Тойды ойлама, елді ойла
Тойды ойлама, елді ойла
155
оқылды
Әлем коронавируспен күре­сіп жатыр. Қазақстанда да тө­тенше жағдай жарияланды. Бірақ кейбір азаматтарымыз әлі жай­ба­­рақат. Соның салда­рынан ви­рус жұқ­тырғандар күн өткен са­йын кө­беюде. Ал той­шыл қа­уымға елі­­міздегі тө­тен­ше жағ­дай да тосқауыл бола алмауда. Төрт­күл әлем ішінен тынып, індеттен үрейленіп отыр­­ғанда «біздің қазекең» той той­лауын тоқтатар емес. Мысал ретінде айта кетейік, бір ғана Түркістан облысында дәл осындай себеппен әкімшілік құқықбұзу­шы­лық­пен 16 тұлға қамауға алыныпты. Өзге аймақтардағы жағдай да осы тақілеттес. Талаптарды ескермей, үйінде той жа­саған жекелеген азамат­тар, кафе, мей­рамхана және басқа да ойын-сауық орын­дарының иелері тиісті жазаға тар­тылып жа­тыр. Құқық қорғау орган­дары тарапынан төтенше жағдай жария­ланғалы бері Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 476-бабымен 49 тұл­ғаға әкімшілік хаттама толтырылды. Түркістан облысы әкімдігінің бас­пасөз қызметінен алған «онлайн» мә­ліметке сүйенсек, облыста төтенше жағ­дайға қарамастан құдалық өткізіп, қыз ұзатқан, туған күн тойлаған аза­маттар 5 тәулікке қамалды. Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді сақта­мағаны үшін Әкімшілік құқықбұзу­шылық туралы кодекстің 476 «Төтенше жағдай режимін бұзу» бабы бойынша 115 нысанға құқықбұзушылық туралы хаттама рәсімделіп, сотқа жолданған. Қызылорда облысында да ескертуге құлақ аспай, төтенше жағдай режимін бұзып, қызының ұзату тойын жасаған тұрғын жауапқа тартылды. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде 27 наурыз күні сағат 17.30 шамасында Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының тұр­ғыны қызының ұзату тойын жасағаны анықталды. Той иесіне қатысты Әкім­шілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 476-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, жинақталған құ­жаттар сотқа жолданды. Онлайн-ре­жим­де өткен сот шешімімен оған 10 ай­лық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Шектеу енгізілгелі Қызылорда облысының аумағында төтен­ше жағдай режимін бұзып, той жасаған 13 жеке тұлға әкімшілік жауапқа тартылды. Індетке шалдыққандардың аз күнде Қызылорда облысында да көбеюіне бай­ланысты Қызылорда қаласы мен Жаңа­қорған ауданында карантин жа­рия­ланды. Төтенше жағдай кезінде спорт­тық, ойын-сауық және басқа да бұқа­ралық іс-шаралар, сондай-ақ отба­сы­лық, атаулы іс-шараларды өткізуге ты­йым салынды. Соған қарамастан Шиелі ауданы Төңкеріс ауылының әкімі туыс­қанының үйіндегі келін түсіру тойына қатысыпты. Әкім өзі үйінде отырмаса, басқа ауыл тұрғындарынан не күтуге болады? Ақтөбе де той тойлаудан қалысар емес. Аз ғана уақыттың ішінде облыс бо­йынша 74 ереже бұзушылық анық­талған.
– Ереже бұзатындардың көбі түнгі 22.00-ден кейін жұмыс істеп жатқан кафе мен дүкендердің иелері. Оған қоса, олар маска тақпайды, адам көп жина­латын іс-шаралар ұйымдастырады. ­Ты­йым салынғанына қарамастан үйле­ну тойын өткізгендер анықталды. Бұл Қар­ғалы ауылында болды. Мейрамхана иесіне 26 500 теңге айыппұл салын­ды, – дейді өңірлік Полиция департа­ментінің өкілі Ерболат Сарқұлов. Ол мұндай жағдайдың осымен екінші рет тіркелгенін айтып отыр.
Жамбыл облысында да құдалық өткізіп, қызын ұзатқан Талапты ауылы­ның тұрғынына Әкімшілік құқықбұзу­шылық туралы кодекстің 476-бабының 6-бөлігіне сәйкес 10 айлық есептік көрсеткішпен айыппұл салынды. Бұл анықталғандары ғана, жазасыз қалған­дары бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Тойдан бөлек, карантин кезінде көкпар ұйымдастырғандар да бар. Ал­маты облысының полициясы облыс аумағында бір топ ер адамның облыстағы елді мекендердің бірінде жаяу жүргін­шілер мен көлік жүргізушілерге қауіп төндіріп, көшеде көкпар тартқаны тура­лы бейнежазбаны тапты. Анықтау барысында оқиғаның 23 наурызда сағат 17.00 шамасында Шамалған ауылының Жібек жолы көшесінде түсірілгені белгілі болды. 27 жастағы тұрғынның іс-әрекетіне байланысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 476-бабына сәйкес, яғни «Төтенше жағ­дай тәртібін бұзу» дерегі бойынша әкім­шілік өндіріс қозғалып, нақты про­цес­суалдық шешім қабылдау үшін материал ауданаралық сотқа жолданған. Сондай-ақ Жуалы ауданына қарасты Нұрлыкент ауылында көкпар өткізген 37 жастағы тұрғын жазаланды. Көкпар тартыс 27 наурызда ауыл тұрғындары ара­сында өткізілген. Нұрлыкенттік аза­мат баласының 6 жасқа толған туған күнін осылай тойламақшы болған. Тәртіп сақтамаған тұрғын 7 тәулікке қамауға алынды. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Вирустың адам көп жиналатын орындарда тез таралатынын біле тұра осындай іс-шараларға қатысушылар да толастамай тұр. 26 наурыз күні елімізде әйел адам коронавирус дертінен көз жұмғаны туралы хабарланған болатын. Ол Ақмола облысы Қосшы ауылының 64 жастағы тұрғыны екені айтылды. Мәлім болғандай, марқұм шетелге шық­паған және ЖРВИ, коронавирус дертіне шалдыққандармен байланыста бол­ма­ған. 13-17 наурыз аралығында Алматыға және Шуға қонаққа барған. Міне, төтенше жағдай кезінде той тойлаудың соңы да қайғылы жағдаймен аяқталды. Сондықтан белгіленген уақыт аралы­ғында адамдардың үйінен шықпай, сақтық шараларын сақтағаны өзі үшін де, елі үшін де маңызды екенін ұғынар сәт әлдеқашан келді. Таяуда Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев карантин жарияланған қалаларда режимді бұзғандарға енді аяушылық болмайтыны туралы ескертті. Ол сондай-ақ азаматтар мен автокө­ліктердің қозғалысы да қатаң тексе­рілетінін хабарлады. Қазіргі уақытта көп қалаларда карантин жариялануда. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантиндік режим күшейтілді. Көпшілік жиналатын жерлер жабылып, көшеде 3 адамнан артық жиналуға тыйым салынды. Екі қалада да көшеде полицей әр көлікті тоқтатып, түсініктеме алады. Қазір той тойлайтын емес, елді, ха­лықты ойлайтын уақыт. Осы сынақтан өтсек, тойланатын тойдың бәрі алда. Ел­­дегі болып жатқан жағдайға немқұрай­ды қарамай, төзімділік пен шыдамдылық танытсақ, бұл індетке де төтеп береміз.  

 width=    Абылайхан ЖҰМАШ