– Ереже бұзатындардың көбі түнгі 22.00-ден кейін жұмыс істеп жатқан кафе мен дүкендердің иелері. Оған қоса, олар маска тақпайды, адам көп жиналатын іс-шаралар ұйымдастырады. Тыйым салынғанына қарамастан үйлену тойын өткізгендер анықталды. Бұл Қарғалы ауылында болды. Мейрамхана иесіне 26 500 теңге айыппұл салынды, – дейді өңірлік Полиция департаментінің өкілі Ерболат Сарқұлов. Ол мұндай жағдайдың осымен екінші рет тіркелгенін айтып отыр.Жамбыл облысында да құдалық өткізіп, қызын ұзатқан Талапты ауылының тұрғынына Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 476-бабының 6-бөлігіне сәйкес 10 айлық есептік көрсеткішпен айыппұл салынды. Бұл анықталғандары ғана, жазасыз қалғандары бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Тойдан бөлек, карантин кезінде көкпар ұйымдастырғандар да бар. Алматы облысының полициясы облыс аумағында бір топ ер адамның облыстағы елді мекендердің бірінде жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілерге қауіп төндіріп, көшеде көкпар тартқаны туралы бейнежазбаны тапты. Анықтау барысында оқиғаның 23 наурызда сағат 17.00 шамасында Шамалған ауылының Жібек жолы көшесінде түсірілгені белгілі болды. 27 жастағы тұрғынның іс-әрекетіне байланысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 476-бабына сәйкес, яғни «Төтенше жағдай тәртібін бұзу» дерегі бойынша әкімшілік өндіріс қозғалып, нақты процессуалдық шешім қабылдау үшін материал ауданаралық сотқа жолданған. Сондай-ақ Жуалы ауданына қарасты Нұрлыкент ауылында көкпар өткізген 37 жастағы тұрғын жазаланды. Көкпар тартыс 27 наурызда ауыл тұрғындары арасында өткізілген. Нұрлыкенттік азамат баласының 6 жасқа толған туған күнін осылай тойламақшы болған. Тәртіп сақтамаған тұрғын 7 тәулікке қамауға алынды. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Вирустың адам көп жиналатын орындарда тез таралатынын біле тұра осындай іс-шараларға қатысушылар да толастамай тұр. 26 наурыз күні елімізде әйел адам коронавирус дертінен көз жұмғаны туралы хабарланған болатын. Ол Ақмола облысы Қосшы ауылының 64 жастағы тұрғыны екені айтылды. Мәлім болғандай, марқұм шетелге шықпаған және ЖРВИ, коронавирус дертіне шалдыққандармен байланыста болмаған. 13-17 наурыз аралығында Алматыға және Шуға қонаққа барған. Міне, төтенше жағдай кезінде той тойлаудың соңы да қайғылы жағдаймен аяқталды. Сондықтан белгіленген уақыт аралығында адамдардың үйінен шықпай, сақтық шараларын сақтағаны өзі үшін де, елі үшін де маңызды екенін ұғынар сәт әлдеқашан келді. Таяуда Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев карантин жарияланған қалаларда режимді бұзғандарға енді аяушылық болмайтыны туралы ескертті. Ол сондай-ақ азаматтар мен автокөліктердің қозғалысы да қатаң тексерілетінін хабарлады. Қазіргі уақытта көп қалаларда карантин жариялануда. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантиндік режим күшейтілді. Көпшілік жиналатын жерлер жабылып, көшеде 3 адамнан артық жиналуға тыйым салынды. Екі қалада да көшеде полицей әр көлікті тоқтатып, түсініктеме алады. Қазір той тойлайтын емес, елді, халықты ойлайтын уақыт. Осы сынақтан өтсек, тойланатын тойдың бәрі алда. Елдегі болып жатқан жағдайға немқұрайды қарамай, төзімділік пен шыдамдылық танытсақ, бұл індетке де төтеп береміз.
Абылайхан ЖҰМАШ