Қар еріп, қоқыс шықты

Қар еріп, қоқыс шықты

Қыс өтті, көктем келіп, көк шықты. Көңіл қуанғанымен, бұл аралықта көптеген елді мекенде қоқыс шашылып, қолқаны қапқан иіс тарайтын уақыт. Қысқы көң мен қо­қысты арнайы жерге емес, онды-солды лақтыра салушы бірдің кесірі мыңға тиеді. Біз неге өз денсаулығымызға, тазалық­қа салғырт қараймыз? СOVID-19 індеті тарап жатқан қазіргі сәтте төңіректі таза ұста­маудың да зардабы тиюі бек мүмкін. Қазақстанда 2018 жылдан бері заңсыз қоқыс полигондары «Қа­зақстан Ғарыш сапары» ҰҚ» АК геопорталы арқылы бақыланады. Спутник суреттері арқылы 2019 жылы заңсыз қоқыс жиналған 9 628 нысан анықталды. Осы ар­қы­лы Талдықорған қаласы маңы­нан анықталған радиусы 50 шақы­рым аумақты алып жатқан 58 по­лигонның 44-і, ал Алматы қала­сының айналасындағы 60 поли­гонның 42-сіндегі жағдай дұрыс болмай шыққан. Алматы облы­сында геопортал жүйесі іске қо­сыл­ғалы 857 рұқсат етілмеген заң­сыз қоқыс үйіндісі табылды. «По­лигон құжаттары заңды болға­нымен, төгілген қоқыс полигон шекарасының сыртына жайылып кеткен. Бұл өңірдің экологиялық ахуалын нашарлатып отыр», – дейді Алматы облысы Экология департаменті мамандары. Ал Пав­лодар облысына қарасты Ақсу қаласының ауылдық аймағында 167 заңсыз қоқыс орны көзге түскен. Алғабас ауылдық округінде геопортал мәліметіне сәйкес, 33 заңсыз қоқыс орны бары анық­талған. Алғабас ауылдық округінің әкімі Мерхат Уалитов: «Қоқыс полигонын жою үшін биыл 500 мың теңге, кейін Пав­лодар облыс­тық мәслихатының экология және қоршаған ортаны қорғау комис­сиясының қолдауы арқылы бюд­жетті соңғы нақтылау кезінде қо­сымша 5 млн қаржы бөлінді», – дейді. Сонымен қатар ауыл әкімі бөлінген жерге қоршау қойыла­тынын атап өтті. Ендігі мәселе ауылдық жердегі қоқыс орында­рына арнайы жер бөлініп, одан пайда табу жағын қарастырған дұрыс, әйтпесе еліміз қоқыс ала­ңына айналып бара жатқаны рас.  

Елдегі шара

2019 жылдан бастап қоқыс по­лигонына пластмасса, қағаз бен әйнекті алдын ала сұрыптаусыз көмуге тыйым салды. Энергетика министрлігі қоқысты өңдеу деңге­йін арттырып, тұрғындарға қо­қысты сұрыптап жинауды үйрете бастады. Сонымен бірге 2030 жыл­ға дейін қатты тұрмыстық қал­дық­тарды қайта өңдеу үлесін 40 па­йызға жеткізуді көздейтінін айтты. Дегенмен ауыл­дардағы мәселе әлі толық шешімін таппай тұр. 2018 жылы елордада Дүние­жүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай экологиялық асар ұйымдастырылды. Қала тұрғын­дары пластик, шыны бөтелке, макулатура, сынапты шамдар мен батарея, істен шыққан тұрмыстық техникалар мен электронды құ­рылғылар сияқты қалдықтарды жоюға тапсырды. Жобаны қол­дауға жүздеген астаналық қатысып, тұрмыс қалдықтарын түр-түріне бөліп тапсырды. Шара аясында 1 044 келі қалдық қабылданған болатын. Сол уақытта «Макулату­ра – қағаз және картон өндірудегі ең негізгі шикізаттың бірі. Маку­латураны жинау және қайта өң­деудің халық шаруашылық ма­ңызы өте зор, яғни оны қайта пайдалану орманды сақтауға мүмкіндік береді және дайын өнімнің бағасын төмендетеді» деген болатын ұйымдастырушылар. Иә, бізде үлкен қалаларда қо­қыс мәселесі шешіліп жатқанымен, ауылдық жердегі тазалық сын көтермейді.  

Басқадан үлгі алсақ-шы

Біз экологияға кері әсерімізді әлі түсінетін емеспіз. Шетелдегідей қалдықты қайта өндеу жағы қолға алынбай жатыр. Мысалы, Шве­ция­да тұрмыстық қоқыстан электр қуатын өндіреді. Сингапур қоқыс­тың 90 пайызын қайта өңдейді. Бұл көрсеткіш Германия мен Жа­понияда – 30 пайызды, АҚШ-та – 27 пайызды, Швейцарияда 25 пайызды құрайды. Францияда алюминий, әйнек пен қағаз өнім­дері түгелге жуық қоқыстан жаса­лады. Австрия 265 мың тонна жылу энергиясын, ал Бельгия 75 пайыз тыңайтқыш, шикізат, энергия алып отыр. Қы­тайда қоқыс сұрып­тау, қайта өңдеу үлкен бизнес са­ласына айналған. Қоқыс жинау­шыларға төлемақы күнбе-күн төленген­дік­тен, қолма-қол ақшаға мұқтаж жұ­мысшылар бұл іске үйір. Бір Шан­хайдың өзінде мыңдаған қо­қыс қабылдау орындарында 2,5 мил­лионнан астам жұмысшы еңбек етеді. Елімізде осындай шараларды қол­ға алу жұмыстары жүргізіліп жа­тыр, бірақ мардымсыз, ауыл тұр­ғын­дары темір-терсекті теріп, Қы­тай­ға өткізумен ғана жүр. Қазір ауыл­дық жерде темір, алюминийді таппай­сыз. Ал бірақ қоқысқа тұ­нып тұр. Жазда кей елді мекендерде са­сық иіс алып кетеді. Өйткені бізде таза­лық мәдениеті қалып­таспай тұр.  

    Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ