Қарттар үйін жағалағандар көбейді
Қарттар үйін жағалағандар көбейді
789
оқылды
Қазақ халқы қашаннан қартын сыйлап, құрметтеген халық. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген сөз де олардың қоғамдағы, отбасындағы орнын айқындап тұрғандай. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда қарттарымыздың барлығы сый көріп, құрметке бөленіп отырған жоқ. Туған ата-анасынан безініп, сыртқа тепкен безбүйрек перзент­тер көбейіп барады. Еліміздегі статистика комитетінің  2015 жылғы мәліметі бойынша, қарттар үйінде 7 мыңнан астам адам болса, бұл сан 2019 жылы 12,7 мыңға өскен. Жыл санап шаңырағынан безген қарттардың көбеюіне не себеп? Қарттар өз бағасын жоғалтты ма, әлде қоғам­ның санасы өзгерді ме?  

Қарияларымыз қайда?

2019 жылы елімізде қарттар үйінде тұратын адамдар саны 12 мыңнан асып жығылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүргізген зерттеуге сәйкес, қарттар үйін тұрақтаған­дардың 45,5 пайызы – әйелдер қауымы. Қарттардың 5 965-і аға­йын-туған, бала-шағасы жоқ жал­ғызбасты қариялар болса, 2 186 қа­рияның тұрақты мекен­жайы жоқ. 638-і ақы төлеп тұрса, 590 адам бұрын бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеп шық­қандар. Ең қызығы, 41 адам тұр­мыстағы зорлық-зомбылықтан пана іздеп, осында келген. Ал­матыда ардагерлерге қамқорлық жасап, денсаулығын нығайту мақ­сатымен 2018 жылы «Ұзақ өмір сүру» орталығы ашылған. Бұл жер­де қарттарға тұрмыстық қа­жеттіліктен бөлек компьютер мен тіл меңгеру мүм­кіндігі жасалған. Тоғыз­құмалақ, дойбы ойнап, тіпті йога­мен айналысуға да болады. Нұр-Сұлтан қалалық әкім­ді­гінің «Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеу­мет­тік мекемесі» директорының орын­басары Ардақ Бейсен­бай­­қызы мүгедектерге арналған, за­ма­­науи жабдықталған мекемеде ақы төлеп тұруға болатынын айтты.
– Үй жағдайында туған-туысы көмек көрсете алмағандар да, балалары ауқатты тұратындар да өз еркімен келеді. Соңғысы ме­кеме ақысын зейнетақысынан төлейді. Бұл жерде мүгедектің жәрдемақысы мен қарияның зейнетақысы 100 пайыз қолына беріледі. Мысалы, мүгедектігіне қарай ең төменгі жәрдемақы көлемі – 23 мың теңге, ең жоғар­ғысы 70 мың теңгеге дейін зей­нетақы алатындар бар, – деді ол.
Біз түгілі дамыған шетелдерде де жағдай мәз емес. Германия – Жапониядан кейінгі қарт адам­дары көп ел. Мұнда әрбір төртінші адамның жасы 60 жастан жо­ғары. Және жыл санап қарттардың саны көбейіп келеді екен. Әйтсе де, қарттар үйі біз үшін әлі де құ­лаққа тосын естілетін жат ұғым. Ол әдетте жағдайы жоқ, суық бөл­меде бүрісіп жатқан қарттар мен безбүйрек те қатыгез бала­ларды көз алдымызға елестетеді. Қария­ларымыз бен кейуана­ла­рымыздың қарттар үйінде тұруы расымен ұр­пақтарының безбүй­ректігінен бе, әлде қазіргі қартта­рымыздың өз бағасын төмендетіп алуынан ба?  

Құрметі қашқан шаңырақ

Бүгінде қарттардың көпшілігі қарттар үйіне өз еркімен барады екен. Кейбірін баласы сыртқа тепсе, келесісін келіні сыйғыз­байды, тіпті күш көрсетуге дейін барады. Қоғамда бұған қартта­рымыздың ұрпаққа үлгі бола алмауы, тек биологиялық тұрғыда қартаюы да себеп деп есептей­тіндер баршылық. Егде жастағы­лардың қарттар үйінен пана із­деуіне тағы бір себеп – балала­рының оларды асырап-бағуға материалдық жағдайы, уақыты болмауында екен. Дегенмен өз балаларының қамқорлығының орнын, өз шаңырағының жылуын қарттар үйі бере ала ма? Неме­ресіне ертегі айтып, ұрпағына жөн сілтеп отыратын шағында жат мекенде, жат босағада жау­таңдап отыруы дұрыс па дерсіз?   Түйін: Бүгін осылай күй кешіп отырған қарттар да жоқ емес. Және азаймай тұр. Ұлттық бол­мыстан ажырап, өрке­ниетке іле­судің мәні қарттар­ды құрметсіз қалдыру болмаса керек-ті. Баланың сыйы қашты ма, қарияның қадірі қашты ма, оны қоғам ой елегінен өткізсе керек.  

 width=     Мадияр ТӨЛЕУ