Алматы ауасының ластығы көпшілікті алаңдата бастады. Тіпті, қалалықтар бұл жағдайға «қара қабырға» деп ат қойып та үлгерген. 10 мыңнан астам қоғам белсендісі қол қойып, осы мәселенің шешімін табу жайлы қала әкімдігіне арнайы хат дайындаған. Көптің жанайқайы шенеуніктердің де құлағына жете бастаған сыңайлы.
Министр мәлімдеме жасады
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев өзінің Twitter парақшасында әлеуметтік желілерде Алматының ауасының ластығы жөнінде қызу талқылау жүріп жатқанынан хабардар екенін білдірді. Ол Президенттің тапсырмасымен Алматының ауасын жақсарту шараларының бірі ретінде техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу басталғанына тоқталды. «Оның аясында екі нұсқа қарастырылуда – газға ауысу немесе ЖЭО-2-ге сүзгілер орнату. Техникалық-экономикалық негіздеме биыл сәуір айында аяқталады. Содан кейін жобаның барлық тетігі, құны, техникалық сипаттамалары, зиянды шығымын азайту және өзге де ақпарат көпшілікке жарияланады», – деді ол. Министрдің мәлімдемесінен аса жаңалық көріп отырғанымыз жоқ. Айтылып жүрген жайт. Әңгіме осы мәселенің қаншалықты шешім табатынында.
Академиктің айтары бар
«Мәселені көтереміз, айтамыз, талқылаймыз, шешу жолдарын табамыз, бірақ шешпейміз. Оның бірнеше себебі бар. Алматыда лас ауаның басым бөлігі автокөліктерден, 27 пайызы ЖЭО-2-нің салдарынан. ЖЭО-2 күніне 3 мың тонна көмір пайдаланады. Осыншама көмірдің түтіні қайда кетеді? ЖЭО-2-ні газға ауыстыру туралы айтылғалы көп болды. Инвестор боламыз деп қызығушылық танытып отырғандар бар. Қала әкімшілігіне алып барып, таныстырдым. Соның өзінде мәселе шешілген жоқ. «Жоба бар, ақша жоқ» дейді. Меніңше, қала бойынша Алматының экологиясы туралы ауқымды конференция өткізу керек. Ғалымдар шешу жолдарын айтады. Мыңдаған пікір айтылады. Сол мыңдаған пікірдің ең болмағанда 10 пайызын пайдалансақ, оның өзі қала экологиясын 30 пайызға жақсартар еді», – дейді академик Нәдір Нәдіров.
Ғалым Алматы ауасын жақсартудың түрлі жолдары бар екенін айтады. Күннің, желдің энергиясын пайдалану керегін алға тартады. «Алматы арқылы таудан келетін 22 өзен өтеді. Сол өзендердің энергиясын пайдалану керек. Машиналарды сығымдалған газға ауыстыру да бір тәсілі. Әкімшіліктен ұсыныс болса, ғалымдар қол ұшын беруге дайын. Инженерлік академияның да осы мәселені шешуге жаңа технологиялары бар. Бірақ өкініштісі ғалымдардың еңбегін ешкім пайдаланып жатқан жоқ», – дейді академик.
Қалада 517 мыңнан астам көлік тіркелгенін әкімшілік ресми хабарлаған. Одан бөлек, күн сайын қалаға 250 мыңға жуық көлік кіреді. Әрине, халықтың әл-ауқатының жақсарып, көлік мінгені жақсы. Дегенмен соның көбі ескі көліктер және жанармайдың да сапасы төмені тұтынылады. Бұл өз кезегінде қала атмосферасына шығарылатын зиянды заттардың деңгейін арттыратыны рас.
«Аллергиялық аурулар астанасы»
Сарапшылар Алматыны «аллергиялық аурулар астанасы» дейді. Мамандар бұл жағдайдың басты себебі қаулап өсетін арамшөптердің салдары деп біледі. Демек, Алматы ауасы көпшілік айтып жүрген тек түтін қаптаған қыста емес, жаз айларында да алаңдайтындай ахуалда. Республикалық аллергия орталығының жетекшісі Таир Нұрпейісов «Алматы тек Қазақстанның ғана емес, Орталық Азияның да аллергия астанасы. Оған себеп толып жатыр. Біздің өткір континентальді климатымыз бар, жаз өте ұзаққа созылады. Осы уақытта арамшөптер бірнеше рет тозаң шығарады. Жыл бойы өсіп тұратын өсімдіктер аз», – дейді. Таир Нұрпейісов Еуропада арамшөптерге экологиялық айыппұл салатынын айтады. Жеке үйде тұратындар мен кәсіпкерлерді бос жерлерге көгал шөп отырғызуға немесе асфальттауға міндеттейді. Біздің елде де осы мәселе айтылған. Қазіргі таңда тек талқылану үстінде. Әрине, жер көлемі жағынан әлемдегі тоғызыншы мемлекет саналатын елімізде барлық арамшөптерді бақылауға алу қиындау. Бірақ елді мекендерді көгалдандыруға ерекше көңіл бөлген жөн. Алматыда аллергиялық аурулардың асқынуына лас ауадан басқа да бірнеше себеп бар. Санитарлық дәрігерлердің айтуынша, тамақ, сапасыз құрылыс материалдары, тұрмыстық химия тауарлары және балалар ойыншығы. Өткен жылдың сегіз айында Алматыда аллергиялық аурулармен тіркелгендер саны – 21 958. Бұл 2018 жылы 40 198 болған. Тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің жетекшісі Айзат Молдақасымованың айтуынша, сандарды саралай келгенде науқастар қатары арта түсетіні байқалады. Аллергиялық аурулардың жиі кездесетіні – тері аурулары – 9 987, тыныс алу жүйесінің бұзылуы – 4 850, аллергиялық крапивница – 2 075. Дегенмен қала экологиясының нашарлауы тек аллергияның ғана себепшісі болмайтынын, өзге де дерттерді асқындыратынын атап өткен жөн.
Қазіргі таңда Алматыда ауаны 16 бекет бақылауда ұстап отыр. 28 қаңтар мен 3 ақпан аралығында жасалған сынама ауада зиянды заттар әдеттегідей нормадан жоғары екенін көрсетті. Тиісті шаралар қолға алынбаса сынаманың алдағы уақытта да солай болары анық.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ