Қазақ халқы қашаннан қартын сыйлап, құрметтеген халық. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген сөз де олардың қоғамдағы, отбасындағы орнын айқындап тұрғандай. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда қарттарымыздың барлығы сый көріп, құрметке бөленіп отырған жоқ. Туған ата-анасынан безініп, сыртқа тепкен безбүйрек перзенттер көбейіп барады. Еліміздегі статистика комитетінің 2015 жылғы мәліметі бойынша, қарттар үйінде 7 мыңнан астам адам болса, бұл сан 2019 жылы 12,7 мыңға өскен. Жыл санап шаңырағынан безген қарттардың көбеюіне не себеп? Қарттар өз бағасын жоғалтты ма, әлде қоғамның санасы өзгерді ме?
Қарияларымыз қайда?
2019 жылы елімізде қарттар үйінде тұратын адамдар саны 12 мыңнан асып жығылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүргізген зерттеуге сәйкес, қарттар үйін тұрақтағандардың 45,5 пайызы – әйелдер қауымы. Қарттардың 5 965-і ағайын-туған, бала-шағасы жоқ жалғызбасты қариялар болса, 2 186 қарияның тұрақты мекенжайы жоқ. 638-і ақы төлеп тұрса, 590 адам бұрын бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеп шыққандар. Ең қызығы, 41 адам тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан пана іздеп, осында келген. Алматыда ардагерлерге қамқорлық жасап, денсаулығын нығайту мақсатымен 2018 жылы «Ұзақ өмір сүру» орталығы ашылған. Бұл жерде қарттарға тұрмыстық қажеттіліктен бөлек компьютер мен тіл меңгеру мүмкіндігі жасалған. Тоғызқұмалақ, дойбы ойнап, тіпті йогамен айналысуға да болады. Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің «Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесі» директорының орынбасары Ардақ Бейсенбайқызы мүгедектерге арналған, заманауи жабдықталған мекемеде ақы төлеп тұруға болатынын айтты.– Үй жағдайында туған-туысы көмек көрсете алмағандар да, балалары ауқатты тұратындар да өз еркімен келеді. Соңғысы мекеме ақысын зейнетақысынан төлейді. Бұл жерде мүгедектің жәрдемақысы мен қарияның зейнетақысы 100 пайыз қолына беріледі. Мысалы, мүгедектігіне қарай ең төменгі жәрдемақы көлемі – 23 мың теңге, ең жоғарғысы 70 мың теңгеге дейін зейнетақы алатындар бар, – деді ол.Біз түгілі дамыған шетелдерде де жағдай мәз емес. Германия – Жапониядан кейінгі қарт адамдары көп ел. Мұнда әрбір төртінші адамның жасы 60 жастан жоғары. Және жыл санап қарттардың саны көбейіп келеді екен. Әйтсе де, қарттар үйі біз үшін әлі де құлаққа тосын естілетін жат ұғым. Ол әдетте жағдайы жоқ, суық бөлмеде бүрісіп жатқан қарттар мен безбүйрек те қатыгез балаларды көз алдымызға елестетеді. Қарияларымыз бен кейуаналарымыздың қарттар үйінде тұруы расымен ұрпақтарының безбүйректігінен бе, әлде қазіргі қарттарымыздың өз бағасын төмендетіп алуынан ба?
Құрметі қашқан шаңырақ
Бүгінде қарттардың көпшілігі қарттар үйіне өз еркімен барады екен. Кейбірін баласы сыртқа тепсе, келесісін келіні сыйғызбайды, тіпті күш көрсетуге дейін барады. Қоғамда бұған қарттарымыздың ұрпаққа үлгі бола алмауы, тек биологиялық тұрғыда қартаюы да себеп деп есептейтіндер баршылық. Егде жастағылардың қарттар үйінен пана іздеуіне тағы бір себеп – балаларының оларды асырап-бағуға материалдық жағдайы, уақыты болмауында екен. Дегенмен өз балаларының қамқорлығының орнын, өз шаңырағының жылуын қарттар үйі бере ала ма? Немересіне ертегі айтып, ұрпағына жөн сілтеп отыратын шағында жат мекенде, жат босағада жаутаңдап отыруы дұрыс па дерсіз? Түйін: Бүгін осылай күй кешіп отырған қарттар да жоқ емес. Және азаймай тұр. Ұлттық болмыстан ажырап, өркениетке ілесудің мәні қарттарды құрметсіз қалдыру болмаса керек-ті. Баланың сыйы қашты ма, қарияның қадірі қашты ма, оны қоғам ой елегінен өткізсе керек.