Кеше Нұр-Сұлтан қаласында 50 жастағы ер адам коронавирустан көз жұмды. Марқұм 21 наурызда ауруханаға жатқызылған. Бұған дейін 26 наурызда Ақмола облысы Қосшы ауылында 65 жастағы әйел жұқпалы дерттен жан тапсырған. Қауіпті мәйіттер қалай жерленеді?
Жалпы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 инфекциясын жұқтырып өлгендерді жерлеудің баршаға ортақ ережесін әзірлеген жоқ. Әр ел марқұмдарды өз бетімен жер қойнына тапсырып жатыр. 27 наурызда Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев бұл туралы бас санитарлық дәрігердің қаулысы шығады деп мәлімдеген.
– Бүгін кешке немесе ертең таңертең бас санитарлық дәрігердің ресми қаулысы шығады. Ол жерде қатаң сақталуы керек ережелер көрсетіледі, – деген еді шенеунік.
Содан бері 5 күн өтті. Әлі қаулы шыққан жоқ. Сондықтан әзірге Алматы қаласы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымованың мәлімдемесін місе тұтамыз. Оның айтуынша, коронавирустан қайтыс болғандар арнайы полигонда жерленеді. Қала сыртында орналасқан полигондар қауіпсіздік ережесі бойынша қаладан оқшауланып тұр екен. Жедел штаб жерлеу тәртібін бекіткен.
COVID-19 диагнозы расталған жағдайда мәйіт туыстарына берілмейді. Мұндай тыйым аса қауіпті жұқпалы ауруларға қатысты санитарлық-профилактикалық шараларды ұйымдастыру талаптарында қарастырылған.
Көму кезінде ұзындығы – 2 метр, ені – 1 метр, тереңдігі – 2 метр қабірдің түбіне қалыңдығы 10 сантиметр дезинфекция қабаты себіледі. Қабірге түсірілген табытқа да дәрі құйылады. Содан кейін марқұмды көміп тастайды. Жерлеу аяқталғаннан соң құрал-саймандар, қорғаныш киімі, көлік залалсыздандырылады.
Коронавирустан көз жұмған адамның денесі ашылмайды және өртелмейді. Оны өртейтін орын да жоқ.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы аса қауіпті жұқпалы аурулардан жан тәсілім еткен адамды жерлеуге қатысты жаңа пәтуа бекітті. Тізімде COVID-19 инфекциясы да бар. Шариғат бойынша қайтыс болған мұсылманды жуындыру, кебіндеу, жаназа намазын оқу және жерлеу – парыз. Мәйітті жуындыру рәсімі арнайы мемлекеттік мекеменің санитарлық-эпидемиологиялық талаптарына сәйкес жүзеге асуы керек. Ер кісі 3 қабат матамен, ал әйел 5 қабат матамен оралады. Алайда марқұмды санитарлық қағидаларды сақтайтын арнаулы қызметкер кебіндейді.
Төтенше жағдай кезінде жаназа намазына марқұмның ең жақын туыстары қатысады. Сақтық үшін адам санын барынша азайтқан дұрыс. Жаназа рәсімін жергілікті имам атқарады. Намаз оқығанда санитарлық нормаға сай мәйіт имам мен жамағаттан алыстау жерге қойылады.
Марқұмды зиратқа денсаулық сақтау мекемесінің мамандары арнайы көлікпен жеткізеді. Қабір эпидемиологиялық нормаға сай қазылады.
Егер санитарлық-эпидемиологиялық мекеме мәйітті шариғат жолымен жуындыруға, кебіндеуге рұқсат бермесе, шариғаттың зәрулік үкімі негізге алынады. Мәйітханада оралған мата, арнайы қап немесе табыт ашылмастан жерленеді.
Бұған да шүкір дейміз. Көбінен көш ілгері екенбіз. Мысалы, Иранда марқұмдарды жерлеу кезінде ислам шарты сақталмайды. Коронавирус құрбандарының денесі жүк көліктеріне тиеліп, күн-түн демей көміліп жатыр. Парсылар ол үшін тереңдігі 90 метрлік қабір қазған.
Италияда марқұмдар аурухана киімімен жерленеді. Себебі қайтыс болған адамнан вирус жұқпаса да, бірнеше сағат бойы киімде тіршілік ете алады екен. Сондықтан мәйіт бірден ауруханада үстіндегі киімімен қосып табытқа салынады. Италиядағы крематорий қазір тәулік бойы жұмыс істеуде.
Ирландияның денсаулық сақтау органдары жерлеу рәсімін жүргізетін қызметкерлерді қорғау мақсатында мәйітке бетперде кигізуді ұсынады. Табыттың беті міндетті түрде жабылады. Марқұмның денесін ұстап, бетінен сүюге болмайды. Туған-туысы мен дос-жараны қаралы отбасыға арнайы сайтта көңіл айтады.
Израильде мәйіттер қос қабатты герметикалық полиэтилен қаптамаға оралады. Марқұмның денесін жуу мен салттық рәсімдер толық қорғаныш киімін киген соң жүргізіледі. Қазаға жиналған адамдар ең кемі 2 метр арақашықтықты сақтауы тиіс.
АҚШ-та пандемияға байланысты марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі бейнекамераға жазылады. Жерлеуге марқұмның ет жақын туыстары ғана қатысады.
Оңтүстік Корея билігі мәйітті алдымен өртеп, кейін жерлеуді құп көреді. Онда қазаға қатысушылар саны 90 пайыз азайған. Қаралы отбасыға дәстүрлі ақша беру рәсімі банк аударымы арқылы жасалады.
Кейбір мөлтек мемлекеттерде коронавирус құрбандарын көметін жер жетіспегендіктен, індеттен қаза тапқандар бауырластар зиратына бірге жерленеді. Әйтеуір, қазақтың кең даласы бар. «Өліге құрмет – тіріге міндет» дейтін халықпыз. Жаңағыдай төтенше шаралардың бетін аулақ қылғай!