Иә, осылайша өзге өңірден ағылған да, жергілікті жүргізушілер де өткізу бекетінің жұмысы мен тексерісіне түсіністік танытуда. Десе де, блок-бекетте болған сәтімізде бетперде кимей немесе мамандардың сауалына жауап беруден жалтарған жүргізушілер де болды. Олармен тәртіп сақшылары жіті түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, медицина мамандары бұл жүргізушілердің өздері үшін маңызды екенін ұғындырды.
– Өздеріңіз байқап тұрғандай, мамандардың жұмысы ауыр. Таңғы сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін бір мамандар тұрса, түнде екінші топ кезекшілікке шығады. Жуалы ауданы таулы өлке саналатындықтан мұндағы түнгі суықты айтып жеткізу мүмкін емес. Соған қарамай мамандарымыз көз ілмей, тәулік бойы жұмысын қырағы атқаруда. Тәртіп сақшылары көліктерді тоқтатып берсе, СЭС мамандары тепловизормен тексереді, ал медицина мамандары анкета толтырады. Онда бекеттен өткен жолаушылардың аты-жөні, мекенжайы мен байланыс нөміріне дейін жазылады.
Негізі адамның дене қызуы 38-39 градус болса, бұл қауіпті саналады. Ол кезде бірден 103-ке хабарласып, науқасты да, онымен байланыста болған адамдарды да оқшаулаймыз. Жуалы ауданында шұғыл шақыртуға дайын тұрған жедел жәрдем көлігі бар. Олар инфекция жұқтыруы мүмкін адамды бірден облыс орталығындағы ауруханаға жеткізеді. Құдайға шүкір, әзірге бірде-бір ондай факті тіркелген жоқ, – дейді Жуалы аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Абзал Байтөлеев.
Жалпы, қазіргі таңда облыс шеңберінде дәл осындай 5 блок-бекет жұмыс атқаруда. Олар: Сарысу ауданында «Саудакент–Шолаққорған» тасжолының 30 шақырымындағы «Жайылма», Қордай ауданында «Алматы–Ташкент» тасжолының 158 шақырымындағы «Отар» және Мойынқұм ауданында «Шу – Бірлік – Бурылбайтал» тасжолының 160 шақырымындағы «Бірлік», Жуалы ауданында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының 583 шақырымындағы «Шақпақ ата» бекеті және «Қошқар ата – Түркістан облысы» тасжолының 75 шақырымындағы «Шаян» бекеттері.
– Бақылау нәтижесіне сәйкес, 20-26 наурыз аралығында жол-санитарлық бекеттерден өткен 16 066 автокөлік, оның ішінде 3 778 жүк көлігі, 1 141 жолаушылар және 11 147 жеңіл автокөлік тексерілді. Коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында медициналық қызметкерлер 43 668 адамды тексеруден өткізді. Аталған жол-санитарлық бекеттерінде жұмыс істейтін қызметкерлер ыстық тамақпен, қызметтік көліктермен және жанар-жағармай материалдарымен, инфекцияға қарсы жабдықтармен (обаға қарсы киімдер, медициналық бетперделер, респираторлар) қамтамасыз етілген.
Аса қажет болмаса, азаматтарға көлікке отырмай, қозғалысты шектеуге шақырамыз, – дейді облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Бақыт Ратаев.
Бұдан бөлек, өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырған үш жағдайдың анықталуына байланысты жұқпалы аурудың таралуына жол бермеу мақсатында облыс бойынша жүргізушілерді, жолаушыларды және автокөліктерді тексеруді жүзеге асыратын 16 блок-бекеті құрылып отыр. Осылайша, полиция қызметкерлерінің жұмысы күшейтілген тәртіпке көшкен. Бұл сөз жоқ, бұқараның қауіпсіздігі мен саулығы үшін жасалып отырған қадам.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы