Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулин төрағалық еткен жалпы отырыста депутаттар «Ардагерлер туралы» заң жобасын І оқылымда мақұлдады. Жиында халықтың әртүрлі санатын әлеуметтік қолдау мәселесіне ерекше көңіл бөлінді.
Нұрлан Нығматулин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесінде азаматтар мен кәсіпкерлерді төтенше жағдай кезеңінде қолдаудың қосымша шаралары ұсынылғанына тоқталды. Спикердің байламынша, бұл мәлімдеме – нақты іс-қимылдар жоспары, ол қазіргі ахуалды бақылауда ұстауға мүмкіндік береді, сондай-ақ дағдарыстан кейінгі кезеңге де есептелген.
Нұрлан Зайроллаұлы зейнетақыны, АӘК, мемлекеттік жәрдемақыларды 10%-ға көтеріп индексациялау, 1 ең төменгі жалақы мөлшерінде қосымша әлеуметтік төлеммен қамтылатын санатты кеңейту туралы Президент тапсырмасы әлеумет үшін өзекті әрі өте маңызды екенін атап өтті. Бұл ретте 42,5 мың теңгелік «төтенше» төлемді алушылар қатарына өзін-өзі жұмыспен қамтушылар және бұрын еш салық пен жарна аудармай, бейресми жұмыс істеп келген азаматтар да қосылып отыр.
Бұдан бөлек, сақтандырылмаған азаматтардың МӘМС жүйесі бойынша медициналық көмек алу құқығын 1 сәуірден 1 шілдеге дейін ұзарту жүктелді. Сонымен бірге волонтерлар арқылы тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлікті тегін алатын азаматтар санаты кеңейтілді.
Шағын және орта бизнеске арналған қосымша ұсыныстар да айтуға тұрарлық: мемқолдау көрсетілетін қызмет түрлері көбейеді, мемлекеттік кепілдіктер көлемі ұлғайтылады. Кредит ставкасы төмендетіледі.
– Шаралар уақытылы қолға алынуда, олар ТЖ жағдайында қарапайым адамдарға да, бизнеске де қолдау жасауға бағытталған. Енді нақты тетіктер түзілуі қажет. Бұл мемлекеттің елеулі көмегінің топтамасын қазақстандықтардың әрбір санатына, әрбір салаға дейін қысқа мерзім ішінде жеткізуге мүмкіндік береді. Демек, осы жұмысқа барлық тараптың – мемлекеттік органдардың, депутаттық корпустың, бизнес құрылымның бірлесе күш салуы маңызды. Сонда күрделі кезеңді тезірек еңсере аламыз, – деді Мәжіліс төрағасы.
Үкімет Жол картасы аясында адамдарды жұмыс орнымен қамту мәселелерін де қарастырып жатыр. Спикер Қазақстан Президентінің аграрлық секторға қатысты міндеттеріне екпін түсірді. Бұл көктемгі егін салу жұмыстары басталып жатқан қазіргі кезде көкейкесті.
– Жалпы, экономикадағы және әлеуметтік саладағы дағдарысқа қарсы шаралар жағдайдың толық бақылауда екенін, сондай-ақ дағдарыстан кейінгі даму келешегі туралы түсіністіктің барын куәландырады. Депутаттық корпус дағдарысқа қарсы шаралардың тиімділігін заңнамалық деңгейде қамтамасыз ету үшін барлық қажетті қолдау көрсетеді, – деді Нұрлан Нығматулин.
Жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары «Ардагерлер туралы» заң жобасын талқылай келе бірінші оқылымда құптады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, қолданыстағы заңнамада ардагерлерге берілетін барлық жеңілдік пен кепілдік осы құжатта топтастырылған.
– Заң жобасы аясында ардагерлердің әлеуметтік қорғалатын 5 санаты анықталды. Ауғанстандағы және басқа елдердегі ұрыс қимылдарына қатысқан әскери қызметшілер «басқа мемлекеттердің аумақтарындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне» жатқызылады. Интернационалист-жауынгерлерді, Чернобыльдағы апат салдарын жоюға қатысушыларды, Социалистік Еңбек Ерлерін әлеуметтік қолдау шараларын күшейту ұсынылады, – деді министр.
Жобада 5 әлеуметтік қорғалатын санат ардагерлеріне мыналар – Ұлы Отан соғысының ардагерлері; басқа мемлекеттердің аумақтарындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері; жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер; еңбек ардагерлері; заңның күші қолданылатын басқа да санаттағы адамдар енгізіледі.