Тоқ етерін айтар болсам, «Қолымды мерізімінен кеш сермедім» дегендей қалыптамыз. Қытайдың карантинға байланысты Уханьді бір жола жауып тастағанын көре отырып, «бізде ештеңе жоқ», «бізге жетпейді», «коронавирус бізге келмейді» деп отырмай, сол кезден-ақ барлық әуежол мен теміржол қозғалысын жауып тастауы керек еді. Қазір бұл вирусты бір адам үш адамға жұқтырады, ал оның әрқайсысы тағы біреулерге таратады. Сөйтіп, геометриялық прогрессиямен өсе береді. Міне, осының бәрін екі ай бұрын бастағанда Қытай секілді «жеңіп шықтық» деп отырар едік. Ал қазір пандемия жағдайында халыққа көмектеспегенде не істейміз?!
Әзірге елде азық-түлік бар, дүкендер істеп тұр. Алайда жалақысынан айырылғандар қаншама?! Табысы шектелген шағын және орта бизнестер тағы бар. Олардың жағдайын мемлекет жасауы тиіс. Мәселен, Дональд Тармп «коронавирустан өліп жатқан адамды санасақ, содан кейін сақтық шараларын қолдануға байланысты бүкіл экономиканың шектеуін есептесек, ертеңгі жұмыссыздардың көбеюі пандемиядан да артық зияны тиюі мүмкін» дегеніне қосыламын. Біз пандемиямен күресеміз деп жүргенде экономиканы тұралаттық. Мұнайдың бағасы кетті, теңге құлдырады. Ертең олардың бәрін қалай жинап аламыз? Соған байланысты шараларды қазір ойластыру керек.
Қытай коронавирусты жеңбей тұрып, ертеңгі экономикасын ойлап, сақтық шараларымен ғана шектелмеген еді. Қазір экономикамыз қаншалықты құлдырады, қанша адам жұмыссыз қалады соған мониторинг жасау керек. Қаншанғы ұлттық қорды сора береміз, ертең ол да таусылады. Сол кезде не істейміз? Әрине, күнделікті сақтық шаралары дұрыс. «Жат, ұйықта, үйден шықпа» деп жүргенде халық деградацияға ұшырауы мүмкін. Мәселен, Жапондар демалысқа шыққанда 12 күн ғана береді екен. Біздегідей 24 күн болса, бір апта бойы адам қайта жұмысқа кірісе алмай жүреді. Жұмысынан қол жазып қалады. Мысалы кейбір жұмысты күнбе күн істемесе, пайдасы болмайды. Кәсіптік мамандар шектеліп қалуы әкелуі мүмкін.