Айтылғанмен не пайда?
Иә, бұл мәселе Үкіметте, Парламентте, әр аймақтағы әкімдіктерде айтылып, жазылып та жатыр. Жаза қолданамыз деп айтты. Бірақ тоқтата алмай отырғанымыз кімге сын? Бұдан кейін «біздегі заң әлсіз бе? Әлде, заңға ешкім бағынбай ма?» деген сұрақ туындайды. Сапалы салынған құрылыс қатты жел, дүлей бораннан да қорықпайды. Бұған елу-алпыс жыл бұрынғы бой көтерген ғимараттардың бүгінгі күнге дейін сыр бермеуі мысал бола алады. Сапасыздық емес пе, былтырғы жылы тұрғын үй, бірнеше білім ошағы зардап шекті. Мысалы, Атырау облысында күні бойы соққан шаңды дауыл көз аштырмай, жұртшылықты әбігерге салғаны бар. 2019 жылдың сәуір айында Атырауда қайта жаңғыртудан өткен көпқабатты үйдің шатыры ұшып кетті. «Гаджиев» жеке кәсіпкерлігі 100 пәтерлік бес қабатты үйді 29 млн 500 мың теңгеге қайта жаңғыртқан. Алайда тұрғындардың құрылыс жұмыстарына бірден көңілі толмапты. Бірнеше рет ескерту жасағанмен, ойдағыдай істемеген. Роза Сағатова, тұрғын: «Керісінше, қайта жаңғыртамыз деп, бұрынғы жағдайынан айырылып қалдық. Баспалдақтарды өзіміз жасадық. Менің үйім 3 бөлмелі, ортада орналасқан. Сондықтан айына 4 мың теңге төлеймін. Он жыл бойы. Әлі бірнеше жыл төлеуім керек» деген еді. Ал 5 маусымда Павлодар облысы Ақсу қаласындағы судай жаңа 5 қабатты үйдің шатырын түгел жұлып әкеткен. Осының кесірінен пәтерлерге су кіріп, жұрттың дүние-мүлкі бүлінді. Құлаған шатыр мұндағы он шақты көлікті де зақымдапты. Негізінде бұл үй осыдан 4 жыл бұрын ғана «Жас отау» бағдарламасы бойынша салынған. Сапасыз салынғаны сонша, бір жазда үйдің шатыры осымен екінші мәрте қираған. Биылғы 2020 жыл да бірқатар құрылыстың сапасыз екенін көрсете бастады. 25 наурыз күні Қызылорда облысында қатты желдің әсерінен бір мектептің шатыры ұшып кетті. Облыстық жұмылдыру басқармасының мәліметінше, бұл оқиға Жаңақорған ауданына қарасты Қосүйеңкі ауылында орын алған. Ауылдағы №161 орта мектептің шатыры 150 шаршы метр аумақта бүлінген. «Оқиға орнына мамандар арнайы техникамен барып көрді. Қайтыс болғандар және зардап шеккендер жоқ» деп мәлім етті ведомстводан. Сонымен қатар Қызылорда қаласындағы университет ғимаратының шатыры да ұшып кетті. Электр бағанасы құлап, бірнеше ауыл жарықсыз қалды. Дәл осыған ұқсас жағдайларды тізе берсек «күн батырып, таң атырмасақ та» бірнеше уақытқа созылары сөзсіз.Өткеннен сабақ алсақ
Сапасыз салынып, ертеңіне қабырғасы сөгіліп, ішкі-сыртқы сылақтары құлап, шатыры ұшып, төбеден су сорғалап ағып, елдің мазасын алған үйлер мен ғимараттардан сабақ алсақ. Жоқ. Елімізде салынған он құрылыстың бесеуінің сапасы сын көтермейді. Жемқорлық жайлаған қазақ қоғамында бұл дертпен күресудің оңтайлы жолы табылмай тұр. Тендер өткізудің басты мақсаты болашақ нысанды салатын мердігер ұйымның тапсырманы орындай алатын әлеуетін анықтау болатын болса, бұл бізде кемшін түсіп жатқаны анық жағдай. «Мердігер құрылыс компаниясының нысанды сапалы әрі дер кезінде салуға экономикалық, техникалық мүмкіндігі жете ме? Материалдық және қаржылай қуаты жеткілікті ме?» деген сұрақтарға бізде ешкім бас ауыртпайтын сияқты. Қаржылық әлеуеті құрылыс нысанын салуға немесе қайта күрделі жөндеуден өткізуге жетімсіз мердігер ұйымдар үнемдеп, арзан әрі сапасыз құрылыс материалын пайдаланатыны тағы бар. Құрылыс алаңында тиісті тәжірибесі мен кәсіби мамандығы жоқ адамдар да жұмыс жасап жүр. Осыдан кейін кімнен сапа сұрайсың? ТҮЙІН:Құрылыс саласы сыбайлас жемқорлықтан алдыңғы орынның бірін бермей келе жатқаны елге мәлім. Олай болса, құрылыста да тендер өткізгенде мердігер компанияда білікті басшы, тәжірибелі құрылысшы, өз мамандығының иесі жұмыс істегені дұрыс. Сонымен қатар сапаға көңіл бөлінбесе, ертеңгі күні де үлп еткен жел тұрса, шатырлар ұшып, ток сөніп, халықты әбігерге сала берері сөзсіз.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ