5 қала карантинге жабылды
5 қала карантинге жабылды
219
оқылды
Қарағанды облысында Қарағанды, Саран, Шахтинск, Абай және Теміртау қалаларында 30 наурыз сағат 00.00-ден бастап карантин енгізілді. Көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда топтасып, үш адамнан артық жиналуға, кәмелетке толмаған азаматтарға қалада ересектерсіз жүруге тыйым салынды. – Қазіргі уақытта коро­на­вирус ауруының 7 жағдайы тіркелді. Олардың барлығы Қарағандыда анықталды. Бірақ серіктес қала тұрғындарының 25%-ы Қарағандыға жұмысқа және басқа да шаруалармен келетінін ескере отырып, осы қалаларда коронавирустың одан әрі таралуына жол бермеу үшін карантин қабылданды, – деді облыстық Тауарлар мен қызмет­тердің сапасы мен қа­уіпсіздігін бақылау департа­ментінің бас­шысы Қанат Ас­қаров. 30 наурыздан бастап алаңы 2000 шаршы метрден кем емес объектілер мен азық-түлік емес тауарларды сататын нысан­дардың қызметі тоқтатылды. Мемлекеттік және жекемен­шік балабақшалар жабылды. Сұлулық салондары, қоғамдық моншалар мен сауналар, бук­мекер кеңселері және басқа да қызмет көрсету орындары жұмысын тоқтатты. Мейрам­ханалар мен дәмханаларға тек жеткізу қызметі арқылы жұмыс істеуге рұқсат етіледі. – Біріншісі, азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алуға, банк қызметтерін пайдалануға және жұмысқа шығуға болады. Екін­шісі, 65 жастан асқан адамдарға үйден шығуды шектеу ұсы­нылады. Үшіншісі, халықтың жаппай жиналатын орындары саябақтар, гүлзарлар, жаяу жүргіншілер көшелері, ойын алаңдары және т.б. жабылады. Төртінші, бизнес-орталықтар сағат 10.00-ден 15.00-ге дейін жұмыс істеп, олардың жанын­дағы қоғамдық тамақтану пункт­терінің қызметі уақытша тоқтатылады. Бесінші, барлық меншік түріндегі кәсіпорындар мен ұйымдарға жұмыс күнін екі сағатқа қысқарту ұсыныл­ды, – деп хабарлады қала әкімі Нұрлан Әубәкіров. Бюджет қаржысына экс­пресс-тест сатып алынды. Тес­тілеу клиникалық көрсет­кіш­тері болған жағдайда аумақтық емханаларда тегін жүргізіледі. – Бүгінгі таңда 7 жұқтыру оқиғасы анықталды, оның ішін­де 4-і сырттан келгендер және ауырғандардың 3-і – об­лыс тұрғындары. Барлық па­циенттер эпидемияға қарсы қауіпсіздік шараларын сақтай отырып оқшауланған және тиісті емдеу курсынан өтеді. Қа­зіргі уақытта олардың жағ­дайы қанағаттанарлық деп бағаланады. Қажетті дәрі-дәр­мектер толық көлемде бар, – деді Денсаулық сақтау басқар­масының басшысы Ержан Нұрлыбаев. Қарағанды қаласында бір кіреберіс сыртынан бекі­тілді. Ермеков көшесіндегі №106/1-үйдің бір кіреберісіне карантин қойылды. Үйқамақ 14 күнге созылады. – Біз жұқтырғандармен байланыста болған эпиде­мио­логиялық тізбекті тоқтату бо­йынша шаралар жүргізудеміз. Олардың барлығы анықталып, карантинге орналастырылды. Емделушілердің бірі қатаң карантин режимін бұзғаны анықталды, сондықтан біз санитарлық-эпидемио­логия­лық іс-шараларды күшейттік, оның ішінде Қарағандыдағы көпқабатты үйдің кіреберісін карантинге жаптық, – деп түсіндірді Қанат Асқаров. Ешкім карантинді бұзбауы үшін кіреберіс уақытша бұ­ғатталған. Полиция қызмет­кер­лері мен медицина қызмет­кер­лері кезекшілік етеді. – Кіреберістің ішінде қал­дықтарды жинауға арналған пластик контейнер қақпақпен жабылған. Қоқыс күніне екі рет шығарылады. Азық-түлік сағат 10.00 және 17.00-де «Аян» су­пер­маркетінен өтінім бойынша жеткізіледі. Курьермен тікелей байланыс болмайды, тапсы­рыстарды полиция қызмет­керлері береді, – деп түсіндірді қала әкімдігі. Қарағандыда «Көмек-2020» облыстық қоғамдық қоры құ­рылды. Жиналған ақша коро­навирустың таралуына қарсы күреске, сондай-ақ қиын өмір­лік жағдайға тап болған адам­дарға әлеуметтік көмекке жұм­салады. YDD Corporation кә­сіпорнының акционерлері 100 миллион теңгеге жуық ақша бөлді. Сондай-ақ Ydd Corporation, QazCarbon, қара­ғандылық «Сарыарқа» нан зауытының және Балқаш қа­ласының «Бал­қаш» нан зауы­тының еңбек ұжымдары бір­күндік жалақы­ларын аударды. Жалпы сома 18 миллион теңге құрады. Төтенше жағдай режимі кезінде қарт адамдарға көмек көрсететін ba09.kz сайты ашылды. Бірыңғай он­лайн-платформаны қараған­дылық Belsendi Azamat IT мамандары құрды. Сайтта азық-түлік, сусындар, азық-түлік емес та­уарлар мен дәрі-дәрмектерді тегін жеткізуге тап­сырыс беруге болады. Мұн­дағы «курьер болу» функциясы арқылы жұмысқа орналасуға болады. Сондай-ақ сайт мұқ­таждарға қол ұшын созып, көмек көрсеткісі ке­летіндер үшін «Волонтер болу» жаңа функциясын қосты. Еріктілерге жұмыспен қамту орталығы қарт адамның ме­кенжайы мен бай­ланыс теле­фонын береді. Во­лонтерлар қарт адамдарға дүкен мен дә­ріханаға барып, қоқыс шы­ғаруға көмектеседі. – Облыста тұрақтандыру қоры толықтырылады. Ол үшін облыстық бюджеттен қосымша 1 млрд теңге бөлінді. Барлық провизорлық және карантиндік госпитальдар қаладан тыс жерлерде жеке тұрған ғимаратта орналасқан. 540 медицина қызметкері вахталық жұмыс режимімен госпитальға ауыс­тырылды. Қорғаныс маскалары мен дезинфекциялау құралда­рының жергілікті өндірісі жол­ға қойылды. Бірақ қазіргі жағ­дайда медициналық бетпер­демен бірінші кезекте медицина және полиция қызметкерлерін, арнайы қыз­мет мамандарын қамтамасыз етуде. 677 меди­циналық техника сатып алы­нуда. Жа­қында тепловизор­лар­дың жаңа партиясы жеткізілуін күтіп отырмыз, – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек. Бүгінгі күні Қарағанды об­лы­сында карантинде тәулік бо­йы бақылауда 509 адам бар. Бұл 1А санатындағы елдерден оралған немесе шартты түрде жұқтыр­ған адамдармен бай­ла­ныста бол­ған азаматтар. Тағы 421 адам үй карантинінде.  

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы