Түркістандағы құрылыс жұмыстары енді тәулік бойы жүргізіледі. Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысы Асқар Мамин осындай міндет қойды. Сапар аясында Премьер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөнінде берген тапсырмаларының орындалу барысын бақылады.Түркістандағы құрылыс жұмыстары енді тәулік бойы жүргізіледі. Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысы Асқар Мамин осындай міндет қойды. Сапар аясында Премьер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөнінде берген тапсырмаларының орындалу барысын бақылады.
Сонымен қатар ол биылғы 23 наурызда өңірге жұмыс сапары аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев берген тапсырмаларды ескеріп, қала құрылысын ары қарай жүргізудің кешенді мәселелерін қарады.
Үкімет жетекшісі қаланың әкімшілік-іскерлік орталығында облыс әкімдігінің, басқармалар мен департаменттердің ғимараттары, Медиа орталық, Конгресс-холл салынатын құрылыс алаңдарын аралады. Стадион, Оқушылар сарайы, Халыққа қызмет көрсету орталығы секілді әлеуметтік маңыздағы нысандар қала құрылысының басым бағытына айналады. Музыка мектебін, бассейні бар спорт сарайын, облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананы салу жобалары дайындық сатысында тұр. Халықтың қолайлы өмір сүруін қамтамасыз ету мақсатында өңірді абаттандыру нысандарын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Тұңғыш Президент паркі, аттракциондары бар қала саябағы, музыкалық фонтан, амфитеатр, арбат бой көтермек. Барлық құрылыс жұмыстары кестеге сай жүргізіліп жатқаны және белгіленген мерзімде аяқталатыны мәлімделді.
Премьер Асқар Мамин қаланы облыс орталығының кіру қақпаларымен байланыстыратын Б.Саттарханов даңғылының учаскесін тексерді: даңғылды реконструкциялау жұмыстары жүргіншілер жүретін бөлікті 18 метрге дейін кеңейтуге мүмкіндік береді. Үкімет басшысы Түркістан қаласының маңында «жасыл белдеу» құру, ирригациялық жүйені дамыту бойынша жұмыстарға қанықты. «Арыс – Түркістан» каналын қалпына келтіру және «Машинный» арнасын салу жоспары қаралды. Бұл жобаларды іске асыру суаруға арналған судың тапшылығы мәселесін толық шешіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің жыл сайынғы көлемін арттырады.
Бұдан бөлек, индустриялық аймақ аумағын кеңейту және TURKISTAN АЭА-сын іске қосу жобалары таныстырылды. Оның инфрақұрылымын жолға қою жеке инвестициялар ағынын ұлғайтуға мүмкіндік береді деп болжануда.
Қаланың тарихи-мәдени бөлігін дамытуға ерекше назар аударылды. А.Мамин Қ.Яссауи музейінің, Туристік визит-орталықтың, тарихи сәулет қалыбындағы Шығыс моншасының құрылысы жүріп жатқан жерлерді аралады. Өңір әкімдігі «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру және қалашықтың тарихи нысандарын реставрациялау жұмыстарының жоспарымен таныстырды.
Нысандарды қарау қорытындысы бойынша Премьер А.Мамин Түркістанның 2019–2020 жылдарға арналған Кешенді құрылыс және даму жоспарын іске асыру мәселелері жөнінде жұмыс кеңесін өткізді. Жиында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев құрылыс қарқыны, тарихи-мәдени нысандарды реконструкциялау, тұрғын үй мәселелерін шешу, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жеткізу, жолдардың сапасын арттыру, туризм, ауыл шаруашылығы салаларын, арнайы экономикалық аймақты дамыту жайында баяндады.
Жиында Үкімет мүшелерінің, сондай-ақ Ақтөбе, Павлодар, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары және Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары әкімдерінің Түркістандағы нысандарды жүзеге асыруға жауапты орынбасарларының есептері тыңдалды.
«Күшейтілген жұмыс тәртібіне көшеміз!» – деп нықтаған Премьер «екі апта ішінде құрылыс жұмыстарын тәулік бойғы режимге көшіруді» тапсырды.