Қашықтан оқыту төрт бағытта жүргізілмек
Министрдің айтуынша, қашықтан оқу ауыл мектептеріне және шалғайдағы шағын жинақты мектептерде оқитын балаларға қиын болады. Сондықтан ең басты назарды осы мәселеге аударып, тиісті жұмыс жүргізілген. Нәтижесінде, қашықтан оқытудың 4 бағыты айқындалды. Бірінші бағыт – теледидар арқылы тиісті сабақтарды беру. Бұл бастамаға республикалық 2 телеарна келісімін берген, олар – «Балапан» мен «Ел арна» телеарналары. Аталған телеарналар арқылы сабақ тиісті кесте бойынша күніне 8 сағатты қамтиды. Төртінші тоқсанды қамту үшін 3 360 сабақ түсіру керек болса, қазіргі уақытта осы сабақтардың 300-ден астамы дайын болыпты. «Әрине, бұл өте күрделі мәселе. Осындай үлкен індет болып жатқанда ұстаздарымыз телеарнаға келіп, тиісті түсірілімге қатысып жатыр. Ұстаздарымыз мұндай түсірілімге дайын болмаған. Тележүргізуші ретінде өзін жаңа рөлде сынап жатыр. Сабағы 10-15 минутқа түсінікті әрі бала жалықпайтындай дұрыс форматта беру де үлкен емтихан. Түсірілімге қатысып жатқан ұстаздарға алғыс айтқым келеді», – дейді министр. Министр айтқан екінші бағыт – радио. Оның айтуынша, елімізде теледидар сигналы жетпейтін елді мекендер бар екен, міне сол ауылдарда Қазақ радиосы бар. Қазақ радиосынан да сабақ тиісті кестеге сәйкес жүргізіледі. Үшінші бағыт – пошта арқылы. Еліміздегі 1 200 елді мекенде небәрі 3-5 оқушы ғана бар екен. Оларды мұның алдында күнделікті көлікпен мектепке алып келіп, алып кететін. Бұл балалар да білім алуы керек. Сондықтан да бұл ретте пошта арқылы да жұмыс жүргізілмек. Ал төртінші бағыт бойынша, сабақ интернет жүйесі арқылы жүргізіледі. «Жалпы, қысқа уақыттың ішінде бірнеше интернет платформасын, цифрлы ресрустарды дайындап болдық. Ең бастысы, ұстаздарымыздың осы цирфлы платформаларды пайдалана білу мәселесіне де ерекше көңіл бөліп отырмыз. Сондықтан әр мектепте, колледжде, ЖОО-да, білім бөлімдері мен басқармаларында осы жұмыс жүргізіліп жатыр», – деді Асхат Аймағамбетов.Шалғай ауылдың балалары мектепте оқиды
Ал еліміздің шалғай елді мекендеріндегі оқушылардың 4-тоқсанды мектепте оқуға мүмкіндігі бар. Мұндай ауылдардағы үлкен мектептерде бала саны өте аз, көп дегенде 50 бала ғана білім алады. «Осы мектептер бойынша қазіргі уақытта тиісті шешім қабылдадық. Әрине, эпидемиологиялық жағдайға байланысты әлі де шешімді қарап, керек болса, түзетеміз. Бірақ республика бойынша осындай мектептердің тізімін анықтадық және бұл мектептерде қазіргі уақытта тиісті карантиндік шаралар қабылданатын болса, онда сол мектептер өздерінің дәстүрлі форматында жұмысын жалғастыруына мүмкіндіктері бар», – дейді министр. Тек сабақ өткізу уақыты 30 минутқа қысқартылады. Айтқандай, Білім және ғылым министрі компьютер, интернет пайдалану мүмкіндігі төмен елді мекендердегі оқушыларға мессенджерлер арқылы сабақ оқуға рұқсат берілгенін айтты. Бұл нұсқаулықта да жазылыпты. «Қазір, әсіресе Whatsapp немесе басқа да мессенджерлер ұстайтын шалғайдағы елді мекендерде осы жүйе бойынша жұмыс атқаруға тура келеді», – деді ол. Бірақ бұл кезде қашықтан оқыту жүйесі төрт емес, бес бағыт болып шықпай ма?Ең өзекті мәселе – компьютер жетіспейді
Қашықтан оқуға дайындық барысында сапалы интернетпен қамту мәселесі алдан шыққан болатын. Бірден айтайық, бұл Білім және ғылым министрлігінің құзырындағы мәселе емес. Осындай қысылтаяң сәтте ауыл-аймақты жоғары сапалы интернетпен қамтамасыз етуге жауапты құрылымдар жұмысының сапасы да білініп жатыр. Салдары білім беру саласына тиіп отыр. Асхат Аймағамбетов сапалы интернет мәселесі ауыл тұрмақ қаланың өзінде өзекті екенін айтып қалды. «Ауылдағы мектептің көбінде интернет жоқ десек, ол тек ауылдағы мектептерге қатысты мәселе емес. Біздің кейбір үлкен немесе шағын қалалардың өзінде техникалық мүмкіндік болғанымен, біраз оқушымыздың үйлерінде мүлдем компьютер жоқ. Техникалық мүмкіндігі бар балаларды интернетке қосу мәселесі де бар. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар бұл бағытта жұмысты бастап кетті. Техникалық мүмкіндігі бар, бірақ интернетке қосылмаған балаларды интернетке қосумен қарқынды айналысып жатыр», – дейді министр. Министрлік дерегінше, бүгінгі таңда интернеті, техникалық мүмкіндігі бар 300 мыңнан астам баланың компьютері жоқ. БҒМ бұл мәселені шешудің екі жолын қарастырып отыр. Біріншісі – мектептер балансындағы компьютерлерді балаларға уақытша беру. Бұл жұмыс Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында белсенді жүріп жатыр. Мысалы, Алматы қаласы 10 мыңнан астам компьютерді таратып үлгерген. Мектеп компьютерлері уақытша пайдалану актісімен беріліп жатыр. Компьютер мектеп оқушылары түгілі, мектептердің өзінде де жетіспейді. Сондықтан министрлік компьютерлер сатып алуға кіріскен. «Біздің ойымызша, 80 мыңға жуық компьютер сатып алынады. Оның ішінде компьютер мен планшеттер бар. Тиісті талдау жасап көрдік. Жалпы, еліміз бойынша осынша компьютер саны жеткілікті деп айта алмаймыз. Сондықтан бірнеше жерден іздеп, компьютер бар жерден компьютер алып, жоқ болса планшеттер алып, мәселені шешудің түрлі жолын қарастырып жатырмыз», – деді ол. Ең бастысы, оқушылар мен студенттер интернет ресурстарын тегін пайдалана алады. Асхат Аймағамбетов интернет провайдер бойынша келіссөздер жүргізілгенін, аталған келіссөздер шеңберінде білім беру ресурстарын арнайы тізім бойынша ақысыз пайдалануға болатынын жеткізді. Ол тізімді Білім және ғылым министрлігі белгілеп берген.Қашықтан оқу жалақыға әсер етпейді
Министр брифинг барысында қашықтан оқыту форматы мұғалімдер жалақысына әсер етпеуі керек екенін, нақтылай кетсек, жалақы азаймауы тиіс екенін қадап айтты. Өйткені мұғалімдер қашықтан оқуға дейінгі жұмыс көлемін атқарады. Сондықтан мұғалімдердің жалақысын өзгертпеу туралы тапсырма берілген. Бұл тапсырма арнайы бұйрықта бекітілген. Соңғы күндері әлеуметтік желіде Нұрислам есімді баланың мектепке барғысы келетіні, анасы сабақты «дұрыс түсіндірмейтіні» туралы бейнежазба тараған еді. Министр Нұрисламның өтінішіне қатысты жауап берді. Ол педагог ретінде бұл видеоны жүрегіне жақын қабылдағанын айтты. «Нұрисламға анасының оны жақсы көретінін, тек қана жақсылық тілейтінін және сол үшін жақсы оқығанын қалайтынын айтқым келеді. Анаға ренжудің қажеті жоқ. Оның тілін алып, ренжітпеуге тырыс. Нұрислам секілді мыңдаған баланың ұстазы мен сыныптастарын сағынып жүргенін білемін. Мұның барлығы елімізде сағынуға тұрарлық тамаша педагогтардың бар екенін көрсетеді. Біз оларды қадірлеп, бағалауымыз қажет» деген министр балаларға қолды сабынмен жиі жуып, жақсы тамақтанып, жаңа оқу кезеңіне әзірленуге кеңес берді.Халима БҰҚАРҚЫЗЫ