Коронавирус індетінің жаһанды жайлауына байланысты көп адам жұмыссыз қалғаны жасырын емес. Бүгін еліміздің республикалық маңызы бар қалаларымен қоса бірқатар облыс орталықтары да карантинге жабылды. Карантин енгізілген аймақтарда халықтың күнделікті тұрмысына қажетті нысандар (дүкен, дәріхана және тағы басқа) ғана жұмыс істеп, басқа ұйымдар өз қызметін уақытша тоқтатты. Қазіргі кезде ресми дерек бойынша, Қазақстанда 1 миллионнан астам адам жұмыссыз отыр. Ал жалдамалы қызметкерлердің «екі қолға бір күрек» таба алмай жүргені тағы бар. Қош, бұл кезең де өтері анық. Дегенмен карантин кезінде және осы шектеулер аяқталған соң қай сала мамандары сұранысқа ие болады? Қай секторларда бос жұмыс орындары пайда болуы мүмкін? Осы сауалды Жұмыспен қамту агенттіктері өкілдеріне жолдаған едік.Сәуле ТӘЖІМҒАЛИЕВА, HR center агенттігінің басшысы:
– Қазір барлығымыз физикалық түрде үйде отырғанымызбен, «online өмір» сүрудеміз. Әлемдегі қарқынды даму мен жаһандану бізге екінші параллельді «online өмірді» қалыптастырды. Бұл – үлкен технологиялық эволюция. Тас ғасыры одан кейін механика дәуірі келді. Ал бүгін біз цифрлы дәуірге аяқ басып отырмыз. Адамның өмірін жеңілдету үшін түрлі технологиялар мен роботтар пайда болып жатыр. Бұрын біз жазу машинасын қолдандық, одан кейін дербес компьютер ноутбук, ультрабук, смартфондар, бір сөзбен айтқанда, әлем толассыз даму үстінде. Осындай қарбалас уақытта біз үшін ең басты нәрсе – жеке қабілетті дамыту. Бір адамға тек өз ісінің маманы болу аздық етеді. Жоғарыда айтылған ақпараттық технологияларға сауатты болудан бөлек, адамдармен араласа білу, оптимист болу, өз міндетін жауапкершілікпен атқару сияқты жеке қасиеттерімізді де дамыту маңызды. Сондай маман ғана болашақта сұранысқа ие болады. Қазіргі карантин уақытында мұғалімдердің қашықтан оқыту жүйесіне уақытша көшкені белгілі. Мұның өзі бізге өз пәнін жетік білетін мұғалім ғана емес, технологияларды қолдану арқылы қашықтықтан оқытудың әдістемесін меңгерген мамандардың қажет екенін дәлелдеді. Бұрын адамдар тек хат тануды білім деп таныса, қазіргі дамыған заманда ұстаз өз биігінде қалуы үшін бір сәтке дамылдамай өзін-өзі дамытуы керек деп ойлаймын. Сонымен қатар әрбір адам қай жаста болмасын өзін кәсіптік тұрғыдан бағдарлай алуы керек, ол өте маңызды. Істегісі келмеген жұмыстан адам ешқашан жетістікке жетпейді, өнімді жұмыс істей алмайды. Кәсіпті ауыстыру қорқынышты емес, өнімсіз, нашар жұмыс істеуден қорқу керек. Кәсіптік бағдарды анықтауға көмектесетін көптеген агенттік те, сайттар да бар, мысалы bagdar.kz сайтын ұсына аламын. Карантиннен кейін жеке кәсіпкерлік және оны дамыту сияқты салалар сұранысқа ие болады деп ойлаймын. Инженерлер де жұмыссыз қалмайды. Әлемдік тенденция бойынша IT мамандары, инженерлер, экономистер сұранысқа ие болады. Үкімет стратегиясы мен бағдарламалары да қандай мамандықтарға сұраныс көбейетініне тікелей қатысты. Егер Үкімет алда бизнесті дамыту керек десе, онда әлбетте сол сала көбірек дамиды. Туризм де тоқырап қалмайды деп ойлаймын. Қызмет көрсету салалары қазір карантин кезінде де жұмыс істеп жатыр. Кімнің қызмет көрсету сапасы жоғары болса, сол ары қарай дами бермек. Америкаға алғаш қоныс аударғандар баюды көздеп, алтын іздегені тарихтан белгілі. Бірақ сол кезде алтын іздегендер емес, күрек сатқандар жетістікке жеткен. Карантин уақытын пайдаланып, өзімізді дамытуымыз керек. Бір орында тұралап қалуға болмайды. Өзін-өзі дамытумен айналысқан адам, халықтың қажеттілігіне қарай сапалы жұмыс істеген компаниялар жетістікке жетеді.
Алена ВЯЧЕСЛАВНОВА,Account expert агенттігінің директоры:
– Қазіргі карантин жағдайында көбі қашықтан жұмыс істеп жатыр. Сондықтан қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ мамандықтарға сұраныс та аз. Тек жеткізу қызметі тоқтаған жоқ және оған сұраныс мол. Карантиннен кейін біз күтпеген біршама өзгерістер болады дегенге сенбеймін. Барлығы қалпына келеді, адамдар өз мамандықтары, өз тәжірибесі бойынша жұмысына қайтып оралады деп ойлаймын. Бұл – уақытша шектеу ғана.
Раушан ЖАМАНБАЕВА,Prof Еxclusive агенттігінің директоры:
– Азық-түлік дүкендері мен дәріханалар қарқынды жұмыс атқарып жатыр. Өйткені қазіргі кезде азық-түлік пен дәрі-дәрмекке сұраныс көп екені белгілі. Карантиннен кейінгі жағдайды сараптау өте қиын. Тіпті, ертеңгі күні не болары белгісіз. Бірақ бір нәрсе анық, жылжымайтын мүлікке бұрынғыдай көп сұраныс болмайды. Өзіміз де үйде отырмыз. Алдағы кезеңді бағдарлап, өзімізше «тон пішу» де ауыр.