Сынайтын емес қолдайтын уақыт
Сынайтын емес қолдайтын уақыт
206
оқылды
Елордада карантинде жатуы тиіс азаматтарға 8 жатақхана дайындалды. Олардың вирус жұқтырмағаны анықталғаннан кейін ғана азаматтар үй карантиніне жіберіледі. Дәл қазір осындай қатаң шараларды қабылдамасақ, нәтижеге қол жеткізе алмаймыз. Бұл жөнінде Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов  мәлімдеді. Әкімнің айтуынша, қаладағы дезинфекцияға 500-ге тарта адам тартылған, олардың жартысы Қарулы Күштің әскерлері. «Қалғаны біздің мамандар және дезинфекциямен айна­лысатын арнайы компанияның өкілдері. Ең бірінші кезекте біз инфекция ошағын өңдейміз. Мәселен, қазіргі таңда шаһарда 10 ұйым карантинге жабылған. Оның ішінде, №1 автобус паркі барын білесіздер. Сонымен қа­тар карантинге жабылған ны­сандардың ішінде жатақханалар, екі медициналық ұйым бар. Біз ең бірінші кезекте коронавирус анықталған адамның үйіндегі подъезді тазаладық», – деді ол. Қала басшысы, сонымен қа­тар дезинфекциялау жұмысы аялдамаларда, жаяу жүргіншілер жолында жүргізіліп жатқанын, сонымен бірге тұрғын үйдің кі­реберісіне де аса маңыз беріп отырғанын айтты. Дезинфекция жасаушы арқасындағы 10 келілік жүкпен күні бойы жұмыс істейді. Мысалы, кешеге дейін астана­дағы 1 900 кіреберіске дезин­фекция жасалды. Бұл, шамамен 500-ге тарта үй екен. Дезинфек­цияға қолданылатын препарат адам өміріне қауіпті ме? «Бұл препараттар адам өмі­ріне қауіпті болса, пайдаланбас едік. Бірақ бұл – антивирус. Сол себепті ол шашылып жатқан кезде аулақ болуымыз керек. Қауіпсіз дегенімізбен құрамында хлор бар. Бұл мәселеге де барлық қауіпсіздік нормасын сақтай отырып қарау керек. Сол себепті подъездерді өңдеу кезінде қала тұрғындарына үйден шықпауды сұраймыз», – деді әкім. Алтай Көлгінов қаладағы «Ютари» компаниясының бет­перде тіге бастағанын жеткізді. Сондай-ақ бүгінгі таңда бетперде кімдерге тегін таратылатынын айтты. «Біз бірінші кезекте Ден­саулық сақтау министрлігімен және «СК-Фармациямен» бірге бетпердені медициналық қыз­меткерлерге, блок-бекетте еңбек ететіндерге, қаланы торуыл­дайтын патруль қызметкерлеріне, жедел жәрдем қызметкерлеріне және әртүрлі аурумен есепте тұрған азаматтарға тегін береміз. Осы адамдарға қазірдің өзінде 300 мың медициналық бетперде тегін таратылды», – деді ол. Елордаға тағы 1 млн бетперде жеткізілгенін айтқан әкім әлі де бетперде жетіспеушілігі барын мойындады. «Әрине, жетіспеу­шілік сезіледі. Себебі адамдар әу баста бетпердені жаппай сатып алып кеткен. Қазір бір адамға 5 данадан ғана таратамыз. Шағын дәріханаларда бетперде бар деп айта алмаймын. «Еврофарм», «Гиппократ», «Биосфера» секілді дәріханалармен жұмыс істеп жатырмыз», – деді әкім. Айта кетейік, келесі аптада елордаға тағы да бетперде мен антисептик жеткізіледі. Соңғы күндері азық-түлік ба­ғасының өскені халықты алаң­датып отыр. Қымбатшы­лықтың алдын алу үшін қала бюджетінен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік алу үшін 1 мил­лиард 300 миллион теңге бө­лініпті. 6 мың тонна ұн, картоп, жуа, сәбіз және жармалар сатып алынған. Елорда әкімдігі мен уәкілетті министрлік азық-түлік бағасының шекті бағасын бел­гілепті, егер кімде-кім сол баға­дан асырып сатса, жауапқа тар­тылады. «Қазір жаңа астық жинағанға дейін маусымаралық кезең өтіп жатыр. Шекті бағалар белгіледі. Министрлік пен әкімдік белгі­леген бағаларды кім көтерсе, мейлі ол кез келген базар, дүкен болсын, біз жауапқа тарта­мыз», – деді А.Көлгінов. Ол тікелей эфир кезінде дәл қазіргі қиын кезеңде бір-бірімізді сынап, не бересің демей, мен қалай көмектесе аламын деуіміз керек екенін тілге тиек етті. «Мұндай жаппай карантин елде бұрын болмаған. Соны дұрыс сезіну керек. Егер бір-бірімізді қолдап, тәртіп сақтасақ, каран­тинді ерте бітіреміз. Ертерек жұмысқа тұруымыз керек. Үлкен жастағы адамдарымызды кү­туіміз керек. Қазір бір-бірімізді сынайтын уақыт емес, қолдай­тын уақыт. Жұмыла көтерген жүк жеңіл», – деді ол.  

Айдана БЕГІМ