Әдеп – адам мінез-құлқының айнасы. Ол адамның мәдениеті мен тәрбиесінен де хабар береді. Мұның бәрі иба мен биязылыққа жатады. Ғылым тілінде әдеп «этикет» ретінде қабылданады. Бұл терминнің тегі «этикадан» басталса да, өзіне тән ұғым-түсінігі де бар. Этикет – қоғамның сыртқы мәдениетінің құрамдас бөлігі, сол қоғамды қалыптастырушы мінез-құлық ережелерінің бүге-шүгесін танытатын өзіндік салт-санасы. Бірақ осы этикетті ұстана білу үрдісінен әрбір жеке тұлғаның ішкі мәдениеті ақтарылып көрініп тұрады. Осы этикеттің, яғни әдептіліктің адам өмірінде қамтымайтын саласы кемде-кем. Ол адам қарым-қатынасының барлық буынына жүреді. Әдеп кез келген адамның бір-бірімен күнделікті амандасып, бір-бірінің ахуалын сұраған сәтінен бастап, көшеде жүрген, қоғамдық көліктерге мінген, қоғамдық-көпшілік орындарда болған кезінің бәрінде менмұндалап шыға келеді. Сондайда әдеп әдібін дұрыс ұстайтын адамның бітімі бірден байқалады. Соның бірі – екі адамның бір-бірімен кездесіп, сөйлескен кезінде бірінің сөзін бірі тыңдай білуінен де айқын көрінеді. Мұны хакім Абай: «Бір жерде бірге жүрсең басын қосып, Біріңнің бірің сөйле, сөзін тосып» деп, керемет айтып кеткен. Бұрын шынында да бәрі осылай болатын. Біз өскен ортада осы қағида қатты ұсталатын. Ал қазір кейбір мекеме басқарып отырған адамның да алдында отырған қызметкерінің сөзін ақырына дейін тыңдай алмай, орта жолдан сөзін бөліп, араласып кете беретінін жиі көріп жүрміз. Бұл, әсіресе жас басшылар арасында жиі кездеседі. Тіпті, ешкімді сөйлетпейтін, тек өзі ғана бәрін айтып шығатын бастықтар да баршылық. Міне, мұның өзі сол кадрдың ішкі мәдениетінің төмендігін көрсетеді. Мұны айтамыз-ау, бүгінде біреумен телефон арқылы сөйлескенде де ептеп именіп тұратын болдық. Себебі сен өзің хабарласқан телефонды алған адамның кейде бастама сен жағынан болып тұрғанына қарамастан, салған жерден өз мәселесін, өз жағдайын айтып, ұзақ-сонар әңгімеге кетіп қалатын кездері бар. Бұдан бөлек, бірнеше адам қатысқан пікірталас кезінде сөзге қонақ бермей, жұртпен жағаласып отыратын оппоненттер кездеседі. Осының бәрі адамның бала жасынан алатын тәрбиесінің кемдігін білдіреді. Біз «Тәрбие – тал бесіктен» деп жатамыз. Бұл – рас. Балаға кішкентайынан тәлімді тәрбие берілген отбасынан кейін мұндай бейәдеп, бәдік адамдар шықпайды. Тәрбие отбасы мүшелерінің күнделікті түгел дастарқан басында бас қосып, әкенің сөзі мен қабағына қарап отыруынан қалыптасады. Қазір біздің көптеген шаңырақтарда осы жағы жетісе бермейді. Бір үйдің адамдарының бір мезгілде дастарқанға жинала қалуы да сиреп барады. Бас қосқан кезінде де әрқайсысы бір-бір телефонды шұқылап отырып, тамақ ішетін отбасылар да ұшырасады. Әлбетте, мұндай ортада қандай өнеге, тәрбие болсын. Ал әлеуметтік желілерде жастардың үлкен-кішілігіне, қоғамдағы орнына, елге сіңірген қызметтеріне қарамай, бірінің бетінен бірі алып жатқан жамағат туралы айтып жатудың өзі қиын. Онда бәрі тең деген қағидамен ауыздарына келгенін айтып, кез келген жанның жағасына жармасып жатқандарда есеп жоқ. Бұл жер нағыз баяғы «Вавилон мұнарасының» түбіне айналып бара жатқан сияқты. Әзірге «Бәрінің ақырын берсін» деп жүрміз. Иә, бүгінде бір адамның келесі адамның сөзін тосып, тыңдай білуі де қиындап кетті. Адамның адамды тыңдай білуінің өзіндік өнерге айналған заманы келді. Егер бұл бетімен кете берсе, Абай айтатын «бас-басына би болған өңкей қиқымның» дәуірі дүрілдегелі тұр. Бүгін мұның алдын алмаса, ертең бәрі кеш болып қалуы ықтимал. Қазақтың ұлттық тәрбиеден алшақтап бара жатқаны осындайда көрінеді. Үлкенді үлкендей, кішіні кішідей сыйлай алмасақ, біздің қазақ болғанымыз кімге керек? Бұл жағдаят бәрімізді де ойландыруы тиіс. Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, сенатор