Жүргенге жөргем ілінер
Жүргенге жөргем ілінер
750
оқылды
Біздің елде мұхит жоқ. Демек әлемді айналу басқа елдің рұқсатымен ғана жүзеге асады. Өкінішті әрине. Құрлық арқылы 5 елмен, теңіз арқылы тағы екі елмен байланысымыз бар. Алайда сол жеті елдің ішінде, бағымызға орай төрт мұхитқа татитын Қытай бар. Сол Қытай әне-міне дегенше экономикалық көрсеткіштері арқылы алпауыт АҚШ-ты артта қалдырып, тауар өндіруде де, оны сатуда да алға шықпақшы. Бұл бізге қатыссыз болса да, бұған біздің қатысуымыз абзал. Сондай үлкен мүмкіндік іргемізде тұрғанда неге пайдаланбасқа. Демек, біздің айымыздың оңынан туатын тұсы, ол – транзиттік мүмкіндіктерімізді ұсыну. Мұны не үшін айтып отыр дейсіздер? Питер Франкопанның «Жібек жолы» кітабында мынадай оқиғаларды көзім шалды. «XV ғасырдың соңынан бастап 200 жылдай уақыт аралығында Португалия мен Испания аяқ астынан бай мемлекетке айналады. Ондай деңгейге оларды бірнеше теңіз саяхатшылары жеткізеді. Алдымен Христофор Колумб Үндістанға жетемін деп, батысқа қарай экспедиция ұйымдастырады. Нәтижесінде ол Үндістанға келдім деп алдымен Багам аралдарына, кейін Кубаға табан тірейді. Бірінші экспедициясынан кейін ол тағы үш экспедиция ұйымдастырып, Латын Америкасын ашады. Бұдан өзге Магеллан секілді ондаған теңіз саяхатшылары бұл аймақты түбейгейлі зерттеп, оның жаңа құрлық екеніне көздері жетеді. Сонымен қоса қыруар байлыққа кенеледі. Васко да Гама Африка құрлығын айналып, Үндістанға мұхитпен жететін жол ашады. Сол арқылы Еуропаға арзан бағада тауар жеткізу құқығына ие болып, Италия, Нидерланды, Англия және Шығыс Еуропада орналасқан елдерді сауда ілмегіне түсіреді. Қарап отырсаңыз тасымалдың арқасында қазыналарына қыруар қаржы құяды. Бұған еуропалықтар, әсіресе ағылшындар шыдасын ба? Олар да Үндістан мен Қытайға жетудің жаңа жолдарын іздеп, тауар тасудың жемісін көргісі келе бастайды. Оңтүстік пен Солтүстік Америкада болып жатқан көршілерінің жетістігін қызғанған ағылшындар, Атлант мұхиты арқылы Азияға өтетін солтүстік батыс бағытында жаңа экспедициялар ұйымдастырады. Бірақ, Мартин Фробишердің басқаруымен аттанған экспедиция ешқандай жол таппай Тұманды Альбионға кері оралады. Ол – ол ма, бүгінгі Канаданың аумағынан алтын деп тауып, елге тасыған қыруар пайдалы қазбасы – артынан құнсыз марказит болып шыққан. Ұяттан булыққан ағылшындар Баренцов теңізі арқылы да Қытайға жетуді көздейді. Сэр Хью Уиллоби басқарған кеме күннің суықтығына қарамастан солтүстік шығысты бетке ала береді. Нәтижесінде, Мурманск қаласының тұсында теңіз мұз болып қатып, кеме қозғалысы шектеледі. Теңізшілердің барлығы аяздан қырылып қалады. Оларды тек 1 жыл өткен соң ғана табады. Бірақ ағылшындар мұнымен жеңілмейтіндерін паш етіп, елдегі кеме өндірісін жандандырып, технологияларға жан бітіріп, Қытай мен Үндістанға түбі жетті. Нәтижесінде бүгінгі Ұлыбритания сол уақыттағы қиын-қыстау күндерінен сабақ алып, транзиттік әлеуетін барынша пайдаланып, бүгінгідей экономикалық күшке ие болып отыр.» Біз де қанша қателессек те, транзитті дамытудағы бағытымыздан таймай, ұмтыла беруіміз керек. «Жүргенге жөргем ілінер» деп жолдан келетін несібеге қарық болу үшін жолдарды төсей беру керек, төсей беру керек.