Қауесеттің құрбандары
Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, олардың барлығы дерлік Қарағандыдағы провизорлық емдеу мекемесіне оқшауландырылған. Дәрігерлер олардың денсаулығын қадағалау, тексеру барысында кейбірінің алкогольді өнімдер тұтынып жүргенін байқаған. Енді карантин режимін бұзған осы азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылмақ. Мұндай жағдай тек елімізде ғана емес, әлемде де белең алып отыр. Жуырда Иранда коронавирустан қорғанбақ болған 200 азамат ішімдіктен уланып, көз жұмған. Олардың ішінде ата-анасы ішімдікпен «сақтандырған» бала да бар. Түркияда да осындай жағдай тіркелді. Қолдан жасалған арақпен қорғанбақ болған 60 түркімен мигранты ауруханаға түсіп, олардың 15-і қайтыс болды. Қалғандарының да жағдайы ауыр. Полицияның мәліметінше, олардың улануына ішімдіктің метил спиртінен дайындалуы себеп болған. Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласында дүкендердің жұмыс уақыты сағат 10.00 мен 20.00 аралығына дейін қысқартылды. Жасыратыны жоқ, дүкенге бара қалсаңыз, ащы суды сатып алушылар қарасы көбейгенін аңғарып жүрміз. Дәріханадан вирустан қорғану үшін қолды шаюға арналған антисептик таба алмағандар орнына арақты қолдануға мәжбүр болып отыр. Осыған орай, қаладағы дүкенге барып, ішімдік саудасы жайлы сұрап көрген болатынбыз. «Коронавирус таралып жатыр дегеннен-ақ арақ сатып алушылар айтарлықтай көбейді. Бұрын 2 күнде саудаланатын ішімдік мөлшері 1 күнде өтіп жатты. Көбі вирустан сақтану үшін деп айтады. Бірақ дүкендердің жұмыс уақытын қысқартқалы бері ішімдік алушылар сәл де болса азайды», – дейді есімін жарияламауды өтінген «Ақ-Тілек» дүкенінің иесі. Сонда шынымен ішімдік вирустың алдын ала ма? Ал дәрігерлер мұның жаңсақ пікір екенін айтады. Коронавирус иммунитеті төмен адамдарға тез жұғады, ішімдік сәйкесінше адам иммунитетін төмендетеді. Сол себепті індет жайлаған уақытта арақтан келер пайда жоғы анық.Ішімдік ежелден жау
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, жыл сайын алкоголь кесірінен әлемде 3 миллионнан астам адам қайтыс болады екен. Олардың 75 пайызы – ер адамдар. Тиісінше елдегі жағдай да мәз емес. 2018 жылы 23 мыңнан астам қазақстандық ішімдіктен уланып, олардың 1 мыңға жуығы қайтыс болған. Ішімдіктің мөлшері қандай болса да, аз не көп болсын, денсаулыққа зиян. Вашингтон университеті ғалымдарының айтуынша, әлемдегі әр үш адамның бірі спиртті сусын тұтынады. Осыдан соң ішімдік қай кезде де адамзат баласы үшін зиян болғанын аңғаруға болады. – Ішімдік адам ағзасынан бұрын психика мен санаға қатты әсер етеді. Содан келіп қоғамда түрлі қылмыс пен түсініспеушілік болады. Спирттің зияны жайлы талай жарияланды, насихатталды, бірақ тыйыла салар адам аз. Соңғы кезде ішімдіктен уланғандар көбейді, жастар да жетерлік. Бұған ішімдік сапасына сенуге болмайтынын түсінеміз. Көп адам өзінің жүрек ауруы мен қан қысымына экологиялық факторды кінәлап жатады. Бірақ ішімдікті есепке алып жатқан адам жоқ, – дейді эпидемиолог-дәрігер Алтын Тасбергенова. ТҮЙІН:Біз берідегі жайларды тілге тиек еттік. Арғысын айтар болсақ, ежелгі Рим заңында арақ-шарапты 30 жасқа толмаған адамдарға ішуге тыйым салынған екен. Не себепті? Зияны мен одан келер қауіпті білгендіктен деп топшыласақ болады. Ертедегі аран – сол аран. Сондықтан төтенше жағдай кезінде дерттің алдын алу үшін ішімдіктің пайдасы жоқ екенін көпшілік назарға алса дейміз.
Мадияр ТӨЛЕУ