Алдыңғы аласапыраннан, 2008-2010 жылдардағы жаһандық күйзелістен шығуға Қазақстан ЖІӨ-нің 20 пайыздайын шығындапты. Сол күреске мемлекеттік және басқа көздерді қоса алғанда кем дегенде 2,2 триллион теңге бағытталды. Дағдарысқа қарсы бағдарлама қаржысы әрбір қазақстандыққа шаққанда шамамен 920 доллардан келді. Бұған қоса, Ұлттық қордан 1,2 триллион теңге бөлінді. Қазір ше? Биылғы 23 наурызда өткен Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дағдарысқа қарсы шаралар қаржысының жалпы көлемі 4,4 триллион теңгені немесе 10 миллиард долларды құрайтынын хабарлады. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, Қазақстанның атаулы жалпы ішкі өнімі 2020 жылы 69,7 триллион теңге болады деп бағаланып отыр. Демек, бұл жолғы дағдарысқа қарсы іс-қимылға бөлінген қаржы (4,4 трлн теңге) әзірге ЖІӨ-нің 6,31%-ына ғана тең екенін көреміз. Дегенмен бұл сома әрі қарай өсетінге ұқсайды. Себебі оған салықтық жеңілдіктер мен жергілікті деңгейдегі қолдау шаралары кірмеген. Бұдан бөлек, әз-Наурыз мерекесінен бергі кезеңде мемлекет алдында жаңа міндеттер мен түйткілдер туындады.
Күйзеліспен күрестің төл тәжірибесі
Барлығы салыстыру арқылы танылады. Халқымыздың осы жолғы үлкен сынақтан да табысты шығатынын ұғыну үшін Елбасымен бірге өткен жолымызға шола қарап, өз тәжірибемізді бағамдай кеткен жөн. 2008 жылы көптеген елдің жайқалған бақшасын жаһандық қаржылық-экономикалық дағдарыс аяусыз жайпап кетті. Еліміздің сол кездегі Үкімет басшысы әрі білікті кризис-менеджер Кәрім Мәсімов әлемдегі ахуалды үлкен майданға теңеді. Батыстың белді басылымдары да басқан бұл атақты сөзін Кәрім Қажымқанұлы әріден бастады. Үкіметтің 26 наурыздағы селекторлық кеңесінде ол алдымен АҚШ бас қаржыгері Т.Гайтнердің мәлімдемесіне өз пікірін білдіре кетті. «Құрама Штаттардың қаржы министрі «нарық бәрін реттеуі тиіс» деген үміт білдірді. Барлығын өз орнына қойып, тәртіпке келтіреді деді. Алайда жүз жылда бір рет мұндай жүйе істен шығады. Бүгінде осындай кезең туды. Нарық барлығын қалпына келтіре алмайды. Сондықтан осы алмағайып кезеңде мемлекет экономикаға белсенді араласуы қажет. Дағдарыс – соғыс екен, ендеше біз де соғыс уақытының заңдарымен өмір сүретін боламыз» деген К.Мәсімов Елбасының тапсырмасына сәйкес, ел экономикасы «қолмен басқару режиміне» көшетінін мәлім етті. Министрлер кабинетінің жетекшісі мұны қарапайым мысалмен түсіндірді: қандай да бір ірі нысан құрылысына қаржы берілсе, ондағы жұмыстар мемлекеттік бақылауға алынады, жауапты компания құрылыс материалын уақытылы жеткізбесе, оның ісімен комиссия айналысады. Бұл тәжірибе өзін-өзі ақтады. Қазақстан кейбір елдердегідей немесе 90-жылдағыдай күйзеліс құзынан құрдымға құлаған жоқ. Дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында бөлінген қаражаттар игерілді. Жаңа жобалар іске қосылды. 2009 жылы ел тарихында алғаш рет жұмысшылардың жаппай босауының алдын алудың және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің жаңа бағдарламасы – Өңірлік жұмыспен қамту стратегиясы қабылданды. Екі жылда 390,6 мың жұмыс орны құрылды. Бұған дейін оңды-солды несие таратқан, бірақ ірі сынаққа шыдамай жайрап қала жаздаған банк секторы Үкімет қолдауымен қайта түледі. Ірі құрылыс алаңдары ашылып, елде индустрияландыру бастау алды. Шағын және орта бизнес арзан несиеге қарық болды. Елдің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы біршама жаңартылды. Сарапшылар дүниежүзіндегі мемлекеттерді жаппай қамтыған 2008 жылғы дағдарыс оған дейінгі барлық экономикалық күйзелістерден ауыр әрі терең болғанын жазды. АҚШ-та ол ХХ ғасырдың 30-жылдардағы «Ұлы депрессиядан» да асып түскен, себебі тек банктерді емес, экономиканың нақты секторын да қамтыды. Егер Қазақстанның сақтаған қоры, жинаған қоңы болмағанда сол дағдарыс-ақ жас мемлекетімізді қаусатып кететін еді. 1990 жылдардағы шаруашылық байланыстардың үзілуі, жоспарлы экономикадан нарықтық жүйеге шұғыл өту жағдайында туындаған елдегі тар жол, тайғақ кешу кезеңі, одан кейін Азия мен посткеңестік кеңістікті жайлаған дағдарыс Қазақстанға әлдеқайда ауыр тигені белгілі. Өйткені ол кезде республикада резерв болмады, нарықтық тәжірибесі жоқ еді. Оның үстіне білікті экономист, қаржыгер мамандар тапшы болатын. Заманауи даму қорлары мен институттары да құрылып үлгермеген. Елбасы айтқандай, бюджет қаражаты зейнетақы-жәрдемақы төлеуге де жетпеді. Әйткенмен, еліміз сол өтпелі кезеңнің барлық ауыртпалықтарын лайықты өткере алды. Дамуда кенжелеп қалған Африка, Азия, Латын Америкасының қайыршылық пен шетсіз-шексіз қиыншылық жайлаған елдерінің деңгейіне дейін құлдырамады. Күйзелістен қуаттанып шықты, жаңа биіктерге бет алды. Ал 2008 жылғы дағдарыстан Қазақстанды Ұлттық қор құтқарды. Ұлттық компаниялар, даму институттары тіреу болды. Нәтижесінде, еліміз өркендеудің жаңа даңғылына аяқ басты. Айтпақшы, ХХІ ғасыр басында мұнай бағасы әр бөшкесі үшін 148,5 долларға дейін шарықтағанда оны сатудан түскен барлық қаражатты әр қазақстандыққа бөліп беруді талап еткен қаржы-экономика сарапшылары, беделді саясаткерлер көп болды. Ел басшылығы популистердің тегеурінді талаптарына шыдас берді, соның дұрыс болғаны кейін анықталды. Қазақ елі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған ауқатты жылдары ел қазынасына құйылған мол түсімді «жеп» қойған жоқ, Ұлттық қор құрып, сонда қордалады. Енді сол қаржы бүкіл адамзаттың үрейін ұшырған, тіпті ең дамыған елдердің еңсесін езген қазіргі жаһандық нәубет шақтың өзінен елімізге абыроймен өтіп, әрі қарай алға қозғалуына мүмкіндік беріп отыр.Тоқыраудан шығарар тоғыз қадам
– Қазіргі қалыптасқан жағдай күрделі болғанымен, аса ауыр деп айтуға болмайды. Біздің барлық мүмкіндігіміз бен қорымыз бар. Ең бастысы, қолайсыз жағдайға дер кезінде дайындықты бастадық және не істеу керек екенін білеміз,– дейді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстанның дағдарысқа қарсы шаралары – посткеңестік кеңістіктегі, ТМД елдері арасындағы ең ірісі. Мұны осы өңірдің алпауыты, экономикасы көлемі жөнінен де, халқының саны бойынша да республикамыздан он еседей үлкен Ресейдің шараларымен салыстырғанда байқаймыз. Ресей үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин «коронавирустық инфекцияның таралуымен күрес және дағдарысқа қарсы шаралар үшін жалпы алғанда 1,4 триллион рубль қаражат қарастырылғанын» жеткізді. Ресей қаржы министрі Антон Силуанов COVID-19 және оның әлеуметтік-экономикалық салдарын жоюға ЖІӨ-нің 1,2% бөлінетінін айтты. Қазақстанда халық пен бизнесті қолдау шаралары әлдеқайда кең, жан-жақты. 23 наурызда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Дағдарысқа қарсы алғашқы шаралар топтамасын жариялады. Жағдайдың ушыға түскенін ескеріп, ел Президенті 31 наурыздағы мәлімдемесі арқылы ол топтаманы толықтырды, қосымша шешім қабылдады. Біріншіден, төтенше жағдай кезеңінде табыссыз қалып, үйінде отырған 3 миллиондай қазақстандыққа ең төменгі жалақы – 42,5 мың теңге көлемінде әлеуметтік төлем төленеді. Пандемиямен күресуші медицина қызметкерлеріне 3 ай бойы қосымша үстемеақы төленеді. Екіншіден, инфляция өскендіктен, зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және АӘК 10%-ға индексацияланады. Бұған 200 миллиард теңгедей бөлінеді. Үшіншіден, 800 мыңнан астам адамға тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлік тегін таратылады. Төртіншіден, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету бағытында бұрын-соңды болмаған шаралар қолға алынып отыр. Әкімдіктер жергілікті кәсіпорындар өнімін кем дегенде жарты жыл бойы кепілді түрде сатып алады. ШОБ еңбекақы төлеу қорынан алынатын салық және әлеуметтік төлемдері – жеке табыс салығын, әлеуметтік салықты, міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті медициналық сақтандыру және әлеуметтік аударымдарды 6 ай бойы төлемейді. Бесіншіден, ауыл шаруашылығы кәсіпкерлерін демеуге бюджеттен 70 миллиард теңге бөлінеді. Оны «Аграрлық кредиттік корпорациясы» фермерлерге 5%-дық несие түрінде үлестіріледі. Көктемгі егіс науқаны үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы қосымша 100 миллиард теңге арна тартады. Бұл ретте шаруа қожалықтарына жәрдем көрсетіледі. Сонымен бірге Үкіметке жанармайды 165 теңгеге дейін арзандату жүктелді. Алтыншыдан, қаржы экономикаға тез әрі нақты жетуі үшін экспортқа бағдарланған, жылдам өсуші орташа компанияларды «Бәйтерек», «Аграрлық несие корпорациясы» және басқа даму институттары арқылы тікелей қаржыландыру қарастырылмақ. Бұл кәсіпорындар дағдарыстан кейінгі кезеңде экономиканы ілгері сүйрер «локомотивке» айналуы тиіс. Жетіншіден, ТЖ кезеңінде халықтың барлық кредиттерін төлеуі кейінге қалдырылды. Банктердің сол үшін айыппұл мен өсімпұл есептеуіне тыйым салынды. Дәл осындай игілік бизнеске де ұсынылады. Сегізіншіден, мемлекет халық көп тұтынатын барлық тауарларды өз елімізде шығаруға ден қойды. Осы мақсатта Мемлекет басшысы «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын қаржыландыру көлемін 1 триллион теңгеге дейін жеткізуді тапсырды. Оның аясында осындай тауар өндіргісі келетін бизнеске 6%-дық арзан несие беріледі. Тоғызыншыдан, жаңа жұмыс орындарын ашу үшін «Жұмыспен қамту жол картасына» 1 триллион теңге бағытталады. Осы сомаға 85 мың теңге жалақы төленетін 250 мыңнан аса жұмыс орны құрылады, жол және басқа инфрақұрылым салынып, жөнделеді, ауыл абаттандырылады. «Бір жайт назар аудартады. 2008 жылғы дағдарыс кезінде қаржы және банк секторын қолдауға, ішкі сұранысты ынталандыруға, ірі бизнесті қолдауға, тұрғын үй құрылысын өркендетуге екпін түсірілген болатын. Үкімет кейбір банктерді национализациялауға дейін барды. Ал енді қазіргі дағдарыс жағдайында басты қолдау шаралары табысынан айырылған қазақстандықтарды және осал топтарды қолдауға, шағын және орта бизнесті қолтығынан демеуге, ауыл шаруашылығын дамытуға, импорт алмастыруға, ішкі ресурстарды жұмылдыруға баса мән берілуде. Бұл шаралар дағдарысты еңсеруге, халықтың әл-ауқатын жақсартуға жол ашары сөзсіз», – дейді экономист-ғалым Бибі Өмірбаева. Қазақстан азаматтар мен кәсіпкерлерді қолдау шараларын өрістете бермек. Мемкомиссияға қолдаудың өзге де шаралары кешенін пысықтау жүктелді.