Ресей Федерациясына жұмыс сапары аясында Қазақстан Премьер-министрі Асқар Мамин Ресей Үкіметінің Төрағасы Дмитрий Медведевпен келіссөздер өткізді.
Кездесуде екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, сауда-экономикалық саладағы, инвестициялық ынтымақтастықтағы, өнеркәсіптік кооперациядағы, көлік-транзит саласындағы, ғарыш қызметіндегі өзара іс-қимылды одан ары нығайту және арттыру, шекара маңы ынтымақтастығын және аймақаралық байланыстарды дамыту мәселелері қаралды.
«Екі ел арасындағы ашық сенімді қатынастар Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің стратегиялық бағдарына сүйене отырып, барлық салада қарқынды дамып келеді», – деді Асқар Мамин.
Ол Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың Мәскеуге жуырдағы ресми сапары және жоғары деңгейде өткен келіссөздер екі елдің стратегиялық өзара іс-қимылының одан ары дамуына қосымша серпін бергенін айтып, бірлескен белсенді жұмысқа бағытталған, қол жеткізілген уағдаластықтардың маңызын, бүгінгі кездесудің аталған уағдаластықтарды іске асырудың тәжірибелік қадамдарын талқылаудың жақсы мүмкіндігі екенін жеткізді.
Ресей үкіметінің төрағасы Д.Медведев Қазақстан Премьер-министрінің Мәскеуге сапарының бірқатар стратегиялық міндеттерді талқылап, шешудегі, тек екіжақты форматта емес, сондай-ақ ЕАЭО аясында күн тәртібінде тұрған ауқымды бағдарламаларды іске асырудағы маңызын атап өтті.
Қазақстан Премьер-министрінің Ресейге жұмыс сапары аясында, Қазақстан Үкіметінің басшысы А.Мамин мен Ресей үкіметінің басшысы Д.Медведевтің қатысуымен «КАМАЗ» көлік жабдықтары маркасы үшін техника және құрамдастарын өндіру жобасын іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Келісімге Ресей Өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары А.Морозов, Қазақстан Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі А.Ержанов, «КАМАЗ» ААҚ бас директоры С.Когогин, Қазақстандық автобизнес қауымдастығының президенті А.Лаврентьев, «БРК-Лизинг» АҚ басқарма төрағасы Н.Байбазаров, Tobolkz ЖШС басқарушы директоры Д.Шүкіжанова қол қойды.