«Пекин» қонақүйі карантиндік стационарға берілді – #Bizbirgemiz
«Пекин» қонақүйі карантиндік стационарға берілді – #Bizbirgemiz
238
оқылды
Атыраулық кәсіпкер өзінің 2700 ш.м аумақты «Пекин»  қонақ үйін карантиндік стационарға берді. Бүгінгі таңда Атырау облысында жергілікті тұрғындар арасында індет жұқтырған адамдар жоқ. Қазіргі күні №2 облыстық ауруханада жатқан 16 адамның он бірі өзге қалалардан ұшып келген ұшақта болған адамдар. Екі адам қалалық емхананың мейірбикелері. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің айтуынша, олардың жағдайы қанағаттанарлық. Дегенмен індеттің тез таралып кетуі қаупін ескерген жергілікті басшылық инфекция жұқтырғандармен байланыста болған адамдарға арнап  480 пәтер дайындап қойды. Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ринат Джанглишовтың айтуынша, бүгінде  «Береке» ықшамауданында 240 пәтерлік 10 көпқабатты  үй салынуда. Тұрғындар қоныстанған және жуық арада қоныстануы жоспарланған ықшам ауданда дайын тұрған көпқабатты екі үй бар. – Міне, осы ықшам аудандағы дайын тұрған  екі үйді  аймақта коронавирустық инфекцияның таралуына орай  карантиндік стационарға беру  туралы шешім қабылданды. Екі үйде 480 пәтер бар, - деді Ринат Джанглишов. Қазіргі таңда тоғыз қабатты екі үйді  полиция  толығымен оқшаулаған,  онда жаппай дезинфекция жұмыстары жүргізіледі. Кейіннен дезинфекция жұмыстары күніне үш рет жасалатын болады. Сондай-ақ  кәсіпкер Әлібек Семғалиев «Бізбіргеміз» жалпыұлттық науқанына қатысып, жергілікті билік органдарына коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы тұруға көмектесуді ұйғарған. Атырау тұрғыны өзінің  2700 ш.м аумақты «Пекин»  қонақ үйін карантиндік стационарға берді. Қонақ үй 62 кереуетке есептелген, 30 тұрғын бөлмесі бар, уақытша оқшаулануға   барлық жағдай жасалған.  Мұнда қауіпті дертті жұқтырғандармен байланыста болған адамдар орналастырылады. Ғимаратты  полиция қызметкерлері күзетеді, сондай-ақ қонақ үйдің  аумағы мен тұрғын аудандарына үнемі дезинфекция жұмыстары жүргізілмек. – Еліміз қиын кезеңді бастан өткеруде. Осындай жағдайда кез-келген қазақстандық, қай қалада тұрса да отандастарына қолынан келген көмегін көрсетуі керек деп ойлаймын. Осы орайда,  Атырау облысының кәсіпкерлерін бірігіп, «Бізбіргеміз» акциясына қатысуға шақырамын, – деді Әлібек Семғалиев. Айтарлығы, карантиндік стационардың   тұрғындарға төндіретін  ешқандай қаупі жоқ.  Мұнда   дертке шалдыққан науқастармен ықтимал байланысы бар адамдар уақытша орналастырылады. Бүгінгі күні Атырау облысында 168 адам  карантинде.  Оның ішінде инфекциялық стационарда – 16 адам, провизорлық орталықта – 39 адам, карантиндік стационарда 116 науқас бар.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы.