Бөлінген қаражат халық игілігіне жұмсалады
Бөлінген қаражат халық игілігіне жұмсалады
243
оқылды
Қызылорда облысы әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың жетекшілігімен төтенше жағдайға қатысты штаб отырысы өтті. Оған қала және аудан әкімдері бейнеселекторлық байланыс арқылы қатысты. Халықты коронавирустың таралуы алаң­датуда. Бұл жағдайды әлемдік экономикалық дағдарыс, доллар бағамының шарықтауы және азық-түлік бағасының тоқтаусыз өсуі секілді келеңсіз жайттар одан әрі күрделендіре түсуде. Өкінішке қарай, Қызылорда облысы COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны жөнінен елімізде үшінші орынға шықты.  Облыста 26 азаматтан коронавирус инфекциясы анықталды. Соңғы мәліметтерге қарағанда, вирус жұқтырғандардың көбі –Жаңақорған ауданында. Онда 16 адамнан вирус анықталды. Ал Қызылорда қаласында – 6, Қар­мақшыда – 2, Шиеліде  2 адамның бойында вирус бар екені белгілі болды. Жалпы, облыс бойынша ин­фекциялық стационарда – 18, прови­зорлық стационарда – 8, ка­ран­тин стационарында  95 азамат жатыр. Облыстағы күрделі жағдайға байланысты жиын өткізген аймақ бас­шысы атқарылатын істерді ай­қындап алудың маңызын атап өтті. – Жағдайға байланысты алдағы міндетті айқындап, жасалатын жұ­­мыс­ты нақтылауымыз қажет. Бү­гінгі күнге дейін атқарылған іс-әре­­кеттерге көңілім толмайды, – деді жиын басында Гүлшара Әбдіқалықова. Президент Әкімшілігі басшы­сының тапсырмасына сәйкес, коро­навирус індетінің алдын алу бо­­йын­ша жедел штабты өзі бас­қа­ра­тынын айтқан Гүлшара Әбдіқалықова барлық жауапты қызметкерлерге дәл қазіргі жағ­дайда бейқам болмауды баса ескертті. – Облыс әкімінің аппараты, қала және аудан әкімдері сіздерден төтенше жағдай мерзімінде тәу­лігіне 24 сағат жұмыс екенін ес­кертемін. Телефон қосулы болып, жедел әрекетке дайын болыңыздар! Өткен аптада Президенттің төра­ғалығымен Төтенше жағдай­лар жө­нін­дегі мемлекеттік комиссия­ның отырысы өткенін білесіздер. Онда Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметке, аймақтарға және жауап­ты ведомство басшыларына нақты тап­сырмалар берді, – деді облыс әкімі. Сондай-ақ бұған дейін Пре­зидент қымбат көлік пен жиһаз сатып алуға, түрлі форум, се­минар, конференция өткізуге жұм­салатын шығындарға  ұзақ­мерзімді мораторий жариялауды тап­сырғанын баса айту керек. Қалып­тасқан төтенше жағдай тұсында ысырапшылдыққа жол берілмей, бөлінген қаражат елдің мүддесіне қызмет етуі тиіс. Сонымен бірге облыстық Мемлекеттік сатып алу бас­қар­масы тапсырыс беру­ші­лер­дің мемлекеттік сатып алу­ды өт­кізуге қатысты өтінімін қарас­тыру кезінде осы тапсырманы басшылыққа алуы керек. Аталған мәселені осылай нақтылай түскен об­лыс әкімі төтенше жағдай кезін­де дерттің алдын алу – басты мақ­сат екенін айрықша ескертіп, тапсырмалар берді. – Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне коронавирус індетінің өңірімізде таралып жатқанын ескеріп, қажетті шаралар қабылдау үшін жедел штаб жұмыстарын дер­бес басқаруды жүктеймін. Ай­тылған жауапты тұлғалармен қа­тар, облыстық Денсаулық сақ­тау басқармасы, Тауарлар мен көр­сетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті елі­міздің  бас санитарлық дәрі­герінің республика көлемінде қауіп­сіздік шараларын қамтамасыз ету ту­ралы №27 және облыстың бас сани­тарлық дәрігерінің №3 қау­лыларынан туындайтын талаптар қа­таң сақталуы тиіс, – деп жүктеді Г.Әбдіқалықова. Мұнан өзге аймақ басшы­сының тапсырмасына сәйкес, об­лыстық жұмылдыру дайындығы бас­қар­масы қала аума­ғында залал­сыз­дан­дыру жұмыстары мен коро­на­­вирусқа қарсы санитарлық-эпи­демио­логиялық шараларды ұйым­дастыру мақсатында әскери бөлімдер мен құқық қорғау ор­ган­дарына қажетті бетперде, медициналық құрал-жабдық, анти­септиктерге керекті қаржы көлемін нақтылап, есебін облыстық Эко­номика және бюджеттік жос­парлау басқармасына ұсынуы керек. Ұсынымға орай облыстық Эко­номика және бюджеттік жос­парлау басқармасы қаржы бөлу мүмкіндігін қарастырмақ. Бұған Қызылордада коронавирус инфек­циясымен тіркелген науқастардың көбеюіне байланысты қала әкім­дігіне 200 млн теңге көлемінде қаржы бөлуді қарастыру туралы да қосымша айтылды. Штаб жиынында қала, аудан әкімдерімен бірлесіп қашықтан оқыту бойынша білім беру ұйым­дары мен оқушылардың дайын­дығы, қалааралық, аудан, ауы­ларалық жолаушы тасымалдайтын автобус, такси қызметіне шектеу, аймақтағы ірі компаниялар барлық жұмысшыларын өз қаражаты есебінен вирус індетін анықтайтын тесттен өткізуіне ықпал жасау қа­жеті  айтылмай қалмады. Аймақ басшысының пікірінше, коронавирус инфекциясының алдын алу шараларының ақпарат­тан­дырылуы өз деңгейінде емес. Се­бебі облыстық Денсаулық сақ­тау бас­қар­масы және облыс­тық Тауарлар мен көрсетілетін қыз­мет­тердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің арасында өзара байланыс жоқ. – Оған дәлел, облыста тіркел­ген екінші науқас туралы ақпарат республикалық сайттарда 29 нау­рыз күні таңғы сағат 09.00-де жа­рық көрсе, облыстық өңірлік ком­муникациялар қызметінің брифинг орталығынан тек 12.00-де ғана жарияланған. Тұрғындардың түрлі келеңсіз талқылауларынан кейін, журналистер нақты ақпарат­ты 3 сағаттан соң алуға мәж­бүр бол­ды. Сондай-ақ 30 нау­рыз күні об­лыстық Тауарлар мен көр­сетілетін қызметтердің сапасы мен қауіп­сіздігін бақылау департамен­ті­нің Facebook парақшасына об­лыс­тың бас санитарлық дәрі­гері­нің қау­лысын жариялаған.  Оның мәті­ні түсініксіз, қарапайым тұрғындар­дың оқуына өте ауыр. Құжатта қа­те­лік­тер көп, – деді облыс бас­шысы. Жиында осындай кемшілік­терді болдырмау үшін облыс әкімі өз орынбасары Н.Байқадамовқа нақты шаралар қабылдап, жұмыс­ты үйлестіруді жүктеді. Күрделі мә­селенің бірі – қиын уақытта жұмыс орындарын сақтап қалу. Осыған алаңдаған облыс әкімі түрлі қауесет пен арандатушылыққа жол бермей, жұмыс орындарын сақтауды сала басшыларына тапсырды. – Облыстық Жұмыспен қамту­ды үйлестіру және әлеуметтік бағ­дарламалар басқармасы қала және аудан әкімдерімен бірлесіп, өңірдегі бос жұмыс орындарына күнделікті мониторинг жүргізуі тиіс. Жұмыспен қамту бойынша шара қабылдап, нақты санды екі күн мерзім ішінде баяндасын. Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты табысынан айырыл­ған­ды ай сайынғы төлемдер мен көпбалалы отбасыларды, мүге­дек­терді және халықтың әлеуметтік осал топтарын тегін азық-тү­лік тұрмыстық жинақтармен қам­тамасыз ету бойынша жұмыстарды сапалы әрі уақытылы жүргізілуін қатаң ескертемін, – деді Гүлшара Наушақызы.  

Миуа БАЙНАЗАР, Қызылорда облысы