Шымкентте танымал кафенің иесі қамалды
Шымкентте танымал кафенің иесі қамалды
214
оқылды
Шыны керек, шымкенттіктер әлі күнге дейін бейқам. Бізді құртатын да осы бейқамдық емес пе? Елімізде төтенше жағ­дай жарияланып, күн сайын сақтық шаралары күшейіп жатыр. Соған қарамастан қалтаның қамын көбірек ойлаған кәсіп­керлер бекітілген ережелерді сақтамай отыр. Шымкент қала­сының прокуратурасы мен басқа да мемлекеттік органдардың бірлесіп атқарған шаралары кезінде көптеген заңсыздықтар анықталған. Жалған ақпарат таратып, елді дүрліктіру жағдайы да жиі кездесіп жатыр. Мәселен, жуырда Facebook әлеуметтік желісінде: «Шымкентте Қазиев көшесіндегі бір мешіттен коронавируспен ауырған адам анықталыпты. Қырылатын бол­дық. Не деген топастық» деген мәтін­де жалған ақпарат тарады. Поли­цейлердің көмегімен осы жалған ақпаратты таратқан тұлға анық­талған. Бүгінде оның үстінен қылмыстық іс қозғалуда. Одан бөлек, төтенше жағдай режимін бұзған 29 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылса, оның 19-на қамау жазасы қолданылған. 1 сәуір күнгі әкімшілік істер бо­йынша мамандырылған ауда­на­ралық соттың қаулысына сәйкес, Тәуке хан және Ерімбетов көше­лерінде орналасқан «Жеті тандыр» кафе желісінің иесі тамақтану ны­сандарында санитарлық және дезин­фекциялық шараларды кү­шейту жөніндегі талаптарды өрес­кел бұзғаны үшін 4 күнге қамалды. Шымкент қаласының про­ку­ратурасы төтенше жағдай ре­жимін бұзған құқықтық тәртіпті бұзушылар   айыппұлдан бөлек, 30 тәулікке дейін қамалса, әкімшілік жазаға тартылғандар 10 айлық есеп­тік көрсеткішке дейін айыппұл немесе 15 күнге қамалатынын ескер­теді. Сонымен бірге азамат­тарды үрейге берілмеуге, сабырлық танытуға, жалған хабарламаларға назар аудармауға шақырады.  

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы