ЖЕГІСІ КЕЛЕ БЕРЕР ЖЕГЕН ӘКІМ…
Әдетте, біздің елде жаңа әкімге тілек-бата «Әкім бол – халқыңа жақын бол» деп басталады. Бірақ әкімнің бәрі бірдей ол үдеден шыға бермейді, кейбірінің ақшаға жақындығы ашық білініп, абыройсыз қалып жататыны көп. Қазақстанда пара алу дерегі бойынша ұсталған әртүрлі деңгейдегі әкімдерді түгендесек, есебіне биыл жетпесіміз анық. Тек облыстар мен ірі қалаларды билеп тұрып тұтылғандарының санына екі қолдың саусағы жететіндей болды. Сондықтан лауазымды тұлғалардың «жеген» ақшасын санап, тағылған айыбын түгендемей-ақ, тек есім-сойларын еске түсіріп көрейікші. Тәуелсіздігіміздің 29 жылдық кезеңін шолып өтсек, өңірлерді әкімі жемқор атанған немесе «қақпанға түспей» тыныш кеткен облыстар деп бөліп қарайтындай жағдайға жетіп қалыппыз. Мысалы, Павлодар облысында екі бірдей тұлға Ғалымжан Жақиянов пен Ерлан Арын жемқорлық айыбы бойынша істі болып, қызметінен кетуі республика бойынша шулы оқиға ретінде қабылданды. Ал Шығыс Қазақстан облысына келсек, алғашқы аты шыққан әкім – Әділғазы Бергенов болды. Дегенмен оның есімі ел аузында жемқорлық бойынша емес, «әкімдер төбелесі» оқиғасымен қалды. Ә.Бергенов 2009 жылдың қысында Өскеменде облыс әкімінің орынбасарлары мен түрлі басқарма басшылары туған күн кешінен кейінгі жаппай төбелескен соң қызметінен кетті. Бір қызығы, әкімдік орынтағынан басқа қызметке ауысқаннан кейін «бұрынғы ісі» қайта қаралып, барлық қылмысы әшкере болғандар да бар. Мәселен, Алматыны 7 жыл (1997-2004) басқарғаннан кейін Шығыс Қазақстан облысына билік жүргізген (2004-2007) Виктор Храпунов 1 жылдай Төтенше жағдай министрі қызметін атқарды. Ал кейіннен оның Алматы мен ШҚО әкімі кезінде істеген былығы жарияланып, шетелге тайып тұрды. Қылмысы ашылғанымен құзырлы орындардың құрығына ілінбей кеткен әкімнің бірі – Бергей Рысқалиев. Иә, Бергей туралы айтқанда алған ақшасын қоса жазған жөн секілді. Өйткені еліміздегі ең бай, мұнайлы өңір – Атырау облысын басқарған әкімге жиыны 71 млрд теңге қаражатты қолды қылды деген айып тағылған болатын. Ресми дерек бойынша, қазір шетелде жүрген Рысқалиев бұл ақшаның үштен бірін ғана қазынаға қайтарған. 2014 жылдың күзінде кеншілер қаласы Қарағандыға және сол өңірге қатысты атышулы «Ахметов ісі» жарияға шықты. Қылмыстық іс Қарағанды облысы мен қаласының бұрынғы әкімдері Бауыржан Әбдішев пен Серік Ахметовтің де «бұрынғы қылмыстары» бойынша қозғалды. Бұлай деуімізге себеп – Серік Ахметов Қарағанды облысының әкімі (2009-2012) қызметінен кеткеннен кейін бірнеше билік тармағының құлағын ұстаған. Мысалы, 2012-2014 жылдар аралығында ол Премьер-Министрдің бірінші орынбасары, Премьер-Министр, Қорғаныс министрі қызметтерін атқарды. «Ахметов ісі» бойынша әңгіменің ауаны қоғамда түрліше өзгеріп, ақыр аяғында С.Ахметов те, Б.Әбдішев те 2 жыл мерзімге жазасын өтеп шыққаны белгілі. «Алтын көрсе періште жолдан таяды» дейді қазақ. Әкімдік қызмет – ақшалы жер. Естеріңізде болса, ана бір жылы депутат Мұхтар Тінікеев «облыс әкімдері қызметке миллион теңгемен келіп, 2 жылдан кейін қызметінен миллион доллармен кетеді. Бюджеттен айлық алады, бірақ апасының немесе енесінің атына тіркелген үш қабатты сарайда тұрады» деп ашық сынаған болатын. Соңғы жылдары жемқорлық қылмыс рейтингінде түрлі деңгейдегі әкімдердің қатысуымен орын алатын оқиғалар көбейіп келеді.ЖЕМҚОР РЕТІНДЕ РЕЙТИНГІМІЗ ЖАҚСАРМАЙ ТҰР
Жемқорлыққа қарсы Transparency International халықаралық ұйымының рейтингінде Қазақстан үнемі елеулі орынды иеленіп келе жатқанына көзіміз үйреніп, етіміз өліп кеткелі қашан?! Аталған ұйымның 2019 жылғы мәліметі бойынша, біздің ел 180 мемлекеттің ішінде 113-орынға тұрақтады. Қатарымызда Филиппин, Замбия, Непал, Сальвадор және Свазиленд секілді елдер бар. Абырой болғанда «беделіміз» сәл өсіпті. 2018 жылы 124-орында едік. Өкінішке қарай, бұл санатта кезінде бір одақ құрамында болған республикалардан көш кейін қалып отырмыз. Қараңыз, Эстония 180 мемлекеттің ішінде жемқорлыққа қарсы күрес көрсеткішінде 18-орында тұрса, Литва – 41, Грузия – 44, Беларусь – 66, Армения – 77-орында. Жалпы алғанда, 2018 жылы елімізде 1 724 жемқорлық ісі тіркеліпті. Былтыр қараша айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда парамен ұсталған қызметкердің басшысын да жауапқа тартатын заңға қол қойды. Заңға сәйкес, ендігі жерде министрлер мен орынбасарлары және ірі қалалар мен облыс басшыларының қарамағындағы қызметкер парамен ұсталса, отставкаға кетуге арыз жазуы тиіс. Яғни, «Мемлекеттік қызмет» туралы заң бойынша шенеунік қызметтен кету жөнінде өтінішін өзін тағайындаған лауазымды тұлғаға береді. Тәуелсіздік атты ұлы көштің бойында жол-жөнекей шығарған бір сөзіміз бар: «Жемқорлық індет – жою міндет». Дәл қазір күллі дүние жұрты секілді қазақ та әлемдік пандемия коронавируспен күресіп жатыр. Жан керек болса, тәртіпке бағынып вирустан құтылармыз, ал жемқорлық індетін түбегейлі жеңіп шыға аламыз ба?Бауыржан БАЗАР