Мұ­қағалидың өлеңдерін ән мәтініне қосыла шыр­қай­ды. Қазір Мұқа­ғалиды біл­­меу – Абайды білме­генмен бірдей намыс. Әр қазақтың жүрегінің төрінен осылай орын ал­ған ұлы ақынның «құдіреті неде?» деген сұрақ туса, әрине, Алла берген дары­нында, қабілетінде екенін ешкім жоққа шығармай­ды, соған қоса оның тағы ұлы қасиеті мен құдіреті тіл байлығында дер едім. Бұл – шындық.  

1. НАРКІТАП немесе нар тұлғалар еңбегінің нәтижесі

Сол шындықты дәлелдейтін наркітап (фолиант) жақында жа­рық көрді. Ол «Мұқағали тілі сөз­дігі» деп аталады. Ендігі әң­гі­ме осы наркітап туралы болмақ. Көлемі алпыс алты баспа табақтан астам (!) осындай алып кітаптың дүниеге келуіне атса­лысқан авторлардың (Байынқол Қалиұлы, Жансейіт Қансейіт­ұлы, Шерубай Құрманбайұлы, Сәбира Сағынбекқызы) кәсіби білігі де, білімі де, мамандыққа сай машығы да жеткілікті бол­ған. Әрқайсысы да – өзінің ғылыми бағытының «жілігін шағып, майын ішкен» құзыретті мамандар. Демек, «Мұқағали тілі сөздігінің» сауатты түзілуіне, жүйеленуіне, құрастырылуына, саралануына, салалануына, салғастырылуына, жазылуына еш күмән тудырмайтын көрнекті ғалымдар тобы еңбек еткен. Осы топ Мұқағали шығармаларында қолданылған он үш мың үш жүз қырық сегіз сөз (!) бен бес мың отыз бес тұрақты тіркесті тү­гендеп шыққан. Мұндай ересен еңбекқорлықты, үлкен жауап­кершілікті талап ететін ерен еңбекті аяғына дейін еш дабыра-даңғазасыз, жарнама-жарла­масыз атқарып шығу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін ғылыми-танымдық маңызы да, азаматтық-патриоттық мәні де зор игілікті іс. Оны тек азаматтық ұстанымы айқын, ғылыми мұраты биік, ұлттық мүдделері ортақ, ары таза, жаны адал нағыз патриот ғалымдар ғана атқарып шығады. Біз сол атқарылған істің нәтижесіне куә болып отырмыз.  

2.КІТАПТЫҢ ШЫҚҚАНЫНАН ШЫҒАДЫСЫ «ҚЫЗЫҚ» немесе оймақтай ойдан орасан нәтижеге жету азабы

Бір тақырыпты қолға алған ғалымның алдымен өзіне дейінгі отандық және шетелдік тәжіри­белерге арқа сүйейтіні – ғылыми әдепке жатады. «Мұқағали тілі сөздігінің» авторлары да сол әдеп­тен аттап кетпеген. Олар отан­да да, әлемде де жарық көр­ген осы тақылеттес сөздіктерді, У.Шекспир тілінің сөздігін (1874 ж.), А.Пушкин тілінің сөздігін (1956 ж.), Абай тілінің сөздігін (1968) қарап шығып, бағытын біліп, өздеріне бағдар алған. Демек, жеке адам тілі сөздігін түзіп, шығаруда олар алғашқы емес. Әрине, соңғы да емес. Бірақ бұлардың сөздігінің бұрынғылардан мазмұндық-пішіндік жағынан өзгешелігі бар және оны дүниеге әкелу маша­қаты да басқаша болған. Әуелі әртүрлі басылымдарда жарияланған шығармалардың барлығын түгел сүзген. Сөйтіп, олар Мұқағалидың туындылары түгел қамтылған 5 томдықтың өзін бастан-аяқ өзге басы­лым­дармен, басқа жарияланым­дармен тағы бір қайта салыс­тырып, салғастырып көрген. Сонда 5 томдықтың алғашқы 3 томында Мұқағалидың 1 064 өле­ңі және шетел ақындарынан тәржімелеген 81 аударма өлеңі, яғни барлығы 1 145 өлеңі ба­рын анықтаған. Осыған енді 4-5-том­дағы авторлар ай­қын­да­ған бір дастанын, 13 поэ­ма­сын, А.Дантеден, И.Гревстен аудар­ған 163 беттік өлеңдерін, 4 әң­гі­месін, 2 повесін, 1 пьесасын, 5 сын-мақала және хаттарын қо­сыңыз. Сонда Мұқағалидың хат­қа түсіп, тасқа басылған 1 177 шығармасы барын түгендеп шы­ғудың өзі қаншалықты маша­қатты жұмыс екенін біле беріңіз. Енді осы түгенделген шығар­маларда «бар сөздің бәрі сөздікке алына ма, әлде белгілі бір сын­талап болуы керек пе?» деген сұ­раққа жауап іздегенде, алды­мен өзімізде 1968 жылы жарық көрген «Абай тілі сөздігі» тексе­рілген. Онда ақынның 170 өлеңі және 45 қара сөзі түгел қам­тыл­ған екен және мұнда нені алуға болады, соның бәрі на­зардан тыс қалмаған, кісі есім­дері де, жер-су аттары да түзіл­ген. Дәл осы ба­ғытта жасауға да бо­лар, бірақ көлемі жағынан Мұ­қағали шы­ғармалары әлде­қайда көп, со­ның барлығы санға кір­генмен, санатқа алынбауы да мүм­кін. Егер осылардың бәріне ғы­лыми сынтез жасалмаса, сөз­дік то­лыққанды дүние болып шық­пайды. Ғылыми сынтезге кел­генде, «сөздікке нені кіргіз­беуге болады?» деген сұраққа жауап табу да оңай шаруа бол­маған. Авторлардың сөздікті шы­ғарғанға дейін атқарған жұмыс­тарының тағы бір соқталысы – ақынның әр жылдардағы жа­рияланымдарында кездесетін екіұдай сөздердің қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін анықтау дер едік. Мысалы, кей­бір жинақтарда ақынның кей шумақтары екі жерде қайта­ланады. Жарыса қолданылған ондай шумақтар отыз рет кез­деседі. Немесе әр жинақта әртүрлі жарияланған сөздер мен тіркестер және қате жазылып, мағыналық жағынан өлеңнің мазмұнына нұқсан келтіріп тұрған сөздер де ұшырасады. Сондықтан да сөздік автор­ларына Мұқағали шығар­маларының жарияланымдарын белгілі бір деңгейде текстоло­гиялық тексеруден өткізуге де тура келген. Сонымен бірге ав­торлар редакторлық көзбен де қарап, кейбір мағыналық сәй­кес­сіздіктерді анықтаған. Мы­салы, «Масақтан дән айырып, тұлып бастым» деген жолдағы «тұлып» сөзін алайық. Тұлып сөзі қазақ тілінде бірнеше мағы­нада қолданылады. Ол – қыста киетін тоннан да, ішіктен де қалың, үлкен жылы сырт киім. Сондай-ақ тұлып – өлген бұ­заудың ішіне сабан тығып, том­питып қойған терісі. Енесі сауылар кезде иіскеп, июі үшін қолданылатын қуыршық. Және де тұлып – екі айлық қозы те­рісінен жасалған қапшық. Оған әйелдер ісмерлік бұйымдарын салып қояды. Көрдіңіз бе, бір ғана әріптің ауысуы қаншама мағынаның ашылмай қалуына себеп болған. Ал ақынның айт­пақ болғаны тұлып емес, қырманда орылған астықтың масағынан дән айыру үшін атпен сүйретіп жүретін, жан-жағы қырланып, тіс шығарылған үлкен жұмыр да ауыр тас. Оны қазақ «тұлық» немесе «тұлықтас» дейді. Авторлар ақын қолда­нысын дәл тапқан да, сөздікке «тұлық» деп енгізген. Олар әр сөзді жеке теріп, жазып қана отырмаған, сөйлем мағынасына қарай қолданы­луына да редакторлық түйсік деңгейімен де, ғылыми таным биігінен де аса ыждағаттықпен мән берген. Жарияланған шығармалардың мәтіндеріне тү­зеткерлік (корректорлық) дұ­рыстау жұмыстарын да жүргіз­ген. Мысалы, жоқ (жөн), зер (зәр), кез (көз), қол (көл), қор (көр), лақ (дақ), тон (тоң), жа­нышқан (шанышқан), жердем (жәрдем), өлсірет (әлсірет), т.б. Сөздік шығарушылар басы­лымдарда кеткен мұндай ұсақ-түйек қателерді баспадан немесе басқадан мін іздеу үшін емес, сөздіктің сауатты шығуы үшін анықтаған. Мына мәселе – қызықты және назар аударуға тұрарлық шешім. Кейбір сөздерді Мұқа­ғали қазақ тілінің дыбыс үн­дестігіне сәйкес айтымы бо­йынша, яғни халықтық сөз саптау әдеті бойынша саналы түрде шайды «шәй», жайылымды «жәйілім», жаннатты «жәннәт», уайымды «уәйім» деп қолданған. Ал бұл қолданыстар ресми бекі­тілген «Қазақ тілінің орфогра­фиялық сөздігіндегі» талаптарға сәйкес келмейді. Егер «өзі жоқ­тың көзі жоқ» деп, өлең жол­дарындағы дыбыс үндестігіне, сөз ұйқастығына, мазмұн ағы­сына қарай жымдасып кеткен ондай сөздерді ресми бекіген талапқа сай өзгертіп жіберсеңіз, өлеңге нұқсан келеді. Оны ақын аруағы кешіре ме? «Мұқағали тілі сөздігінің» авторлары ақын­ның сөз саптау мәнерін сақтап, оны ақынның тіл қолдану ерекшелігі ретінде қабылдап, сол қалпы қолдану дұрыс деп шешеді. Мұқағали тілі сөздігін шы­ғарарда авторлардың аса бір ыждағаттылықпен орындаған, ең қажетті де маңызды еңбегін айрықша атап өту керек: ав­торлар – ақын шығармаларында алдымен қанша сөз барын анық­таған. Одан соң қанша сөз тір­кесі барын айқындаған. Бұдан кейін ол сөздер мен тіркестерді қандай мағыналарда қанша рет қолданылғанын санап шыққан. Ақыр соңында әлгі тілдік бір­ліктер Мұқағали туындыларында қанша рет қайталанатынын да тізіп шыққан. Мұндай ұлан-ғайыр жұмысты тиісті талапқа сай атқарып шығу үшін ақын шығармаларында бар әр сөзді, әрбір фразеологизмді жеке-жеке түгендеп, реттеп, жүйелеп, солардың әрқайсысына жеке-жеке кәртішке жасаған. Наркітаптың шыққанынан шығадысы осындай қисапсыз қиын істерден тұрғанын және ол қиындықтарды авторлардың үлкен жауапкершілікпен жеңіп шыққанын айтқан – ләзім.  

3. ШЫҚҚАН КІТАПТЫ ҰҚҚАН АДАМ ҒАНА БАҒАЛАЙДЫ немесе сөздіктің ерекшелігі неде?

Кітаптың алғашқы беттері­нен-ақ сөздік шығарудың ха­лықаралық талаптарына сай үй­лес­кен академиялық білік пен білімнің әлеуетін аңғарасыз. «Алғы сөз», «Сөз басы», «Сөз ара­сы», «Сөз соңы» деген тақы­рыптардан наркітаптың маз­мұндық болмысына бағыт ала­сыз. Осыларды зейін қоя оқып шықпасаңыз, сөздікте қолда­нылған ғылыми талаптарды, нормативтік қалыптарды, шартты белгілерді де толық түсіне алмай қалуыңыз кәдік. Оқып шыққаннан кейін әліпби бойынша басталған әр сөзді және оның мағынасын әрі ақын шығармаларындағы қолда­нысын тану арқылы бірте- бірте Мұқағали әлеміне ене бас­тай­сыз. Мұқағали сөзі арқылы қа­зақ тілінің нәрінен сусындайсыз, байлығына кенелесіз. Кейбір сөздердің ақын қолданысында қазақыланып, қасаңдықтан арылып, ана тілінде бұрыннан бар сөзге айналып кеткенін де аңғарасыз. Мысалы, ағұс, әс­фәлт, әнсәмбіл, зауыт, кіреміл, кереует, әпелсін, деректір, сән­тім, т.б. Немесе, сіз бұрын мән бермеген, мағынасына үңіл­меген сөздерді де кездестіресіз. Мы­салы, әурей, әтуер, дөңгей, дел­бетап, бізгек, бөдірет, болат­най, бейаруақ, башмақ, зәндемі, зәре, зәкір, жырғалаң, жың, жы­лым, жалман, жалқық, қа­йыл, қаға­нақ, күсін, күзек, кеу­сен, кебір, бетдүздік, мұзойнақ, миқы, ме­кер, мәңгу, маңыт, ла­қа, құлақ­шын, дүбін, ереңде, жаншақ, жыпқы, кеспет, мүре, мүсіре, сірді, т.б. Ақын ойды дәл де анық әрі көркем жеткізу үшін пайда­ланған қазақ тілінде бар, бірақ ұмтыла бастаған мұндай сөздерді әлі де тізе беруге бо­лады. Мы­салы, Мұқағали шы­ғармала­рын­да «жан» деген сөзді сан мәр­те қолданған. Әр қол­дан­ған­да мағына үстеп, түр­лендіріп отырған. Сөздік автор­лары ақын қолданысын­дағы «жан» сөзінің әр тіркесте қандай мағынаға ие болғанын ерінбей-жалықпай анықтаған. Ерінбей санап отыр­сақ, ақын қолда­нысында «жан» сөзімен тіркесіп, мағыналық өзгерістерге ұшы­раған 93 тілдік бірлік бар екен. Дәл осы секілді «қара» сөзін Мұқағали 84 рет түрлендіріп қолданыпты. Сол сексен төрттің де ақын айтқысы келген мағынасын дәл тауып түсіндірме берген авторларға еңбекқорлығы үшін разы бо­ласың. Осындай жанкештіліктің нәтижесінде Мұқағалидың тіл байлығы ол қолданған жеке сөз­дерден ғана емес, сол сөздердің қатысуымен жасалған фразеоло­гиялық тұ­рақты тіркестердің санымен де, сонымен қатар тілдік бірлік­тердің тура және ауыспалы мағынасында қолда­нысымен де өлшенетінін дә­лелдеп, ақын қолданған 13 348 сөз бен 5 035 тұрақты тіркеске осы сөздер мен тұрақты тіркес­тердің 21 453 мағыналық қол­данысын қосып, Мұқағалидың тіл байлығы 39 836 тілдік бірлік болатынын анықтаған. Сөздік соңындағы кесте­лерден ақын қолданған сөз тап­тарының түрлену формаларын; тәуелдік, көптік, жіктік жалғау­лардың қолданысын; сын есім­нің шырайларын, етістіктің бо­лымсыз формаларын, шақта­рын, райларын, шылауларды, есімдіктерді қалай, қанша рет пайдаланғанын; атау сөздер мен тұрақты тіркестердің әріптер бойынша сандық көрсеткішін; жиі және сирек қолданылған сөздердің үлгілерін; танымал кісі аттарының, сондай-ақ ел, жер, су, қала аттарының сандық көрсеткішін; Мұқағали шы­ғармаларының 5 томдық жи­нақтарында қате жазылған сөздердің қай томда, қай бетте екенін және ол сөздің дұрыс жазылуы үлгісін көресіз. Осынша мазмұны бай, ішкі-сыртқы пішіні үйлесімді, мағы­насы да, мәні де зор сөздіктің дүниеге келуі – шын мәнінде қазақ тіл білімінің үлкен жетіс­тігі. Бұл сөздік арқылы Мұқағали сынды қайталанбас тұлғаның тілін, тілі арқылы дүниетанымын түсінеміз, нәтижесінде ұлт тілінің байлығына, бай тілдің құнарына кенелеміз, қазақ деген халықтың ана тілінің шұрайлы да құнарлы бай тіл екеніне көз жеткіземіз. Бұл сөздік – мұқаға­литану ғы­лымының зор табысы. Бұл сөз­дік, сонымен қатар ұр­пақтан-ұр­паққа ұласар, ға­сырдан-ға­сыр­ларға жалғасар ұлт мұрасы.  

Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университе­ті­нің доценті,  филология ғылымдарының кандидаты