Еліміздің үшінші мегаполисі де 31 наурыз сағат 21.00-ден бастап шекарасын жапты. Қалада карантин жарияланбаса да, сақтық үшін тұрғындардың жүріп-тұруына шектеу шаралары күшейді. Соның бірі – қала аумағында транзиттік жүк көліктері мен тіршілікті қамтамасыз ететін қызметтің арнайы автокөлігінен басқа транспорттың кіруі мен шығуына тыйым салынды.
Өздеріңізге белгілі, Түркістан облысы осыдан 2 жыл бұрын ғана бөлініп шыққан болатын. Ал облыс орталығы Түркістан қаласында болғанымен, әкімдіктегі, басқа да сала қызметкерлері әлі күнге дейін Шымкент қаласынан қатынап жұмыс істейді. Одан бөлек, облыстың аудандары мегаполиспен айнала шекаралас. Демек, тіршілігі біте қайнасқан екі аймақты шекара ғана бөліп тұр демесеңіз, адамдарын бөлу мүмкін емес. Осы орайда, Шымкент қаласында жұмыс істейтін Түркістан облысына қарасты елді мекен тұрғындары арасында үлкен пікірталас туды. Шымкент қаласының төтенше жағдай жөніндегі штабы елімізде күрделі кезеңге орай осындай мәселелері бар қызметкерлердің кіріп-шығуына рұқсат бермеді. Жұмыс орнынан берілген анықтама қажетке жарамайды. Бұл талапқа тұрғындар көндіккісі келмей, бекеттерде айқай-шу шығуда. Осы мәселеге орай, қала әкімі Мұрат Әйтенов бірқатар бекетті аралап, ондағы жиналған жолаушыларға шектеу кезіндегі талапты сақтап, үйлеріне қайтуға кеңес берді, сабырға шақырды. Тоғыз жолдың торабында жатқан Шымкент қаласы үшін қауіпсіздік шараларын барынша күшейту қажетін түсіндірді.
Ал бекеттен тіршілікті қамтамасыз ететін көліктер мен транзиттік жүк автомобильдерінің еш кедергісіз өтуі керегін атап өтті. Халықаралық маңызға ие «Ташкент – Алматы–Термез» тасжолындағы «Ақжар», «Шымкент – Самара» бағытындағы, яғни қаладан Түркістанға шығатын «Бадам» бекеті мен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізіне қосылатын «Бозарық» бекетіне барған қала басшысы бірінші кезекте барлық бекетте «Жасыл дәліз» ұйымдастыруды тапсырды. Көлік жүргізушілері мен оның салонындағы жолаушы міндетті түрде тіркеуге алынып, медициналық құрылғымен тексеріліп өткізіледі.
Қала басшысы одан соң бірқатар көтерме базарды аралап, бағаны негізсіз көтеріп, тазалықты сақтамаған жағдайда базар жабылатынын ескертті. Мұрат Дүйсенбекұлы «Жібек жолы», «Қазыбек» базарында болып, ондағы саудагерлермен жүздесті. Сонымен қатар базарға келген сатып алушылардың шағымын жеке-жеке тыңдап, бағаны тұрақтандыру үшін атқарылып жатқан жұмысты түсіндірді. Ең бастысы, билік базарды аралаған кезде бағаны арзандатып, одан кейін көтеріп жіберген орындардың жазаланатынын жеткізді.
Мұрат Әйтенов кәсіпкерлерді осындай қиын-қыстау кезінде пайда тауып қалуды ойламай, елге мейлінше қол ұшын беруге шақырды.
Бұл күні қала әкімі Шымкенттегі ең ірі «Барыс-2007» ЖШС қоймасына барды. Серіктестік қоймаларында ұн, макарон өнімдері, тұз, тағы басқа тұтыну тауарының жеткілікті қоры бар екеніне көз жеткізді. Атап өтейік, «Барыс-2007» ЖШС ұннан түрлі макарон өнімін шығарады. Қазіргі таңда қажетті шикізат бар. Серіктестік сондай-ақ 4 облысқа өнімін жөнелтеді. «Тасымалдау теміржол арқылы жүргізіліп жатыр. Еш кедергі жоқ», – дейді «Барыс-2007» ЖШС-нің бас директоры Айжан Найымбетова.
Қаладағы азық-түлік қоры сақталған қоймаларды да аралап шыққан қала әкімі тауар тасымалдауда қиындық жоқ екеніне көз жеткізді. Бағаны тұрақтандыру үшін биыл қордан 1,9 миллиард теңге қарастырылған. Мұрат Дүйсенбекұлы қажет болған жағдайда тағы 800 миллион теңге бөлуге болатынын жеткізді. Тұрақтандыру қорының көлемі 2,2 миллиард теңгені құрайды.
Бүгінде қала әкімінің бастамасымен Шымкентте азық-түлік бағасын бақылайтын жедел жұмысшы тобы құрылған. Әлеуметтік маңызы бар 11 азық-түлік тауарының бағасын тұрақтандыру үшін Gramad Retail ЖШС-мен келісімшарт түзілген. Сауда орны жыл соңына дейін бағаны тұрақты ұстап тұрады.