Білім және ғылым министрі оқушылардың IV тоқсанда оқу форматын түсіндірді. Айта кетерлігі, шалғайдағы елді мекенде орналасқан шағын жинақты мектептер дәстүрлі форматта оқуды жалғастыруы мүмкін. Яғни, 80-ге жуық оқушысы бар орта білім ордалары қашықтан оқудан қалыс қалады.
Бірақ Асхат Аймағамбетов сан мәрте бар мүмкіндікті қарастыратынын айтып жүр. Шағын мектептің проблемасын каникул аяқталғанша шешетінін де атап өтті. Құзырлы органдар эпидемиологиялық ахуалға орай дәстүрлі форматта оқитын мекемелерде дезинфекциялық шараның жүруін қатаң тексереді.
Министрдің айтуынша, елімізде 15-50 бала оқитын мектептер бар. Республика бойынша бала саны аз мектептердің тізімі жасалады. Сабақ уақыты 30 минутқа қысқарып, оқушыларды екі ауысымға бөледі-мыс. Жоғарыда айтқандай санитарлық талаптар сақталады.
Қош, қазір ыңғайын тапса, дәстүрлі форматтан артығы жоқ екені белгілі. Ал бір мектепте 300-ге жуық бала болғанымен, интернет сапасы төмен ауылдар қайтпек? Мәселен, Шығыс Қазақстанның кей ауылдарында халық интернет түгілі қоңырау шалу үшін тау-тас аралайды. Белгілі ұстаз Мейіржан Темірбектің мәліметіне көз жүгіртсек, аталған өңірде ірілі-ұсақты 710 елді мекеннің 129-ы жылдамдығы жоғары, кең жолақты (секундына 8 Мбит), 345-і орташа (секундына 1,5-2 Мбит), ал 236-сы жылдамдығы төмен (секундына 0,5 Мбит) интернет желісіне қосылған. Айта кетерлігі, Аягөз ауданындағы 50 ауылдың 38-інде, Жармадағы 49 ауылдың 32-сінде, Ұланда 46 ауылдың 24-ін-де, Күршімде 48 ауылдың 24-інде, Абайда 10 ауылдың 5-інде, Зайсанда 35 ауылдың 14-інде, Тарбағатайда 59 ауылдың 24-інде, Үржарда 54 ауылдың 15-інде, Семейге қарасты 31 ауылдың 10-ында, Катонқарағайда 47 ауылдың 13-інде, Көкпектіде 51 ауылдың 17-сінде жылдамдығы төмен интернет орнатылған. Елді мекендегі ата-аналар жаңа тоқсан басталғанша интернет сапасын ретке келтіру үшін бәйек болып жүр.
Бір ғана Шығыс Қазақстан емес, еліміздегі біраз өңірде интернет жайы жағдайды қиындатып тұр. Мәселен, Жамбыл облысында 124 ауылда интернет сапасы нашар, 26 елді мекен цифрлы жүйеден ада. Ал Қызылорда облысы, Батыс Қазақстан мен Алматы облысының кей ауылдарындағы жағдай да осыған ұқсас.
Бұл тұста білім жүгін тек құзырлы министрлікке артып қойған жөн болмас. Еліміздің цифрлы технологиясы дамыған мемлекетке айналуы үшін еңбек ететін министрлік бар емес пе? Бірақ олардың да пандемия салдарынан мұрындарына су жетпей жүр. Десек те, Цирфрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қазақстандық веб-сайттарға кіру тегін болатынын мәлімдеді. Дәлірек айтсақ, ірі байланыс операторлары, оның ішінде «Қазақтелеком» АҚ, «Транстелеком» АҚ, «Astel» АҚ, «Кар-Тел» ЖШС, «Кселл» АҚ, «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС жоғары оқу орындары сайттарына, электронды анықтамалық деректер базасына, онлайн-күнделік, электронды білім беру порталдарын және Білім және ғылым министрлігі ұсынған басқа да білім беру ресурстарына тегін қосылады. Сондай-ақ байланыс операторлары ТЖ кезеңінде өз абоненттеріне қазақстандық домендік аймақта орналасқан интернет-ресурстарға қосымша төлемсіз кіруге, тіпті телефон теңгерімінде қаражат жоқ болған жағдайда да қосылуға мүмкіндік беретін түрлі шешім мен тарифтік жоспар ұсынып жатыр.
Ал «Қазақтелеком» компаниясы карантин біткенше абоненттеріне интернетті шектеусіз қолдануға мүмкіндік береді. Tele2-нің «Бәрін ауыстыр», Altel-дің «Дербес тариф» топтамасы BizBirgemiz қызметіне автоматты түрде қосылады. Осылайша, интернет ресурстарын теңгерім таусылғанда да қолдана аласыз. Сонымен бірге 3 сәуірден бастап BizBirgemiz қызметі аясында абоненттер желі ішінде теңгерімі нөл болса да, қоңырау шалу мүмкіндігіне ие. Мұның бәрі Президент Жарлығына сәйкес іске асып жатыр. Аталған жеңілдік қашықтан оқуды смартфон арқылы игеретін оқушыларға таптырмас мүмкіндік. Ал интернет сапасы төмен өңірлерге келсек, компания нақты мекенжайды қалдыру туралы әлеуметтік желіде жазды. Олар жағдайды анықтап, шешім шығаруға дайын екендерін жеткізді.
Төтенше жағдай айналасындағы жаңа тоқсан шахматқа ұқсайды. Ойын нәтижесіне барлық министрлік жауапты болмақ. Әрбірі міндетін айқын орындап, позициясын жоғалтпаса, қашықтан оқыту қиынға соқпайды.