Түркістан облысында covid-19 жұқтырған бес адам Жетісай ауданының тұрғындары
Түркістан облысында covid-19 жұқтырған бес адам Жетісай ауданының тұрғындары
5,343
оқылды
Қазіргі жағдайда Түркістан облысында қауіпті вирусты жұқтырғандардың саны 5 адамға жетті. Барлығы Жетісай ауданының тұрғындары. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының бас санитариялық дәрігері Нұрбек Нышанов мәлімдеді. Бүгінде науқастар дәрігерлер бақылауына алынып, жағдайы қанағаттанарлық дәрежеде. Алдымен «31-наурыз күні 1-пациенттің коронавирус індетін жұқтырғаны тіркелді. Нұр-Сұлтан қаласынан келген бұл науқаспен байланыста болған адамдарды тексеру барысында, тағы 3 отбасы мүшесінің сараптамасының нәтижесінде вирус жұқтырғаны анықталды. Сонымен қатар, Алматы қаласынан келген 1 азаматта covid-19 сараптамасы расталды. – Қазіргі таңда  науқастар дәрігер бақылауына алынып, жағдайы қанағаттанарлық дәрежеде. Қарым-қатынаста болған барлық адамға стационарлық оқшаулау шаралары жүргізілді. Тиісті хаттамаға сәйкес, емдік шаралар жасалынуда, – деді Нұрбек Садықбекұлы. Құзырлы орынның мәліметінше, бұдан өзге, 31-наурыз күні науқас тұрған үй-жайларды дезинфекциялау және санитарлық өңдеу  шаралары өткізілді. 31-наурызда коронавирус инфекциясын жұқтырған науқас Жетісай аудандық орталық  ауруханасында ем алуда. Науқаспен жақын қарым-қатынаста болғандар да  анықталуда. Айта кету керек, ресми органдардың мәліметінше, облыста 2020 жылғы 31 наурыздағы жағдай бойынша covid-19 коронавирустық инфекциядан  қолайсыз елдерден келген  495 адам мониторингтік бақылауға алынған. Оның ішінде 1 «а» санатындағы елдерден келгені – 9 адам, 1 «б» санатындағы елдерден келгені 486 адам бар.

Тельман БЕЙСЕНОВ, Түркістан облысы.