Ирандық қалы кілем арзандайды
Ирандық қалы кілем арзандайды
431
оқылды
Дариға Назарбаеваның төраға­лығымен өткен Сенат отырысында Жоғарғы палата депутаттары бір­қа­тар халықаралық құжаттарды ратификациялап, Президент­тің қол қоюына жіберді. Атап айтқанда, сенаторлар Қа­зақстан және Ресей үкіметтері ара­сындағы «М.Ломоносов атын­дағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиа­лы­ның жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялау туралы» заңын қабылдады. Бұл құжатқа сәйкес, ресейлік жоғары оқу орнының еліміздегі филиалында «математика», «қол­данбалы математика және ақпараттану», «филология», «экология және табиғатты пайдалану», «эко­номика» бағыттарындағы ма­ман­дықтарда бұдан былай Қазақстан тарихы мен қазақ тілі де пән тү­рінде міндетті түрде оқытылады. Бірақ келісім бойынша филиал­дағы оқу күндізгі, күндізгі-сырт­тай оқыту нысандары бойынша жү­зеге асады және орыс тілінде жүргізіледі. Қазақстанның мемлекеттік білім беру тапсырысының не­гі­зін­де филиалда оқуды тамамдаған Мәскеу университетінің түлектері Қазақстан заңнамасына сәйкес, білім грантын өз елімізде жұмыс істеп өтеуге міндеттеледі. Филиал­дың білім беру және қаржылық-шаруашылық қызметіне бірлескен тексеруді жүзеге асыру үшін ведом­ствоаралық комиссия құрылады. Мәскеулік ЖОО-ның елорда­лық филиалының қызметі Қазақ­станның республикалық бюдже­тінен (мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандар даярлауға бөлінген қаражат есебінен) қаржылан­ды­рылады. Дегенмен оқу орнына Қазақстан заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздерден қаражат тартуына рұқсат етілген. Сенат «Авторлық және сабақ­тас құқықтарды ұжымдық негізде басқару тәртібі туралы келісімді» де ратификациялады. Құжат автор­лардың, орындаушылардың, фо­нограмма жасаушылардың, өзге де авторлық және сабақтас құқық­тар иелерінің авторлық және са­бақтас құқықтарды іс жүзінде жеке түрде жүзеге асыру қиын болғанда немесе мүше мемлекеттердің заңна­маларында осы құқықтардың объектілерін құқық иеленуші­лер­дің келісімінсіз, бірақ сыйақы төлей отырып пайдалануға жол берілетін жағдайларда, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумақта­рында авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық негізде басқару тәртібін белгілейді. Бұдан бөлек, Еуразиялық одаққа мүше мемлекеттердің заң­намасында айқындалатын ав­тор­лық және сабақтас құқықтарды ұжымдық басқару салаларында құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдарды құру мүмкін­дігі көзделеді. Сенаторлар Еуразиялық эко­номикалық одақ пен Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда аймағын құруға қатысты уақытша келісімді күшіне енгізетін заңды да құптады. Құжатқа тарап­тар 2018 жылғы 17 мамырда елор­да­да қол қойған. Онда ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер мен Иран ара­сында бірқатар бекітілген тауар­ларға қа­тысты 3 жыл мерзімге пре­­ферен­циялық сауда режимін белгілеу және өзара саудадағы импорттық кеден баждарын азайту көзделеді. Ұлттық экономика министрі Рус­лан Дәленовтің айтуынша, Иран­мен еркін сауда аймағын құру бас­тамасын Елбасы 2014 жылы Кас­пий маңы мемлекеттері бас­шы­ла­ры­­ның саммитінде жария еткен екен. – Бұл келісімді іске асыру 80 миллионнан астам халқы бар Иранның перспективті нарығына отандық тауарлардың экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, мұндай келісімді жасау экспортты әлемдік нарыққа шы­ғару құралдарының бірі санала­ды. Иранмен өзара сауда көлемі 2018 жылы 516,3 миллион долларға жетті. Оның ішінде 82,6 пайызы – Иранға өткізген экспортымыз. Экспортқа шығарылған негізгі тауарларымыз қатарында арпа, болат илек, рапс тұқымы және қой еті бар, – деді бас экономист. Келісімге сәйкес, Иран тарапы 864 тауарға қатысты импорттық баж көлемін төмендетті. Иран на­рығына енді сиыр және қой еті, бұр­шақ дақылдары, өсімдік май­лары, макарон, кондитерлік өнім­дер, болат илек, рельстер, акку­муляторлар, арматура, құ­бырлар және тағы басқа да тауар­ларды жеңілдетілген тариф бойынша жеткізу мүмкін болады. Бұл тауарлар бүгінде Қазақ­станның қазіргі экспортының жартысынан астамын құрайтын көрінеді. Өз кезегінде Еуразиялық эко­номикалық одақ елдері, соның ішінде Қазақстан ирандық 502 та­уар үшін импорттық баж мөлшер­лемесін азайтты. Олардың ара­сын­да пісте, құрма, інжір, жүзім, кре­вет­калар, кондитерлік өнімдер, ыдыс, жуу құралдары, кілемдер, пласт­масса бұйымдары және бас­қалары бар. Ендеше, алда елімізде ирандық бұл тауарлар құны арзан­дауға тиіс. «Келісім ратификациялау рә­сім­дері аяқталған соң 60 күннен ке­­йін күшіне енеді. Келісімнің қол­­данылу мерзімі – 3 жыл. Рати­фи­­кациялаудан кейін 1 жыл ішінде тараптар еркін сауда аймағы ту­ралы тұрақты келісім бойынша ке­ліс­сөз­дерді бастайды», – деді министр. Жиынның күн тәртібі бойынша Сенат Жоғарғы соттың судьялары Ғалия Аққуова, Әділ Құрықбаев, Амангелді Сәрсенбаев, Моряк Шегеновті орнынан түсуіне байланысты, Еліс Әбдіқадыровты басқа қызметке тағайындалуына орай, қызметінен босатты. Отырыс соңында сенатор С.Еңсегеновтің Атырау – Орал – Самара теміржол бағытының құ­рылысын қаржыландыру жа­йын­дағы. Т.Мұқашевтің Беларусьпен бірлесіп, «ұшқышсыз ұшақ» өн­ді­рісін ұйымдастыру мәселелері бо­йынша, Д.Құсдәулетовтің қор­шаған ортаны қорғау шараларын қабылдау қажеттігі туралы депу­таттық сауалдары жария етілді. Отырыс соңында Сенат төра­ғасы Дариға Назарбаева депу­тат­тарды Экологиялық кодексті әзір­леуге белсенді қатысуға шақырып, бұл саладағы проблемаларды шешу қоғам үшін ерекше маңызды екенін айтты.