Мемлекет 42,5 мың теңге әлеуметтік көмек төлеуге кірісті. АӘК төлеу кезіндегіден айырмашылығы сол, осы дүрлігудің көшеде көрініс беруіне коронавирус, карантин және халыққа қызмет көрсету орталықтарының жабылуы тосқауыл болды. Елдің қобалжыған көңілін тек Үкімет пен жауапты меморгандарға қарша бораған хаттар аңғартады.
31 наурыз күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеу жасап, елдегі төтенше жағдайға байланысты Үкіметке бірқатар тапсырма жүктеді. Әлемдік пандемия індетінің кесірінен жұмыссыз, табыссыз қалған азаматтарға берілетін 42 500 теңге әлеуметтік көмекті алатындар санатын кеңейту керегін ескертті.
Осылайша аталған тізімге салық төлеушілер ғана емес, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және жұмыссыздар да кірді.
Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің басшылығымен өткен Үкіметтің онлайн отырысында 42 500 теңгелік әлеуметтік төлем 3 миллионға жуық адамға берілетіні белгілі болды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, қажетті қаражат Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) аударылмақ. «Егер барлығы 3 млн адамға дейін жетсе, МӘСҚ-нан ай сайынғы төлемге 127,5 млрд теңге бағытталады», – деді Б.Нұрымбетов.
Сонымен, әлеуметтік көмек ретінде берілетін ақшаны кімдер алады? Министр келтірген дерекке сүйенсек, ол біріншіден жалдамалы қызметкерлер. Яғни, шағын және орта кәсіпорындары ақысыз демалысқа жіберілген жұмысшылар. Бұл санатқа карантинге жабылған қалалардағы ірі кәсіпорындар да жатады. Айта кетейік, коронавирус індетіне қатысты жарияланған төтенше жағдай мен үлкен қалалардағы карантин шаралары бірден шағын және орта бизнеске әсер еткені белгілі. Бүгінгі күнге дейін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қызметіне жүгінген кәсіп иелерінің 20%-ы қызметкерлерін мүлдем қысқартатынын, ал 50%-ы жұмысшыларды ақысыз еңбек демалысына жіберуге мәжбүр болғанын айтқан.
Екіншіден– жеке тұлғалар, өз бетінше жұмыспен қамтылғандар. Еш жерде тіркелмей, өз бетінше жұмыс тауып, отбасын асырап отырған қаншама жан күнкөріс көзінен айырылып қалды. «Олардың ішінде жеке кәсіпкерлер бар – 1,5 млн азамат. Жеке практикамен айналысып жүрген (жеке адвокаттар, сот орындаушылар, нотариустар) 2 мыңнан астам осындай азамат. Фрилансерден де 180 мың бар. Олар да табыстарынан айырылуда. Соңғы 12 айда бірыңғай жиынтық көлемін төлеген 316 мың адам бар», – деп түсіндірді министр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі келтірген мәлімет бойынша, 23 наурыздан бастап елімізде 1 мың адамның өтініші мақұлданып, 42 500 теңгелік әлеуметтік көмек тағайындалыпты. Бұл тұрғыда министрлік азаматтардан мәліметтерді дұрыс, сауатты толтыруды сұрап отыр. Осы уақытқа дейін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен зейнетақы қорына бір рет болса да төлем жасаған азаматтар ешқандай кедергісіз төлем алады. Сондай-ақ еш жерде тіркелмей әрі жоғарыдағы қорларға төлем жасамай, түрлі жолмен табыс тауып келген азаматтардан да мұндай төлем талап етілмейтін болды. «Олар тек бір рет бірыңғай жиынтық төлемді, яғни ЕСП төлесе жеткілікті. Ол үшін екінші деңгейлі банктердің мобилдік қосымшасын пайдалануға болады. Егер ол да болмаса SMS арқылы төлем жасауға болады. Қала тұрғындары үшін 5505 нөміріне GORODESP+ЖСН, ауыл тұрғындары үшін SELOESP+ЖСН деп жіберсе ақша алынады. Қала тұрғындары үшін ол ақшаның көлемі 2 651 теңге, ауыл тұрғындары үшін 1 325 теңге», – деді Б.Нұрымбетов.
Айтқандай, мемлекет тағайындаған тиесілі әлеуметтік төлем туралы әңгіме шығысымен жұртшылық Egov.kz порталына кіріп, тіркелудің машақатын айтып, шағымдар көбейген болатын. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» дегендей, әлеуметтік желіде осы жағдайды пайдаланып, қызметін жарнамалап жататын «қулар» да көбейіп кетті. Мәселен, Whatsapp топтарда «42 500 теңге әлеуметтік көмекті алып береміз, ол үшін жеке мәліметтеріңізді жолдаңыз» деген сыңайдағы хабарландыру қаптап кетті. Ескерте кетейік, адамның жеке деректерін (ЖСН, ЭЦҚ, банк карталарын) бөгде біреуге беру өте қауіпті жағдай. Осыған байланысты «Азаматтарға арналған үкімет» МК тұрғындарды сақ болуға, алаяқтарға арбалып қалмауға шақырып отыр.
Бұл тұрғыда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 42 500 теңгелік төлемді алуға тіркелетін арнайы сайт ашылатынын мәлімдеді. «Электронды үкімет порталына қазір көп адам кіре алмай жатыр. Сондықтан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі БТС компаниясымен бірлесе отырып, 42 500 теңгені алу үшін арнайы сайт ашамыз. Ол сайтта азаматтар өз өтінішін қалдыра алады», – деді министр.
Одан бөлек, компьютер немесе ноутбугыңыз болмаса қалта телефоныңызға Telegram bot қосымшасын жүктеп алып, сол арқылы тіркеле аласыз. Яғни, Тelegram-нан EgovKzBot2.0 өтсеңіз, ары қарай нұсқаулық бойынша жұмыс істей бересіз. Алайда әлеуметтік желі арқылы әлеуметтің ақшасын аңдып отыратын алаяқтар мұнда да түрлі жолмен bot-тар ашып, өздеріне жарнама жасап, жалған ақпарат таратуға кірісіп жатыр. Сондықтан Telegram-дағы ресми bot – EgovKzBot2.0-ке ғана кіргеніңіз жөн.
Иә, 42 500 теңге төлем бір жағынан Whatsapp пен Instagram желісінен шықпайтын жұртты жаңа желіге (Telegram) үйретіп, бұрын ол туралы білмейтіндердің көкжиегі кеңейіп қалатын болды. Әзіл әрине. Десе де, дағдарыс жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деген сөздің жаны бар екеніне көзіміз жеткендей. Коронавирус құрсауында көбіміз үйде отырып, онлайн жұмыс істеуді үйреніп, интернетті игі іске пайдалануды ұғып жатқанымыз рас.
Хош, көптің көкейіндегі көп сауалға жауап табылғандай. 42 500 теңгені алатындар қатары да жетерлік екеніне көз жетті. Әйтсе де, былтырғы Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) берілген кездегідей ыңғайсыз жағдайлар қайталанбауына кім кепіл? Естеріңізде болса, елімізде табысын жасырып, мұқтаж жандармен бірге көмекке таласқандар көп болған. «Е-Халық» ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес, 2019 жылғы қазан айында табысын жасырып, АӘК алуға талпынған отбасы саны 73 мыңнан асқаны айтылды. Сондай-ақ өңірлерде заңсыз АӘК тағайындаған жайттар да анықталып жатты. Бұл «байдың асын байғұс қызғаныптының» кері емес, әлемді шарпыған вирус құрсауында отырғанда мемлекет қаржысы шын мұқтаж жандардың қолына тисе дегеннен туған ой.
Табысынан айырылған тұрғындарға мемлекет қаржысынан 42 500 теңге тағайындауды тапсырған Президент Қ.Тоқаев та осындайда кейбір азаматтардың жағдайы жақсы болса да, өтініш беріп, қосымша пайда көріп қалуға тырысатынын жасырмады. Дегенмен ондай жандар үшін миллиондаған азамат зардап шекпеуі тиіс екенін ескертті.