«Тым еркелер» жазасын алды
«Тым еркелер» жазасын алды
187
оқылды
Шығыс Қазақстандағы бір­неше сауда және көңіл кө­теру орындарының иелері қа­лыптасқан төтенше жағдай режимін бұзған. Облыстық По­лиция департаменті бас­па­сөз қызметінің ақпараты бойын­ша, өңірдегі кезекті рей­д­тік іс-шаралар бары­сында шағын және орта биз­нес нысандары тарапынан бірнеше заң бұзу фактісі анықталып отыр. Департамент мамандарының айтуынша, Өскеменде, Се­мейде, сонымен қатар Глубокое ау­данында көпшіліктің жиналуы­мен салтанатты және өзге де іс-шаралар өткізілген. Өскемен мен Семейдегі екі мейрамханада төтенше жағдай уақытындағы жұ­мыс режимін бұзғандар болыпты. Екі мейрамхананың иесіне қа­тысты әкімшілік іс қозғалып, ары қарай шешім шығару үшін материал­дар сотқа жолданған. Сондай-ақ облыс орталығында компьютерлік клубтың жұмысына қатысты да факті анықталған. Мамандандырылған әкімшілік соттың қаулысымен аталған ме­кеме иесіне 26 510 теңге көлемінде айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Облыс орталығындағы караоке-клуб та төтенше жағдай режимін белден басқан. Айталық, мекеме мереке күндері өзінің қызметін 22.00-ден кейін де жалғастыра берген. Оның иесіне Әкімшілік құқықбұзушылық туралы ко­декстің 476-бабы бойынша «Төтенше жағдай режимін бұзу» әкімшілік хаттамасы толтырылып, 15 тәулікке қамауға алынды. Сонымен бірге, сауда орта­лығында дезинфекциялық жұ­мыстарды жүргізу талаптарын сақтамағаны үшін заңды тұлға да әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Төтенше жағдай кезіндегі жауапкершілікке байланысты облыс әкімі Даниал Ахметов те халыққа арнайы үндеу жариялап, режим бұзғандардың жауапқа тартылатынын ескертті.
– Өздеріңізге белгілі, елі­міз­де күн санап, коронавирус ин­фекциясын жұқтырғандардың саны артып келеді. Қазір Қа­зақстан бойынша 293 оқиға тіркелді. Оның ішінде біздің облыста 2 жағдай бар. Өңірде инфекцияның таралуын тежеу үшін тиісті шаралар орындалуда. Десе де, өкінішке қарай, мем­ле­кеттік деңгейде қойылған шектеулерге қарамастан, облы­сы­мыздың бірқатар азаматы тө­тен­ше жағдай режимін елегісі кел­мейді, – деп жазды Даниал Ахметов әлеуметтік желідегі ресми парақшасында.
Мәселен, Семей қаласындағы рейд барысында қорқор тартуға арналған үш орын салынған ты­йымға қарамастан, жұмыс істе­гені анықталған. Бұған қоса, тағы бір дәмхана сағат 22.00-ден кейін де қызметін жалғастырған. Нәтижесінде, үш адам 5 тәулікке қамауға алынып, 1 адамға 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ Өскемендегі клуб иелерінің бірі 7 тәулікке қамауға алынған. Сонымен қатар «коро­навирус инфекциясын жұқтыр­ғандар ауруханаға жатқызылды» деп жалған ақпарат таратқан Аягөз ауданының тұрғыны да 5 тәулікке қамауға алынды. Жалпы, ШҚО бойынша қа­зіргі уақытта 26 әкімшілік іс қоз­ғалса, 15 адам жауапкершілікке тар­тылып, бес адамға айыппұл салынды. 10 адам қамауға алынып отыр.
– Құрметті облыс тұрғындары, төтенше жағдай талаптарын бұз­ған азаматтар 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынатынын немесе 10 АЕК көлемінде айыппұл төлейтінін естеріңізге салғым келеді, – дейді аймақ басшысы.
– Жеке және қоғамдық қауіп­сіздік ережесін сақтау – коро­навирус инфекциясының та­ралуын болдырмаудың және ал­дын алудың бірден-бір жолы. Егер сіздер осыған ұқсас заң бұзу­шылықтардың куәгері бол­саңыз, белсенді азаматтық ұстаным та­нытып, тиісті ор­гандарға хабар­лау­ларыңызды сұраймыз, – дейді облыстық Полиция департа­ментінің бас­пасөз қызметі. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 476-бабына сәйкес, төтенше жағдай режимін бұзу 10 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 15 тәулікке дейін қамауға алуға әкеп соғатынын еске сала­мыз. Ал ТЖ кезінде құқықтық тәр­тіпті бұзуға итермелейтін әре­кеттер үшін (ӘҚБтК-нің 478-бабы) 40 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе 30 тәулікке дейін­гі мерзімге әкімшілік қамауға алу қарастырылған.  

Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан