Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ресми сайтында COVID-19 инфекциясын жұқтыруға бейім контингент ретінде қарттар аталады. Сонымен бірге созылмалы дерті бар адамға да жұғу көрсеткіші жоғары екені ескертілген. Сөзбе-сөз келтірсек: «аурудың ауыр ағымы көбінесе егде жастағы адамдарда, сондай-ақ соматикалық аурулары бар адамдарда (мысалы, артериялық гипертензия, жүрек аурулары, өкпе ауруы, қатерлі ісік немесе қант диабеті)» делінген. The Guardian басылымы 70 мыңнан астам адамның анализіне жүргізген зерттеу нәтижесі 50 жастан асқандарда ауру жұқтыру қаупі басым екенін, инфекция жұқтырған күннің өзінде асқыну көбірек болатынын көрсеткен. Ал біздің елде коронавирус жұқтырғандар арасында 20-40 жастағы адамдардың үлесі басым. Неге?
Қалың түскен қардың пайдасы тиді
Денсаулық сақтау министрлігінің 30 наурыздағы дерегіне сүйенсек, вирус жұқтырған азаматтардың 19-ы – 60 жастан асқандар, ал 22 адам – 50-60 жас аралығында. 37 адам 40-50 жас аралығында болса, 87 адам – 20-40 жас аралығында. 20 жасқа дейін вирус жұқтырғандар саны – 9. Осы дерек жария болғанда 30-50 жас аралығындағы адамдардың үлесінің көп болуына қатысты бірнеше болжам айтылды. Соның бірі – тоқсаныншы жылдар кезіндегі тоқырауда елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлығынан тойып тамақ жемеген буынның иммунитеті әлсіз деген пайым. Шынында солай ма? Біз бұл сауалды еліміздің денсаулық сақтау саласында көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан дәрігер, сарапшы Эрик Байжүнісовке қойдық. Оның айтуынша, аты жаман вирустың біздің елдегі егде жастағыларға жоламауының бір себебі – қарияларымыздың қыс маусымында ел-жер аралауға шықпауына байланысты. «Қарт кісілер қыстың күні көп қыдырған жоқ, қалың қар түсті, көлік қозғалысы шектеулі болды. Сондықтан елмен араласа алмады, үйде отырды, яғни вируспен кездесу мүмкіндігі болған жоқ. Егер 60 жастан асқан азаматтарымыз Қытай мен Италия тұрғындары сияқты ел аралап жүргенде жағдай қиындайтын еді. Шетелмен барыс-келіс бар жерде бұл вирустың бізге келмей қоймасы белгілі еді», – дейді ол. Оның айтуынша, иммунитеті күшті адам кез келген ауруды жеңе алады, оның ішінде коронавирус та бар. Алайда осы вирус қанға кірген соң жасушамыз оны танымайды да, қалай күресу керек екенін білмейді. Бұл вирус түрлі ауру бойынша диспансерлік есепте тұрғандарға жұқса, салдары ауыр болады. Елімізде 3,5 млн адамның диспансерлік есепте тұрғанын ескерсек, бұл ойланатын мәселе-ақ. Себебі созылмалы ауруы бар адамның иммунитеті жаңа вируспен күресем дегенше бұрынғы ауруы асқынып, содан көз жұмады, көп жағдайда. Ал жастың аты – жас. Олардың иммунитеті мықтырақ. 1 жасқа дейінгі балалардың да иммунитеті осалдау келеді. Сондықтан оларды да сақтауымыз керек. Әлеуметтанушы-ғалым Рамазан Салықжанов та бірінші респонденттің пікірін қостайды. Яғни, коронавирус көбіне әлеуметтік кәсіби белсенділік танытатындарға жұғады. «Карантинге дейінгі жағдайды алсақ, қызметте, қоғамдық орындарда кімдер жүреді? Орта жастағылар, жұмыстағылар, бала-шаға қамымен жүретін әйелдер жүрді. Бәріміз көшеде бірге жүрдік», – дейді. Ал енді «қамауға» түскеннен кейін вирус жұқтырудың басқа спецификасы пайда болуы мүмкін. Яғни, үйде отырып жұқтырудың кезеңі басталады. Ғалымның пікірінше, қай кезеңде де пропорция сақталады.Вирус ешқайда кетпейді
«Тұмауға қарсы түрлі екпе ектірген адамның иммунитеті күшейіп тұрады. Екпе еккен адам мен егілмеген адамды салыстырғанда алғашқысының организмі дертті жедел жеңеді. Өйткені вируспен күресуге қанында антитела бар. Егілмеген адам оған дайын болмайды. Жылда тұмауға қарсы екпе аламыз. Бірақ біз тұмаудың қандай вирусы келетінін білмейміз, вирустың түрі көп, соған қарамастан, тұмаудан жеңіл өтеміз», – дейді Эрик Әбенұлы. Осы тұста егер коронавирусқа қарсы вакцина жасалса, оны ектіруге қарсылық пайда болса қайтеміз? Былтырғы Денсаулық кодексіндегі вакцина салуды міндеттеу туралы бапқа қарсы жүрген ақпараттық соғысты еске алсақ, жетіп жатыр. Эрик Әбенұлының айтуынша, XXI ғасырда көзі ашық, білім-ғылым дамыған заманда осындай проблеманы халыққа қайта түсіндіріп жатудың өзі ұят. Бұл халық сауатының төмендігін көрсетеді. «Екпенің арқасында жер шарындағы халық саны 6 млрдтан асты. Қазақстандықтардың 18 миллионнан асуы да екпенің арқасы», – дейді ол.Тазалық өмір салтымызға айналуы тиіс
Коронавирустың елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына да нұқсан келтіретіні белгілі болып отыр. Аты жаман вируспен күресу үшін ел қазынасынан триллиондар бөлінбек, бұл бюджет бүйірін опырып кететін қаржы. Алайда амал жоқ. Қазірдің өзінде сарапшылар алдағы экономикалық ахуалымызға қатысты түрлі болжам айта бастады. Ал әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Рамазан Салықжанов бұл бағытта қандай да бір болжам жасауға әлі ерте деп санайды. «Жекелеген сарапшылардың дерегінше, ауру жұқтыру сәуірдің ортасына дейін өседі, сол кездегі дерекке қарап, экономиканың бір саласындағы қатерді айта аламыз. Бір сценарий осы айдың ортасында вирус жұқтырғандар саны 1 200-2 000 адам болады десе, екінші сценарий 12-13 мыңмен тоқтайды дейді. 18-20 мыңға жетеді деген де сценарий бар. Вирус жұқтыру дерегі 7-8 мыңға жетсе де, Қазақтан экономикасына ауыр соқпас, бірақ дәрі-дәрмек жетіспеушілігі басталуы әбден мүмкін», – дейді ол. Ал ол көрсеткішке жеткізбеу – сіз бен біздің қолымызда. Ол үшін тек дәрігер нұсқауына құлақ асып, кәсіби кеңеске жүгінген жөн. Зімбір жемісін іздеп базар аралап кету де вирус жұқтыруға себеп болуы мүмкін. «Зімбір – қазақта болмаған жеміс. Халық медицинасы негізінен сенімге бейімделген. Адам ешқашан қой мен жылқының өті, бауыры адамға шипалы деп айтпайды. Қайдағы бір қолға түсуі қиын нәрсені айтады: бұлынның бірдеңкесі, аюдың майы, суыр мен иттің майы. Соны тауып, сеніп ішеді, сосын жазылады. Бұл – психотерапияның бір бөлігі. Менің ұстанымым, адам егер сенсе, қолданса еш зияны жоқ. Бірақ сенімнің де шегі болады. Мысалы, түйенің зәрін ішіп кетуге болмайды. Қойдың құйрық майы, шұбат, қымыз сияқты өзіміз білетін тамақтың пайдасы зор», – дейді Эрик Байжүнісов. Оның айтуынша, кез келген жануардың өзіне тән ауруы болады. Маймылдан, шошқадан, жарқанаттан жұғатын аурулар бар. Сондықтан адам өзіне тоқтам салуы керек. Ең бастысы, гигиеналық тәртіпті күнделікті өмір салтымызға айналдырғанымыз абзал. Сонда қандай вирус келсе де, дайын тұрамыз. «Қазіргі қабылданып жатқан іс-қимылдардың бәрі дұрыс. Мені адаңдататын екі жағдай бар, біріншісі дәрігерлеріміздің қорғалуы, себебі қазіргі күні бар сенеріміз – солардың күш-жігері таусылмаса екен деген үміт. Эпидемияны жеңетін солар. Сондықтан оларға жағдай жасауымыз қажет. Екіншісі – үйдегі кемпір-шалды сақтауымыз керек», – дейді ол. Иә, COVID-19 инфекциясы жас талғамайтын тажалға айналды. Ал егер дәрігер қауымының кеңесіне құлақ түрсек, айтқанын бұлжытпай орындасақ, бұл кезең де артта қалар.