Дағдарыстың жаңа толқынына тап келгенде ел басшылығы да тың шешімдер қарастырып жатыр. Мемлекет басшысы үндеуінде агроөнеркәсіппен айналысатын кәсіпкерлерге қазынадан 70 миллиард теңге бөлінетінін айтты. Оған қосымша, көктемгі егіс науқаны үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы 100 млрд теңге тағы беріледі. «Үкіметке дизель отынының нарықтық бағасын он бес пайызға арзандатып, 165 теңгеге дейін төмендету міндеті жүктелді. Осыны қамтамасыз ету үшін 390 мың тонна дизель отыны жеңілдікпен сатылады», – деді Қ.Тоқаев.Осылайша, шаруа дәл қазіргі науқан қажеттілігіне дизель отынын арзанға алатыны белгілі болды. Бұған дейін Энергетика министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі бірлесіп, «Егін жұмыстарына дизель отынын жеткізуге арналған МӨЗ-ге аудандарды бөлу кестесін» бекіткен еді. Яғни, бұрын зауытта бір тонна дизель отынының бағасы 194 мың теңге (литрі – 161 теңге) болса, енді тоннасы зауытта 174 мың теңге немесе литрі 144 теңге деп бекітілді. Ендігі мәселе – оны шаруашылық иесіне осы бағамен жеткізу. Президент бағаның жол-жөнекей, делдалдар арқылы өсіп кетпеуін Бас прокуратура мен Үкімет тікелей қадағалауын тапсырды. Біздіңше, жалғыз дизель отыны ғана емес, ауылға бөлінген барлық қаражаттың, жеңілдетілген несиенің дер кезінде қолға тиюін жоғарыдағы құзырлы органдар бақылағаны жөн. Қазақстан – аграрлық әлеуетін толық аша алмай отырған мемлекет. Қазақ жері егін салуға да, мал өсіруге де қолайлылығымен ерекшеленеді. Жайылымдық жер мен шабындық және егістік жердің көлемі өндірісті өркендетіп, ішкі нарықты қамтамасыз етуді былай қойғанда экспорттан мол пайда табуға мүмкіндік бермек. Тек саланың өзіне тән проблемалары мен ұзақ жылдан бері шешілмей келе жатқан кедергілерді реттейтін тұтас халықтық реформа жасалса болғаны. Ауыл шаруашылығы экспорты демекші, былтыр агроөнеркәсіп өнімдерінің экспорты 6,4%-ға өскен болатын. 2019 жылы еліміздің сыртқа шығарған өнімі 12,41 млн тоннаны құрап, түскен пайда 3,29 млрд долларды құрады. Айта кететін жайт, экспортқа шығарылған өнімнің қайта өңделген көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 33,65%-ға артқан. Осылайша, былтыр 72 мемлекетке ауыл шаруашылығы өнімін жеткізе алдық. Бұл әрине аздық етеді. Ең алдымен, экспортқа азық-түлік өнімін шикізат күйінде емес, қайта өңдеп дайын тауар күйінде сатуды жетілдіре түскеніміз жөн. Маман пікірі: Атамұрат ШӘМЕНОВ, экономика ғылымдарының докторы: – Біздің Үкімет мүшелерінің ауыл шаруашылығы саласы туралы есебінде макроэкономикалық цифр көп. Алайда құрғақ сандар ешқашан нақты жағдайдың көрсеткішін бере алмайды. Агроөнеркәсіптің ахуалын анықтау үшін негізгі екі көрсеткішке қарасаңыз, жетіп жатыр. Біріншісі, азық-түлік өнімдерінің бағасы. Егер азық құны үздіксіз көтеріле беретін болса, істеліп жатқан жұмыстың нәтижесі қайда? Екіншіден, азық-түлік тауарларындағы импорттың үлесі. Қазір дүкенге, супермаркетке кіріп, сөредегі өнімнің шыққан жерін қараңыз. Отандық өнім көп пе, импорттың үлесі көп пе? Импорт көп, демек ішкі өндірістің жағдайы мәз емес деген сөз. Ресейден келетін сүт өнімдері неге арзан? Себебі оның сапасы біздің өнімнен төмен. Ресейдің сүтінің құрамында пальма майы көп, соны ұнтақпен араластырып бізге сатады. Импорттың сапасын қадағалап отырған орган жоқ. Бұл алдымен біздің өндірісті шектейді және оны ішкен адамда аллергия, асқазан ауруларын тудырады. Сондықтан отандық өнімді барынша көп өндірсек, оның бағасы да арзандайды. Сондай-ақ нарық заңы бойынша шетелдің сапасыз өнімі бәсекеден өз-өзінен ығысып түсіп қалады. Бұл екі нақты көрсеткішті қадағаламай ауылға бөлген ақша құмған сіңген сумен бірдей болып қала береді. Осы уақытқа дейін біз аграрлық сала – Қазақстан экономикасының локомотиві болады деп сөз жүзінде айтып келсек, енді іс жүзінде жүзеге асыратын кез келді. Алмасбек САДЫРБАЕВ, «Шопан ата» қойшылар қауымдастығының төрағасы: – Президент Үкіметке шаруаларды несиелендіруді жеңілдетуді, көмек беруді тапсырды. Енді осы қарастырылған төменгі пайыз несиенің дер кезінде жетуін, тиімді жұмсалуын қадағаласа дейміз. Себебі «ҚазАгроның» талабы бойынша кепілдеме 75-100% мөлшерінде болуы тиіс. Ауылдағы шаруада ондай кепілге қоятын мүлік қайдан болсын?! Қаланың қазағының өзінде ондай мүмкіндік аз. Сондықтан осы кепілдікті фермердің алдындағы малмен өлшейтін механизм жасалса. Оның үстіне, осы уақытқа дейін фермерлер несиеге техника алды, басқа да қажетті жабдықтар алды. Оның кепіл мүлкі сол алдыңғы қарызына кепіл болып тұр. Төтенше жағдайға байланысты мемлекет бөліп отырған 70 млрд теңге шаруаның қолына уақытында жетуі үшін осы кепілзаттың механизмін тиімдірек қылып қайта қарау қажет. Біздің ұсынысымыз – агроөнеркәсіп өкілдерін несиелендіру ісіне «ҚазАгро» ғана емес, «Атамекен» ҰКП өкілдері және қоғам белсенділері араласса дейміз. Президентіміз «Халық үніне құлақ асатын Үкімет» форматында жұмыс істеуді ұсынды ғой, осы жүйені ауыл шаруашылығын қолдау ісіне енгізсе, көп мәселе шешілер еді.
Бауыржан БАЗАР