Бөлек база керек пе?
Осы орайда, сарапшылар елордада карантинге жабылғандардың барлығын орналастыруға орын жетпей қала ма деп алаңдап отыр. Себебі коронавируспен ауыратыны анықталған 191 адамның сыртында олармен қарым-қатынаста болған, күдікке іліккен 2 мыңдай адам анықталған. Үйлерінде оқшауландырылып, жабылғаны қаншама? Бұлар шетелден өз бетімен оралған, сондай-ақ қазақстандық дипломаттардың және Қорғаныс министрлігінің әскери-көлік авиациясының мүмкіндіктері арқылы эвакуацияланып жатқан қазақстандықтардың үлкен бөлігі де Нұр-Сұлтан қаласына ұшып келді. Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің мәліметінше, 2020 жылғы наурыз айының басында әлемдегі COVID-19 тіркелген елдерде 95 мың қазақстандық болған. Олардың көбі – туристер, жақсы жалақы іздеп барған еңбек мигранттары, студенттер, бизнесмендер және дипломаттардың отбасы мүшелері. Жаһандық пандемия жайлаған жатжұрттық мемлекеттерде Қазақстанның елшілігі мен консулдығы жанынан жедел штабтар құрылды, олар арқылы отандастарымыздың елге қайтуына да көмек көрсетіледі. Бұл ретте Мемлекеттік комиссия шешімімен 1 сәуірден бастап Нұр-Сұлтан халықаралық рейстерді қабылдамайды. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавируспен ауырған қазақстандықтар саны 3,5 мыңға дейін жетуі мүмкін екенін мәлімдеді. Оның болжамынша, сәуір айында инфекция шырқау шегіне жететін көрінеді. Бәлкім, өзге мемлекеттерден келіп жатқан жолаушыларды, сондай-ақ карантинге алынғандарды қала ішінде ұстамай, жабық әскери базаларға әкетіп, сонда қалың елден оқшаулау қажет шығар? Мысалы, Өзбекстан бес күн ішінде әскерилер көмегімен 10 мың адамға арналған бөлек карантин орталығын салып шықты. Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл мұндай идеяны меморгандардың зерделегенін жеткізді. «Денсаулық сақтау министрлігінің, Қорғаныс министрлігінің басшылығымен осы жайында ақылдастым. Талқылай келе, бұл орынсыз деген тоқтамға келдік. Өйткені біріншіден, әскери базаларда жауынгерлеріміз тұруда. Ал әскери борышын өтеуші солдаттарымыздың арасына жаһандық қауіпті індеттің кіріп кетуін халқымыз қаламаса керек, мұны баласының әскерден аман оралуын күткен ата-аналар құптай қоймас. Екіншіден, шетелден келген немесе сырқатпен жолыққаны үшін күдікке іліккен азаматтың барлығын әлдебір жабық базаға алып кетіп жатсақ, елде босқа үрей туғызып, халықтың еңсесін түсіріп алуымыз ықтимал. Оның үстіне, қиядағы базаны уақытында азық-түлікпен, дәрі-дәрмекпен қамтуда қиындық тууы мүмкін», – дейді Б.Смағұл. Әскери базаларда, казармаларда солдаттардың жуынатын жері де, әжетханалары да ортақ болып келеді, карантиндегілерге бұл жарамайды. Оларға жеке жағдай жасалуы керек. Депутат пандемия өрістемеуі үшін қазір азаматтардың өз үйлерінде оқшаулануы әлдеқайда маңызды екеніне назар аудартты. Медицина мамандары әзірге жеке әрі алып карантин аймақтарын жасақтаудың қажеті жоғын растайды. Коронавирус жұқтырғандардың біразы елордада көпбейінді медициналық орталықта жатыр. Тағы екі жұқпалы індет ауруханасы да сондай сырқаттарды қабылдауда. Карантиндегілер 8 қонақүйде орналастырылған. Жаңа сырқаттар толқыны бос тұрған 22 қабаттық «Рамада Плаза» қонақүйіне бағытталады. Оны Үкімет коронавируспен күреске лайықтап, қайта жабдықтап шықты. Бұл іске жеке орын тепкен, дәрігерлік көмек көрсету жолға қойылған шипажайлар да жұмылдырылуы мүмкін.Майданның алғы шебінде – дәрігерлер
Сонымен ауруханалардың барлығы COVID-19 жұқтырғандарды қабылдауға тартылмаған. Бұл вирусты басқа сырқаттар арасында таратпау үшін жасалып отыр. Мысалы, осы індеттен қайтыс болған алғашқы науқас – 64 жасар әйел жатқан №2 көпбейінді аурухана карантинге жабылды. Ол сырттан ешкімді қабылдамайды. Елордада тіпті егде тартқан, бірақ зейнет жасына жетпеген инфекционист дәрігерлер де үйлеріне жіберіліпті. Денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлерін тегіс мобилизациялауға бармады. Әрине, індет әрі қарай жайылса, күреске тартылатын дәрігерлер мен емдеу мекемелерінің қатары артады. Нұр-Сұлтанның қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықованың дерегінше, коронавирус инфекциясын жұқтыруы мүмкін адамдарды диагностикамен мейлінше кеңірек қамту үшін елордалық теміржол ауруханасының пульмонологиялық бөлімі кеңейтілді. Сондай-ақ №2 қалалық емханасында обсервациялық емхана ашылды, ол бір ауысымда 150 сырқатты тексере алады. Індетке душар болуы мүмкін деген сырқаттар сонда қаралып жатыр, екеуінен коронавирус табылыпты. Жалпы алғанда, осы бейіндегі елордалық стационарларда 1,5 мыңнан астам адам жатқызылған. Вирусқа шалдыққандардың үлкен бөлігі карантинге дейін елге келген аурулармен араласқандар. Сондықтан тек астанада ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша азаматтардың бір-біріне жуысуы шектелуде. Бұл вирустың жайылу желісін бұзып, тосқауыл қоюға тиіс. – Коронавирус инфекциясын жұқтырған әрбір адам 30-дан 50-ге дейінгі адаммен қарым-қатынас жасап үлгерген. «Күдіктілердің» барлығын оқшаулау бойынша қатаң жұмыс жүргізудеміз. Өйткені бұған дейін нәтижесі теріс болған адамдардың өзінен дерт анықталуда. Оқшауланған адам індетті белсенді тарата алмайды. Жұртшылықты өзгелермен байланысты шектеп, үйде отыруға шақырамыз! Сонда сіз аурумен байланыста болған тұлғалар қатарына түсіп қалмайсыз, – деді қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы С.Қисықова. Негізі, бас қалада мемлекеттік 38 клиника жұмыс істейді. Оның жартысына жуығы – емханалар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес пандемиямен күресіп жатқан астаналық 1,5 мыңға жуық медицина қызметкеріне сыйақы төленді. Оның басым көпшілігі – аурухана қызметкерлері. Президент тапсырмасын орындау үшін Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия індетке қарсы «майданның» алдыңғы шебінде жүрген медицина қызметкерлеріне ай сайын сыйақы беру туралы шешімді бекітті. Төлем коронавирусты жұқтыру қаупі бар үш топқа 3 ай бойы аударылады. «Қауіптілігі аса жоғары» аталған бірінші топқа COVID-19 жұқтырғандар емделіп жатқан реанимация бөлімшелерінің, инфекциялық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері – жалпы саны 3 мың 284 адам кірді. Оларға үстемеақы 20 ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) немесе 850 мың теңгені құрайды. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Абаев бұған жалақысын қосқанда, кейбір дәрігерлер 1 млн теңгеден көп қаражат алатынын мәлімдеді. «Қауіптілігі жоғары» деп танылған екінші топ провизорлық стационарлар мен жедел жәрдем дәрігерлерін, олардағы орта және кіші медицина қызметкерлерін – барлығы 11 мың 951 маманды қамтиды. Еңбекақыға ай сайынғы үстемеақы мөлшері 10 ЕТЖ немесе 425 мың теңге болады. Жалақысын қоса есептегенде, шамамен 600 теңге шығады екен. Бет қатталып жатқанда:Елімізде карантин базасы салынбағанмен жаңа медициналық кешендер тұрғызылатын болды. Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында 680 орынға арналған карантин үлгісіндегі медициналық модульдік кешен үшін 14,8 млрд теңге бөлінді.
Айхан ШӘРІП