Елдегі шара
2019 жылдан бастап қоқыс полигонына пластмасса, қағаз бен әйнекті алдын ала сұрыптаусыз көмуге тыйым салды. Энергетика министрлігі қоқысты өңдеу деңгейін арттырып, тұрғындарға қоқысты сұрыптап жинауды үйрете бастады. Сонымен бірге 2030 жылға дейін қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 40 пайызға жеткізуді көздейтінін айтты. Дегенмен ауылдардағы мәселе әлі толық шешімін таппай тұр. 2018 жылы елордада Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай экологиялық асар ұйымдастырылды. Қала тұрғындары пластик, шыны бөтелке, макулатура, сынапты шамдар мен батарея, істен шыққан тұрмыстық техникалар мен электронды құрылғылар сияқты қалдықтарды жоюға тапсырды. Жобаны қолдауға жүздеген астаналық қатысып, тұрмыс қалдықтарын түр-түріне бөліп тапсырды. Шара аясында 1 044 келі қалдық қабылданған болатын. Сол уақытта «Макулатура – қағаз және картон өндірудегі ең негізгі шикізаттың бірі. Макулатураны жинау және қайта өңдеудің халық шаруашылық маңызы өте зор, яғни оны қайта пайдалану орманды сақтауға мүмкіндік береді және дайын өнімнің бағасын төмендетеді» деген болатын ұйымдастырушылар. Иә, бізде үлкен қалаларда қоқыс мәселесі шешіліп жатқанымен, ауылдық жердегі тазалық сын көтермейді.Басқадан үлгі алсақ-шы
Біз экологияға кері әсерімізді әлі түсінетін емеспіз. Шетелдегідей қалдықты қайта өндеу жағы қолға алынбай жатыр. Мысалы, Швецияда тұрмыстық қоқыстан электр қуатын өндіреді. Сингапур қоқыстың 90 пайызын қайта өңдейді. Бұл көрсеткіш Германия мен Жапонияда – 30 пайызды, АҚШ-та – 27 пайызды, Швейцарияда 25 пайызды құрайды. Францияда алюминий, әйнек пен қағаз өнімдері түгелге жуық қоқыстан жасалады. Австрия 265 мың тонна жылу энергиясын, ал Бельгия 75 пайыз тыңайтқыш, шикізат, энергия алып отыр. Қытайда қоқыс сұрыптау, қайта өңдеу үлкен бизнес саласына айналған. Қоқыс жинаушыларға төлемақы күнбе-күн төленгендіктен, қолма-қол ақшаға мұқтаж жұмысшылар бұл іске үйір. Бір Шанхайдың өзінде мыңдаған қоқыс қабылдау орындарында 2,5 миллионнан астам жұмысшы еңбек етеді. Елімізде осындай шараларды қолға алу жұмыстары жүргізіліп жатыр, бірақ мардымсыз, ауыл тұрғындары темір-терсекті теріп, Қытайға өткізумен ғана жүр. Қазір ауылдық жерде темір, алюминийді таппайсыз. Ал бірақ қоқысқа тұнып тұр. Жазда кей елді мекендерде сасық иіс алып кетеді. Өйткені бізде тазалық мәдениеті қалыптаспай тұр.Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ