Халық пен бизнеске – рекордтық қолдау

Халық пен бизнеске – рекордтық қолдау

Әлеуметтік-экономикалық дамудың базалық сценарийі жайына қалды. Енді оның орнын дағ­­дарысқа қарсы сценарий ба­сып отыр. Ол ЖІӨ-нің бұрын­ғы­дай 4,1% емес, бар-жоғы 0,9% өсуін тұс­пал­дай­ды. Премьер-Ми­­нистр Асқар Маминнің төра­ға­­лығымен өткен оты­рыста ел Үкі­меті азаматтар мен бизнесті қол­­даудың қосымша шара­ла­рын қабылдады. Сондай-ақ Қа­зақстанның жаңа әлеуметтік-эко­­­номикалық даму болжамын құп­­тады. Бұдан бөлек, 2020 жылға арналған рес­пуб­ликалық бюджет қайта қаралып, оның жаңа жобасы ұсынылды. Жиында Пре­­­зи­дент Қ.Тоқаевтың 31 наурыздағы тапсыр­ма­ларын іске асыратын дағдарысқа қарсы ша­ралардың қосымша топтамасы да қа­рал­ды. Жалпы, «Қазақстанның 2020–2024 жыл­дарға арналған әлеуметтік-эко­но­ми­калық даму болжамы» 2019 жылғы 27 та­мыз­дағы Үкімет отырысында бекітілген-ді. Бұл – базалық сценарий болатын. Ол бо­лашаққа үлкен сенімге, жарқын үмітке құрылды. Мысалы, әлемдік экономиканың өсу қарқыны артады деп қарастырылды. Мұнайдың әлемдік бағасы әр баррелі үшін 55 доллар көлемінде шамаланды. Қа­­­­зақстанның ЖІӨ-сінің өсімі 2020 жылы – 4,1%, ал 5 жылдағы орташа жылдық өсу қар­­­­қыны 4,4% құрайды делінді құжатта. Елі­міздің басты экспорттық тауарының әр бөш­кесі 55 доллар тұрғанда, Қазақстанның ЖІӨ-сі 2019 жылғы 67,7 триллион теңгеден 2020 жылы 74,5 трлн, 2021 жылы – 81,8 трлн, 2022 жылы – 89 трлн, 2023 жылы – 97 трлн теңгеге дейін ұлғаюға, ал 2024 жылы ең биік межені 106 триллион теңге белесін ба­ғындыруға тиіс еді. Әйтсе де, 2020 жыл­ғы 2 сәуірдегі жағдай бойынша Brent мар­ка­лы мұнай бағасы жаһандық нарықта бұл сценарийдегіден екі еседей аз, небәрі 26,3 дол­лардан ғана сатылып жатты. Бұл бір­ша­ма көтерілгендегі көрсеткіш: 1 сәуірде 22 долларға дейін төмендеген. Сондықтан жаңа, «дағдарыстық сценарийде» мұнай ба­ғасы 1 баррелі үшін 20 доллар деп бел­гі­леніп отыр. Былтыр еліміздің бас эко­номисі Руслан Дәленов базалық сценарийге сәйкес, отандық экс­порт орташа қарқынмен 2,9%-ға өсіп, 2024 жылы 63 млрд долларға дейін артатынын, импорттың орташа жылдық өсімі 2,5% дең­гейінде қалып­тасып, 2024 жылы 37 млрд доллар болатынын айт­қан. Әйткенмен, қазіргі кезде пандемия кесірінен дүниежүзі елдерінде өндірістер тоқтап, за­уыттар жаппай жабы­лып жатқан шақта экспорттың да, импорттың да өрісі мен өсімі шектелді. Өткен жылы ғана жұмыс­сыздық биылғы 4,8 пайыздан 2024 жылы 4,7 пайызға дейін төмендейді деп күтілген. Алайда мамандардың есептеуінше, коронавирус, төтенше жағдай, карантин және амалсыз шек­теулер нәтижесінде республи­камызда кәсіпорын-компания­лар жұмысы тоқтауы салдарынан 1,5 миллиондай қазақстандық мемлекеттің 42,5 мың теңге әлеу­меттік төлеміне жүгінуі мүмкін.  

Жаңа даму сценарийі не дейді?

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов әлемде рецессия басталғанын, ал елімізде COVID-19 таралуына қатаң тосқауыл қою шаралары іскерлік белсен­ділікке тұсау болғанын мәлімдеді. – Жыл басынан бері мұнай бағасы 65,7%-ға, металдар құны орташа есеппен – 15,6%-ға, әлем­дік биржалық индекстер ор­таша есеппен 20,9%-ға төмен­деді. Осыны ескере отырып, 2020 жылғы сәуір-желтоқсан айларында мұнайдың орташа бағасы 1 баррелі үшін 20 доллар деңгейінде анықталды. Доллар бағамы 440 теңге деңгейінде, жылдық инфляция 9-11% ара­лығында болады деген болжам алынды. Бағасы құнсыздан­ған­дықтан, мұнай өндіру бойынша болжам 86 млн тоннаға дейін азайтылды, – деді еліміздің бас экономисі. Жаңа сценарийде отандық өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруа­шылығы, құрылыс, қызметтер көрсету және сауда салалары құл­дырайтыны көрсетілген. Елі­міздің жаһандық «қара базарға» өткізетін экспорты бірден 16,3 млрд долларға төмендеп, 35,1 млрд долларды құрамақ. Импорт 7,5 млрд-қа кеміп, 26,6 млрд доллар болуы мүмкін.   «Осыны ескерсек, жалпы ішкі өнім 0,9%-ға дейін төмен­дейді. Номиналды ЖІӨ биыл 69,7 трлн теңге көлемінде ғана ба­ғалануда, бұл мақұлданған бол­жамнан 4,8 трлн теңгеге аз», – деді министр. Т­үзетілген макроэко­номи­калық болжам негізінде Үкімет бұған дейін Парламент бекіткен 2020 жылғы республикалық бюд­жетті өзгертті. Енді респуб­лика­лық бюджеттің кірістері 6 трлн 414,1 млрд теңгеге әзер жетуі мүмкін. Бұл бекітілген жоспар­дағыдан 1,7 трлн теңгеге аз.  

Елді қолдау рекордқа итермеледі

Дүниежүзінде экономика тоқырап, Қазақстанда бюджеттік түсімдердің күрт азаюына қара­мастан, ел Президентінің тап­сырмасына сай мемлекет қазіргі  аласапыран шақта халық пен бизнесті қолдауға баса мән бе­реді. Кәсіпкерлерді ынталандыру және оларға берілетін жеңіл­дік­тер жаңа бюджет жобасына енді. Біріншіден, базар, сауда үйлері және басқа да ірі сауда нысандары, сауда ойын-сауық орталықтары, кинозалдар, театр­­лар, көрмелер, қоғамдық тамақтану орындары, қонақүй­лер, хостелдер мен туристік қыз­мет нысандары жыл соңына де­йін мүлік салығынан босатылады. Екіншіден, салық салудың жалпы тәртібінде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер жыл аяғына дейін жеке табыс салығын тө­лемейді. Үшіншіден, агроөнеркәсіп кешенін қолдау мақсатында ауыл­дағы өндірушілер ауыл ша­руашылығы мақсатындағы жер­лері үшін салығын жыл біткенше төлемейді. Олар биологиялық активтер импорты, яғни сырттан асыл тұқымды сиыр, балапан және басқасын әкелгені үшін қосымша құн салығынан (ҚҚС) да уақытша босатылды. Төртіншіден, әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары үшін ҚҚС 30 наурыздан 1 қазанға дейін 12%-дан 8%-ға дейін төмендетілді. Бесіншіден, шағын және орта бизнесті еңбекақы төлеу қо­рынан төленетін салықтар мен әлеуметтік төлемдерден, нақ­тылай кетсек, жеке табыс салы­ғынан, әлеуметтік салықтан, міндетті зейнетақы жарнала­рынан, міндетті медициналық сақтандыру және әлеуметтік аударымдардан 6 айға, яғни 1 қазанға дейін босату көзделген. Мұның игілігін туристік қызмет, қоғамдық тамақтану, қонақүй бизнесі, ірі сауда нысандары, СОО, кинозалдар, театрлар, көр­мелер, денешынықтыру-са­уықтыру және спорт ғимарат­тары, сауда субъектілері көреді. Алтыншыдан, 2020 жылдың 1 маусымына дейін шағын және орта бизнес өкілдерінің барлық салықтар мен міндетті төлемдерді және әлеуметтік жарналарды төлеуі кейінге қалдырылды. Жетіншіден, төтенше жағдай кезеңінде салықтық тексерулер тоқтатылды. Салық, кеден және әлеуметтік төлемдер бойынша берешекті мәжбүрлеп өндіруге тыйым салынды. Бұдан өзге де қолдау шаралары қабылдануда. Ұлттық экономика ми­нис­трінің мәліметінше, жалпы ал­ғанда осы айтылған  шаралар 700 мың салық төлеушіні, кә­сіпо­рын­ды қамтиды. Әрине, мұның барлығы бюд­жеттің азайып кетуіне әкеліп соқтырмақ. Жетіспеген қара­жат­ты Үкімет Ұлттық қордан қо­сым­ша 2 трлн 70 млрд теңге алу ар­қылы жабатын болды. Нәти­жесінде, тек 1 жыл ішінде ғана мемлекет Ұлттық қордың 4 трил­лион 770 млрд теңгесін жұмсайды. Осылайша, 2020 жылы рес­публикалық бюджеттен ел та­рихында бұрын-соңды болмаған рекордтық сома – 14,3 триллион теңге шығын шыққалы тұр!  

Айхан ШӘРІП