Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2 сәуір күні қол қойған «Әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы» Жарлығы қоғамды елеңдетіп тастады. Шамасы бұқара мұны жаппай жұмылдырумен шатыстырып алған тәрізді. Іс жүзінде олай емес.
Жалпы, төтенше жағдай кезінде ел қорғауға жарайтын азаматтарын арнайы шақырып, техногенді немесе табиғи апаттардың, індеттердің және өзге де келеңсіздіктердің зардабын қоғам болып жою – әлем елдерінде бар тәжірибе. Тіпті, жетіп-артылады. Қазақстан да мұндай тәсілді пайдалануға заң жүзінде баяғыда-ақ негіз қалыптастырып қойған. Өйткені түрлі төтенше жағдайлар кезінде оның зардабын жою, алдын алу ісінде тиісті қызмет мамандарының, Қарулы күштер сарбаздарының аздық етіп қалатын тұстары болады. Мұндайда баршаның жұмылғаны керек.
Қазақстан қазір жаһандағы көптеген ел тәрізді коронавирустың таралуын тежеуге барын салып жатыр. Одан бөлек, кейбір аймақтарды көктемгі қарғын су басуы мүмкін екені де жиі айтылған. Ал күн болса жылынып келеді. Міне, дәл осындай сәтте әскери міндетті азаматтардың атқарушы билікке, төтенше жағдай кезінде қызмет етіп жатқан құрылымдарға көмекке келгені керек. Мемлекет басшысының Жарлығын тек осылай қабылдаған дұрыс. Әйтпесе, біреулер соғыс жағдайы енгізілгендей байбалам салып кететін түрі бар. Ал жаппай мобилизация дегеніңіз – мемлекеттің барлық саласын, халқы мен әскер құрылымдарын әскери уақыт режиміне көшіру дегенді білдіреді. Әдетте, әскери уақыт соғыс жағдайы туындағанда жарияланатыны бар. Мобилизацияның бөлек екенін Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев та айтты. «Қазір бұл туралы айтылып отырған жоқ. Арнаулы жиындар әрдайым жылына бірнеше рет өткізіледі. Аймақтардағы әкімнің бәрінде де осындай жиын өткізу тәжірибесі баршылық. Әкімдер денсаулық және отбасылық жағдайын ескере отырып, қорғаныс істері жөніндегі бөлімдер мен әскери комитеттер арқылы азаматтарды шақырады. Біз өз тарапымыздан өздігімен арнаулы жиынға келгісі келгендерге басымдық беруге кеңес береміз. Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты елдегі қиындықты еңсеру үшін үлес қосқысы келетін өтінімдер молынан түсіп жатыр. Жастарымыз – патриот. Жарлық шыққаннан кейін кеше кештен бері арнаулы жиынға келгісі келетін жастардан өтінім көптеп түсуде», – деді министр. Демек, Президент Жарлығы әскери міндеттілерді арнайы полигондарға жинап алады дегенді білдірмесе керек. Керісінше, арнайы жиындарға шақырылған азаматтар жұмысқа барғандай таңертең барып, кешке үйіне оралатын болады. Жұмыс істеп жүргендердің еңбекақысы сақталады, жұмыссыздарға ең төменгі еңбекақы беріледі. Яғни 42 500 теңге алып отырады.
Жалпы, біздің пайымдауымызша, Президент Жарлығының төтенше жағдайда қоғамды жұмылдырудан бөлек астары да бар сияқты. Оған әскери жиынға шақырылған жұмыссыздарға төменгі еңбекақының беретіні дәлел. Қасым-Жомарт Тоқаев 31 наурыз күнгі мәлімдемесінде ірі мегаполистердегі шектеу шараларының кесірінен қомақты жұмыс күші шоғырлана бастағанын айтқан. Осынау еңбек күшінің «Жұмыспен қамтудың жол картасы» арқылы түрлі өңірлерге барып жұмыс істеуін қамтамасыз етуді Үкіметке тапсырған еді. Ал ел бойынша пандемияның көптеген аймаққа тарап жатқанын ескерсек, бері айтқанда сәуір айында азаматтарға жұмыс тауып беру оңайға соқпасы анық. Оның үстіне көктем енді келгендіктен, бірқатар өңірдегі далалық жұмыстар бастала қойған жоқ. Демек, кемі мамырға дейін жұмыссыз қалған азаматтарды түрлі тәсілмен қолдау қажет. Ал әскери жиын арқылы оларды төтенше жағдай кезінде арнайы қызметке тарту – бір жағынан елге пайдалы болса, екінші жағынан «екі қолға бір күрек» беретін тәсіл. Сондықтан әскери жиынның осынау әлеуметтік қырын да назарда ұстаған дұрыс.
Екіншіден, Президент Жарлығы негізінде жергілікті атқарушы органдар, әкімдер қосымша резервке ие болған жайы бар. Өйткені Жарлық арқылы әскери міндеттілерді түрлі шараларға тарту мүмкіндігі туып отыр. Рас, заң аясында оларды былайғы уақытта да жиынға шақыруға болады. Бірақ тыныш күндерде азаматтарды жинау үшін Бас штабтың біраз тер төгуіне, жергілікті әкімдердің әскерилерге сөздері өтіп, мәселенің өзектілігіне қорғаныс саласы өкілдерінің көзін жеткізуге тура келер еді. Ал төтенше жағдайда тәртіп күшейеді. Ермекбаев та осыны айтып отыр. «Бұл Жарлықтың негізгі мазмұны – әкімдерге әскери міндеттілерді арнайы жиындарға шақыруға құқық және мүмкіндік беру. Басты мақсат – халқымыздың қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғау. Аталған жарлық әкімдерді аумақтық әскерді толығымен жинауды міндеттемейді. Жиын заңға сәйкес үш айға дейін созылуы мүмкін. Әйтсе де, жиынның мерзімін өз қажеттілігіне қарай жергілікті атқарушы орган белгілейді. Олар өз қаулысымен жиындарды ұйымдастырып, өңірдегі қажеттілік пен барлық шараның орындалуына қарай ертерек аяқтауына мүмкіндік болады», – деді министр.
Үшіншіден, әскери жиын азаматтардың конституциялық міндеттерін түйсінуге мүмкіндік береді. Қазақстанда Қарулы Күштердің жеке құрамының 75 пайызы келісімшарт әскерінен жасақталғанын ескерсек, соңғы жылдары мерзімді әскери қызметті ұмытқандар қарасының көбейгені рас. Мемлекет жасаған түрлі жеңілдіктер арқылы тиісті құжатты қолға тигізгендер әскери міндеттілік туралы ұмытып та кететін. Ал арнайы жарлық арқылы әскери жиынға шақыру кезінде әскери міндеттілерді түгендеп, олардың Отан алдында әлі де өтелмеген парызы бар екенін сезіндірудің мүмкіндігі туып отыр. Сонымен бірге азаматтардың әскери тәртіпке мойынсұну дағдысын да жаңғыртып қойғанның артықтығы жоқ. Тәртіптің маңызды екенін COVID-19 пандемиясы кезінде байқап қалдық. Ескертулерге құлақ аспаған талай азамат індеттің түрлі өңірлерге жайылуына себепші болды.
Төртіншіден, осынау әскери жиын армия мен халықтың арасындағы байланысты нығайта түседі. Әскери тәртіп арқылы сарбаз өмірінің шетжағасын көргендер Қарулы Күштердің күнделікті тіршілігінен де хабардар болатыны анық. Сөйтіп, ел қорғаны болып жүрген азаматтардың еңбегін көзбен көреді. Сонымен қатар бұл әскери қызметкерлер үшін де мотивация. Армияның артында сүйенер халық бар екенін барлық сарбаз бен офицер сезінеді. Ең бастысы, халық пен армия төтенше жағдайдың ұзаққа созылмауы үшін тізе қоса әрекет етеді. Одан тек ұтарымыз анық.