Нобель сыйлығының иегері Альбер Камюдің «Оба» романы қолыма кездейсоқ түсті. Әлемде коронавирус дерті өршіп тұрған қазіргі сәтте мұндай шығарма оқудың өзі қорқынышты секілді. Әрине, тарихта мұндай қасіреттер болмады емес. Камюдің де вирус туралы шығарма жазуына сондай оқиғалардың бірі себепкер болғаны анық еді.
Камю бұл тақырыпты неге таңдады?
«Оба» романын жазуды жазушы 1941 жылдың қаңтарында бастады. Ол жануарлар арқылы адамдарға тез таралатын және Алжир жағалауындағы Оран деп аталатын қарапайым қала тұрғындарының жартысын жантәсілім еткен вирус туралы жазуды бастайды. Роман бас кейіпкер дәрігер Рионың өлі егеуқұйрықты тауып алуынан басталады. «Сәуірдің он алтысы күні ертеңгілік дәрігер Бернар Рио пәтерінен шыға беріп, баспалдақ алаңында өлі егеуқұйрыққа сүрініп кетті. Оған онша мән бермей, бәтеңкесінің тұмсығымен теуіп тастап, баспалдақпен төмен түсті. Алайда көшеге шыққан соң есіне түсті: есігінің алдында егеуқұйрық қайдан жүр? Ол жайында күзетшіге хабарлап, қайта оралды. Қақпа күзетшісі мсье Мишель мұны мейлінше оғаш оқиға деп топшылады. Дәрігерге өз үйінен өлген егеуқұйрықтың шығуы оғаш көрінсе, күзетші үшін көрінеу көзге масқара боп елестеді. Айтқандай, мсье Мишель бұл үйде егеуқұйрық жоқ деп азар да безер болып, айтқанынан танбады. Дәрігер оны екінші қабатта, есік алдынан өз көзіммен көрдім деп сендірсе де, мсье Мишель өз айтқанын жөн деп тұрып алды. Демек, үйде егеуқұйрық жоқ болса, оны біреу қасақана әкеп тастап отыр» деп басталады шығарма. Алайда дәрігерге үйінен өлі егеуқұйрықтың табылуы секем тудырған еді. Кейінірек егеуқұйрық туралы әңгіме күллі қаланы жайлайды. Тіпті, газет-журналдарда да жазыла бастайды. Бас кейіпкердің күдігі расталып, көп ұзамай қалада індет тарайды. Тосыннан келген дерт қала тұрғындарына тез жұғып, көшелерде дүрбелең басталып кетеді. Оран қаласында өлі егеуқұйрықтар көбейді. Алапат дертті ауыздықтау үшін дәрігер Рио мырза қалай жанталасады дерсің. Мұндай апаттар әркезде де болған. Тіпті, соғыс жылдарында да адамзат мұндай зұлматтардан айналып өтпеді. Алайда оба да, соғыс та жұртты әдеттегідей тұтқиылдан басқан» делінген шығармада. Жазушы өзінің атақты шығармасын жазу үшін тарихта болған оба дерті мен оның зардаптарына да көз жүгіртіп шығады. Тарихта мұндай төтен зұлматтар өте көп болған. Еуропада XIV ғасырда 50 миллиондай адамның өмірін қиды, Ломбардия мен Венеция жазықтарында 280 мың адамды ажал құштырған Италия обасы, XVІІ ғасырда болған Лондондағы оба дерті, одан бөлек Орта Азия елдерінде болған түрлі кесел жазушының қаламына арқау болғаны рас. Кейіпкер шығарма соңында: «Обаның микробы ешқашан өлмейді де өшпейді және жойылмайды екен, ол ондаған жыл бойы жиһаздың бұрандасында немесе киім-кешектің арасында ұйықтап жатуы, жатынжайда, шабаданда, қолорамалда және қағазда сәт сағатын шыдамдылықпен тосып жатуы мүмкін. Сосын адамдарды тәубесіне келтіру үшін бір күні оянып, егеуқұйрықтарды бақытты қаланың көшелеріне қаптатып кеп жіберуі мүмкін» деп ой түйеді.Қазақ әдебиетіндегі жұт тақырыбы
Қазақтың арасында жаппай болмаса да оба дерті болған көрінеді. Тарихтан білетініміздей, ХХ ғасырдың басында қазақ көбіне шешектен қырылды. Оның өзінде дәрі-дәрмек болмағандықтан, дерттің мәнін ұқпағандықтан, осындай қырғын болғаны рас. Алайда соның өзін көркем дүниеге айналдырып, шығарма жазғандар некен-саяқ. ХХ ғасырдың басында қазаққа жаудай тиген дерттің бірі – шешек. Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхан «Қыр баласы» деген атпен «Шешек» туралы арнайы мақала жазады. Ол мақаласында: «Қырда бұрын болған шешек егуші қазақ жігіттері бала қолына анасының көзінше шырылдатып пышақ салған хайуандық, қазақты қорқытып ақша жиып алу үшін істейтін іс. Бұл күнде шешек егуден қорқу – надандық. Мынаны тастау керек. Шешекке бұл айтылғаннан басқа ем жоқ. Адам баласы басқа жануарлардан ақылымен, естілігімен, шеберлігімен айырылады. Бұлай болған соң жаз шығуға сиынған адам жолынан шыға жайылу болар. Атың қайда? Құдайға тапсырып қоя бердім. Атшың мықты екен, сонда да өзің қара, – деген қазақ сөзі бар. Мәдени жұрттар балаға шешек кіші бір жасында тегіс егеді. Осымен нағыз шешектен өлу мәдени жұртта аз болады. Мысалы үшін бір миллион адамнан шешектен өлетіндердің санын көрсетелік: Германияда миллион адамнан – 2 кісі. Францияда – 147 Бельгияда – 259 Аустрияда – 313 Росияда – 836» деп жазады. Әлихан Бөкейхан осылайша «қазақ шешектен сақтан» деп, сақтық шараларын жасау қажет екенін жазады. Белгілі жазушы Дулат Исабеков қазақ қаламгерлерінің бұл тақырыпқа қалам тартпауының сыры – қазақта мұндай алапат қасірет болмағанынан дегенді айтады. «Камюдің «Оба» романын бәріміз оқыдық. Ондай зұлмат қазақ тарихында болған емес. Оның бір себебі, халқымыз өте аз. Оның үстіне, халық тығыз орналаспаған. Халық тығыз орналасқан елдерде жұқпалы дерт тез тарайды. Еуропа болмаса, басқа елдердегідей тығыз орналасатын болса, халық арасына тез тарап кетер еді. «Абай жолы» романындағы Абайдың оба туралы айтатұғын сөздері бар. Шағын зұлматтарды бастан кешкеніміз рас. Бірақ жаппай, кең көлемде індеттің тарағаны жоқ. Ал шешектен қайтыс болуының да себебі – нақты айтылмаған. Өйткені ол кезде қазақтарда тіркеу болған жоқ. Бір кездері қазақ даласына келген миссионерлердің Қазақстанға келгені, қазақтардың ауырғаны, соған дәрі бергені туралы бірен-саран жазғандары бар. Ал жаппай қырғын болғаны туралы жазғандар аз. Ондай алапат оба індеті болған жоқ», — дейді. Ал жазушы Смағұл Елубай: «Жұт тақырыбы – қазақ қаламгерлері үшін маңызды тақырып болған жоқ. Бірен-саран жазушыда болмаса, бұл тақырыпты қаузайтын жекелеген шығармалар жоқтың қасы. Мұхтар Әуезовтің 4-томында «Жұтта» деп аталатын тарау бар. Жұт тақырыбы сонда ғана кездеспесе, жаппай қырғын, індет туралы жазылған шығармалар болған емес»,— дейді. «Абай жолы» романында Мұхтар Әуезов елді жайлаған індет туралы: «Өзі аса қауіпті, жұқпалы ауру ел таңдамайды. Бар жұртқа ортақ апат. Бұрын да, қазір де ең әуелі Индиядан шығыпты. Содан Россияны, Еуропаны, Англияны, Қытайды, Жапонияны, тіпті Солтүстік Американы да аралап өткен екен. Қазір Россияда елу-алпыс губернияға жайылыпты деген сыбыс бар. Бірақ әр ортада, халықтың тұрмысына, жағдайына қарап, салты мен қалпына орай ауру әр алуан өтеді» деп жазады. Расында, қауіпті індет елді, мемлекетті таңдамайды. Сол секілді коронавирус дерті де әлемді жайлап барады. Бұл қиындықтан да адамзат баласы өтеді. Жалпы, бүкіл дүниежүзін дүр сілкіндірген бұл пандемия туралы да алда әлі талай шығармалар жазылар. Бәлкім, Камю айтқандай, бұл вирус адамдарды тәубесіне келтіру үшін «оянған» шығар. Бірақ адамзаттың қасірет шегуіне жол бермесе екен деп тілейікші.Гүлзина БЕКТАС