Аталарымыз «қайырымдылық жасаудың сауабы мол» деген. Түркі әлемі рухани орталығы санайтын Түркістан облысында төтенше жағдай кезінде қайырымды іс жасауға асығатындардың қатары күн санап артып келеді. Айталық, өңірдегі ұстаздар 91 878 медициналық бетперде тікті.
Бетперделер өңіріміздегі ауыл, қала тұрғындарына, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға, дәріханаларға және мектеп қызметкерлері мен оқушыларға тегін таратылды.
Қайырымды жандардың ісін тарқатып айтар болсақ, күні кеше Кентау қаласында 20 мыңға жуық, ал Ордабасы ауданында 60 мыңнан астам бетпердені жергілікті тұрғындар, кітапханашылар мен еріктілер тігіп, тегін таратқан еді. Сондай-ақ ордабасылықтар жаңадан қолға алынған қорда 31 мыңнан астам бетперде бар екенін де жариялаған еді. Мұнан өзге, Ордабасы ауданы бойынша әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған 105 отбасыға бір айға жететін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры таратылды.
Жалпы, облыс көлемінде 1 980 оқытушы игі іске өз еркімен қатысқан. Соның бірі – Кентау қаласындағы Б.Момышұлы атындағы жалпы орта мектептің информатика пәнінің мұғалімі Айгүл Арыстанбекова. Ол қоғамға қауіпті індеттің таралуы кезінде дәріханаларда бетперделердің жетіспеушілігі алаңдатқанын және сол үшін бетперде тігу ісіне белсене атсалысқанын айтты.
«Осындай қиын шақта біз бірігуіміз керек. Өзімізді ғана ойламай, жақындарымызды, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға да қамқорлық танытқанымыз дұрыс. Осы ретте бетперденің жетіспеушілігін білген соң, ұжыммен ақылдасып, бетперде тігуді қолға алдық. Ел басына күн туған кезде қол қусырып отырмай, тығырықтан шығудың жолын ойластырып, оны іске асыру әрбір жанның азаматтық борышы деп білеміз», – деді Айгүл Арыстанбекова.
Еріктілер қазіргі жағдайды басқа түскен қиындықты ел болып еңсеретін, жұдырықтай жұмыла әрекет етуді қажет ететін уақытша дүрбелең екенін айтып, жұртты игі іс жасауға шақырды. Өйткені қауіпті індеттің өршуіне байланысты медициналық бетперделерге деген сұраныстың артқаны белгілі.
Аталған білім ордасының қызметкерлері 22-30 наурыз аралығында өз еріктерімен кезекшілікке түсіп, бір күнде шамамен 2-2,5 мың дана бетперде дайындаған. Мұндай ерікті ұстаздардың игі бастамасын естіген қала тұрғындары да өз үйлерінде бетперде тігіп, мыңға тарта бетпердені ортақ қорға қосқан.
Тельман БЕЙСЕН,
Түркістан облысы