Философ, жазушы, өз заманының аса көрнекті сыншысы Джордж Бернард Шоу «Қолынан келгендер іс қылады, ал келмейтіндер басқаларға ақыл айтады» деген екен. Қазір әлеуметтік желідегі, кейбір газеттердегі кеудемсоқ, әсіре ұраншыл пікірлерді көргенде «Біздегі ақыл айтқыштарға арналғандай екен» деген ой қылаң береді.
Қазір ақыл айтушылардың жас шамасы да, ақыл айту объектілері де өзгерген. Үй тірлігіндегі ұсақ-түйектен бастап, мекеме, ауыл, қала басшыларына дейін, тіпті жоғары биліктегілерге мін тағып, мемлекеттік саясатты қалай жүргізу керегі туралы да ақыл айтатындар көп-ақ. Телеэфирлерде де, әлеуметтік желіде де, газеттерде де солай болып барады. Абай бабамыз «бас-басына би болған» дегенде осындай, тек өз айтқанын жөн дейтіндерді көріп, күйінген де болар, бәлкім...
Оларға тән ортақ белгі – қашанда жақсылықты айтуға сараңдығы, көретіндері кемшілік қана. Бір кемшілікті көре қалса, жалғанға жар сала айтып, қазіргі кезде онсыз да негатив фактілерді желеу етіп, бұрқ ете қалуға даяр қоғамға бір шоқты тастап жібереді. «Оның салдары қандай болады, ел дүрлігіп, жағдай ушығып кетпей ме?» деген ойлар қаперіне кірмейтін сияқты. Біздің қолымызға қалам алдырған да сондай мақаланың бірі.
Жуырда «Жас алаш» газетінде «Батыр Жасұлан» деген автордың (бүркеншік ат болуы да мүмкін) «Ассамблея, сені қайтейін?» деген мақаласы шықты. Көңіліне келуі мүмкін, бірақ шыны сол: мақаланың еш жаңалығы жоқ, тапсырыспен, соңғы кездегі жалпылама дүрбелеңге үн қосу үшін жазылғаны көрініп тұр. Мақаланың басында да, ортасында да, аяғында да, реті келсін-келмесін, «этнос өкілдері қазақша сөйлемейді» деген пікірді тықпалай берген. Соның бәріне кінәлі Ассамблея екен. Автордың тіл мәселесін (қазақтың жанды жері ғой) қайта-қайта алға тартып, қазақтардың намысын қамшылап, этностарға айдап салғысы келген ниетін байқамау мүмкін емес.
Осыдан келіп, автордың шындығында да этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді игеруіне алаңдап отырғаны күмән тудырады. Өйткені оның тақырыпты еш зерделемегені, елде шу шығуына себеп болған кейбір материалдардың әуенімен жазғаны көрініп тұр. Тым болмаса, Ассамблеяның бұл бағытта істеп жатқан жұмыстарының бір-екеуін айтып, сынаса немесе «сол-ақ па?» деп азырқанса да, сенімдірек шығар еді.
Оқырманға Қазақстан халқы Ассамблеясының пайда болуының алғышарттары, қызметі туралы объективті ақпарат бермей жатып, сынап-мінеп, «түк істемей отыр, пайдасы жоқ» деген «үкім» шығарып тастайды.
Білетіндерге бұл жаңалық емес, білмейтіндер үшін айта кетейік: тәуелсіздікті бізге ешкім тарту еткен жоқ, оған қазақ халқын боданда ұстағысы келгендермен жан беріп, жан алысқан тартыста қол жетті. Бүгінгі ұрпақтың біразы, соның ішінде «Ассамблея керек емес» деп ұрандайтындар да бар, 1990 жылдары еліміздің біресе батысында, біресе шығысында сепаратистер бас көтеріп, кең-байтақ жерімізге көз тіккендер қазақ жерін бөліп алуға ұмтылғанын біле бермейді.
Оралдағы казактардың орыс тілін жергілікті жердің ресми тілі деп жариялауды талап еткенін, Өскемендегі «Русская земля» деген ұйым мемлекет ішінен мемлекет құрып, қос азаматтық енгізгісі келгенін, олардың жолын кесу үшін биліктің қанша күш жұмсағанын олар білмейтін тәрізді. Бұл жерде маңыздысы – нәтиже, итальян жазушысы әрі саяси қайраткер Никколо Макиавеллиге телінетін «жеңіске жету үшін қолданылған амалдардың бәрі дұрыс» екені.
Еліміздегі Достық үйлерінің ең алғашқысы сол кезде, тіпті тәуелсіздікке дейін Өскеменде ашылуының да сыры осында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен этностар арасындағы қарым-қатынасты реттейтін республикалық қоғамдық ұйым – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылуының астарында да елдің тұтастығын сақтау сияқты қасиетті мән жатыр.
Біз тілге тиек еткен мақалада қоғамның ақиқатты білу құқығына құрметпен қарап, осы және басқа да жайлар қамтылған жағдайда, сөз болып отырған органның ел ішіндегі тыныштықты сақтау жолындағы дабыралап айта бермейтін қызметі туралы ақпараты мол, тарихи-танымдық мәні зор мақала дүниеге келер еді. Негізінде, конституциялық мәртебесі бар құрылым қызметі туралы жазатын болғандықтан, автор міндетіне сәл де болса жауапкершілікпен қарауы керек еді. Бұл органда материал сұраған БАҚ өкілдерінің меселін ешкім қайтарған емес.
Мақаланың эмоцияға құрылғанын, нақты дерек келтірілмеген жалаңдығын, материалдың мазмұны сын көтермейтінін өздері де байқаған болар. Редакция келесі күні-ақ электронды нұсқасын алып тастапты. Осының өзінен көп жайды аңғаруға болмай ма?
Сонда бұл жарияланымның мақсаты не? Қазақ пен этностарды бір-біріне қарсы қою ма? Егер біреулер соған еріп, арандаса, ел ішіне іріткі түссе, автор, басылым не ұтпақ?
Бір нәрсе анық: оқырмандар, олардың артында тұрған халық этнос өкілдері қазақ тілін үйренуі үшін Ассамблея тарапынан жүргізіліп жатқан жұмысты білуі керек. Негізінен, көзі қарақты оқырман ол туралы бұқаралық ақпарат құралдарынан оқып, көріп, естіп жүргені анық. Керек ақпаратты Ассамблея сайтынан да табуға болады. Дегенмен орайы келіп тұрған соң, мақалада қойылған сұраққа аз-кем ақпарат бере кеткен жөн болар.
2015 жылдан бері Қазақстан халқы Ассамблеясының балалардың мемлекеттік тілді үйренуіне арналған «Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оған қоса, ғалым-ұстаздардың басқа ұлт балаларына қазақ тілін оқытуға арналған әдістемеліктер жазуына конкурс жарияланып, ең үздіктерін сынақтан өткізуге арналған бір апталық «Тіл мектебі» жұмыс істейді. Сол кезде ұстаздар әр өңірден жиналған этнос балаларымен жұмыс істеп, әдістемесінің өміршеңдігіне көз жеткізеді.
Жобаның атауы да «Жылына кем дегенде этностың мың баласы қазақ тілін үйренсе» деген тілектен туындаған-ды. Іс жүзінде нәтиже біздің ойлағанымыздан әлденеше есе асып түсті. Алғашқы жылдың өзінде республика бойынша 44 797 бала қазақ тілін үйренсе, бұл көрсеткіш жылма-жыл өсе берді. 2019 жылы жобаға тартылғандардың жалпы саны 383 690-ға жетіп, мемлекеттік тілді еркін меңгерген 73 472 бала финалға шықты.
Автор ол балалардың тек қазақша сөйлеп қоймай, қазақ әндерін шырқайтынын, Бұқар, Кердері, Ақтамберді, Мұрын, т.б. жыраулардың толғауларын, қазақ ақындарының жырларын оқитынын көрсе, бұл мақаланы жазбас еді. Ал шын патриот болса, балалардың мақал-мәтел айтып сайысып, туған жерге (Қазақстанға) арнап қазақ тілінде жазған балауса жырларын жүрегі елжіреп тыңдар еді.
Былтырдың өзінде «Мың бала» жобасы аясында республика бойынша «Тіл мектебі», шешендік өнерге баулитын «Асыл сөз» мектебі, латын графикасын үйрету бойынша Sen de bir kirpish dúnіege... шығармашылық конкурсы мен әлеуметтік желілерде Ózіm týraly акциясы, қазақ тілін ұлттық ойындармен ұштастыра оқытуға арналған «Тиімді тілдік орта» ойын алаңы сияқты жобалар нәтижелі жұмыс жүргізді. Өңірлердің басқа да өзіндік жобалары баршылық.
Соның бірі – мектеп және колледж оқушыларының 14-22 жас аралығындағы этнос өкілдері арасында өткізілген «Тіл – мемлекет тәуелсіздігінің символы» атты олимпиада. Елордада қалалық кезеңнің өзіне 150 талапкердің қатысуы мемлекеттік тілді үйренуге этнос өкілдерінің ынталылығын көрсетсе керек.
Айтқандай, былтыр «Мың бала» жобасы туралы БАҚ-та 2 033 материал жарық көрді.
2016 жылдан бастап тіл мерекесі қарсаңында тұрақты түрде республикалық диктант өткізіледі. Бұл – барша этнос өкілдеріне мемлекеттік тілді үйрету арқылы ел бірлігін нығайтуды көздейтін іс-шара. Егер бірінші жылы 140 989 адам диктант жазса, былтыр латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиімен диктант жазуға 395 549 адам қатысты.
2017 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы Алғыс айту күніне арнап, «Ризамын, елім, саған!» атты бейнеролик шығарды. Онда этнос өкілдері Н.Надиров, Л.Хочиева, А.Пириев бастап, еліміздің талантты ұл-қыздары қостап, мемлекеттік тілде қазақ еліне алғыс айтады. Міне, 3 жыл болды, ролик ел телеарналарынан үзбестен көрсетіліп келеді, оны облыстық ассамблеялар өңірлерде тұратын этнос өкілдерімен өз іс-шараларында қайталауда. Сөйтіп, идея бүкіл елге таралып жатыр. Биыл «Мың алғыс» концертінде жиналған жұрт роликтегі өлеңдерді В.Тен, А.Пириев, М.Рожин, С.Тарасованың сахнадан оқығанын тыңдады. Бұл – қазақ тіліне деген қызығушылықтың артып келе жатқанының көрінісі.
1 шілде – Ұлттық домбыра күні Қазақстанның барлық өңіріндегі перзентханаларда «Айналайын!» акциясы өткізіледі. Онда жергілікті Ассамблея басшылары дүниеге келген алғашқы сәбиге (ұлтына қарамастан) домбыра мен құттықтаухат тарту етеді. Қазақстанның кішкентай азаматының алғашқы сыйлығы – «Айналайын!» деп басталатын, қазақ тілінде жазылған хат пен домбыра болуының астарында оның тілі қазақ болып шығуын, рухы қазақ болуын көздеген үлкен мән жатыр.
Өткен жазда ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған челленджге қазақстандық этностар да белсене қатысты. Әлеуметтік желілерде түр-түсі бөлек, тілі бір отандастарымыздың оқыған өлеңдерін жұртшылық жылы қабылдады. Өңірлерден суырылып шыққандарды орталық телеарналардан көрсетіп, тағы бірнешеуі Абай жылының басталуына арналған салтанатты жиынға қатысты. Ұлы ақын шығармашылығына бойлау – бір күндік нәрсе емес, оның әлемге Абайды сыйлаған халықтың тіліне деген шексіз сүйіспеншіліктен туатыны анық.
Келтірілген мысалдар қазақстандық этностардың мемлекеттік тілді үйренуі үшін Ассамблея атқарып жатқан жұмыстың бір бөлігі ғана екенін айта кеткіміз келеді. Қай мемлекетте болмасын, этносаяси қызметтің жалғанға жария етілмей жүргізілетіні белгілі. Көзі ашық, көкірегі ояу жандар, соның ішінде журналистер мұны жақсы біледі. Біз жалпы оқырман үшін аз-кем ақпарат беруді мақсат еттік.
Біздің ұстаздарымыз «журналист өз арын төреші етіп жазуы керек» дейтін. ЮНЕСКО 1983 жылы қабылдаған «Журналистикадағы кәсіби әдептің халықаралық принциптерінде» оқиғаны объективті жазып-көрсету – журналистің парызы деп атап көрсетілген. Біз тілге тиек етіп отырған мақала авторына (бәлкім, еңбек жолын енді бастаған жас маман болар) нағыз журналистер парызына адал болатынын, әр жазбасында белгілі бір топтардың, әлдебір мекеменің мүддесі емес, ел мүддесі биік тұруы тиіс екенін айтқымыз келеді.
Камал ӘЛПЕЙІСОВА,
филология ғылымдарының кандидаты,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі