«Ауру – астан» демекші, бойдағы дерттің көбі дұрыс тамақтанбау салдарынан болатынына мән бермейміз. Үлкендерді айтпағанда, соңғы кезде балалар арасында астан ауру табу белең алды. Ас қорыту жүйесі аурулары, семіздік, қант диабеті, қан аздық сынды сырқаттар мамандар дұрыс тамақтанбау салдарынан болатынын айтып, дабыл қағып жатыр.
Тамақтану туралы 2018 жылғы жаһандық есепке назар аударсақ, балалар арасында тамақтануға байланысты екі ауыртпалық байқалған. Оның бірі – құнарлы тамақ жетіспеу салдарынан балалар мен жасөспірімдердің 10 пайыздан астамының бойы әлеуетті өсу деңгейіне жетпеген. Ал екіншісі – семіздік. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы семіздік көрсеткіші – 80 пайыз. Орталық Азия – балалар семіздігінің таралуынан әлемде екінші орында.
Дүниежүзілік БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы, Денсаулық сақтау министрлігі, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы және БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) ұйымдастыруымен елордамызда өткен симпозиум тамақтану саласында әлеует пен әріптестікті дамытудың Өңірлік платформасына мүше мемлекеттердің өкілдерін – Армения, Әзірбайжан, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан, сондай-ақ халықаралық ұйымдар өкілдері, ғалымдар мен сарапшыларды жинады. Симпозиумға қатысушылар тамақтану мәселесімен айналысатын негізгі тұлғалар мен қатысушылардың мүмкіндіктерін кеңейтудің өңірлік тетіктерін әзірлемек. Осы орайда Қазақстан балалардың тамақтануы бойынша симпозиум өткізіп отырған әлемдегі бірінші ел екенін айта кету керек.
Тамақтану әдеті бала кезден қалыптасады. Сондықтан бұл мәселеге ата-аналар да баса назар аударуы керек. 2018 жылдан оқушылардың тамақтану рационы бойынша еліміздегі мектептердің 53 пайызына бірыңғай стандарт әзірленген. Мұнымен қоса, бизнес пен мектептердің өзара іс-қимылын, қоғамдық бақылау жүргізуді көздейтін мектеп асханаларын жаңғырту жөніндегі жоба іске асырылып жатыр. Жалпы білім беретін мектептерде тәтті және газдалған сусындарды сатуға тыйым салынды және ас тұзын йодтау, ұн және басқа да бірқатар азық-түліктерді минералды-дәрумендік кешенмен байыту бойынша іс-шаралар жүргізіліп келеді.
– Қазақстанның денсаулық сақтау саласы қымбат тұратын стационарлық емдеуден гөрі аурудың алдын алуға, қоғамдық денсаулықты басқаруды күшейту бағытына ден қойып отыр.
2018 жылғы медициналық-санитариялық алғашқы көмек бойынша Астана декларациясы денсаулықты профилактика арқылы сақтауды және нығайтуды басымдық ретінде жария етті. Бұл – қоғамдық денсаулық сақтау саласының негізгі функцияларының бірі.
2019 жылдың ақпанында Елбасы Қазақстанда қоғамдық денсаулық сақтау және медициналық-санитариялық алғашқы көмек қызметіне кететін шығыстарды жалпы денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемінен 40-тан 60 пайызға дейін ұлғайтуды тапсырды. Заңнама жетілдіріліп жатыр. Сәуір айының соңына дейін Үкіметтің қарауына дұрыс тамақтану саясатын қалыптастыру шаралары қарастырылған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің жаңа редакциясы енгізіледі, – деді Денсаулық сақтау вице-министрі Қамалжан Надыров.
Вице-министрдің айтуынша, еліміздегі азық-түлік сапасы мен қауіпсіздігіне тұрақты бақылау жүргізу, денсаулық сақтау саласындағы бизнесті жетілдіріп, қоғамдық денсаулықты бекемдеу мақсатында цифрлық технологияларды біріктіру қолға алынған. Мысалы, денсаулықты, тағамның жеткізілуін, спорттық нысандарды, сауықтыру және фитнес-орталықтарын бақылайтын мобильдік қосымшалар қызмет етеді. Дұрыс тамақтануды ынталандыратын жағдай құру үшін ірі супермаркеттерде «Дұрыс тамақтануға арналған азық-түлік» сөрелері ұйымдастырылып жатыр.
– Дұрыс тамақтанбаудың қос ауыртпалығының феномені миллиондаған кішкентай балалардың аман-саулығына жағымсыз әсер етіп, олардың өсуіне және когнитив дамуына кедергі болады, сондай-ақ жұқпалы емес аурулардың, мүгедектіктің және ерте қайтыс болудың қатерін туғызады. Бұл негізінен қазіргі балалар диетасының құрамы оған қажетті тағамдық рацион саны, жиілігі, сапасы жағынан да қанағаттандыра алмағанынан, – деді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Юрий Оксамитный.
Қолжетімді бағамен, кең ауқымда тұрғындарға технологиялық қайта өңдеуден өткен және тағамдық құндылығы төмен азық-түлік өнімдері ұсынылады, ал сіңімді тағамдар көбіне қымбат және барлық жерден табыла бермейді. Жергілікті, ұлттық және дүниежүзілік азық-түлік жүйелері балалар мен жасөспірімдерді бүгін және келешекте нәрлі, қолжетімді және тұрақты рационмен қамтамасыз ету үшін жауапты болуы қажет. – Біз секторлар арасында – Парламентпен, Денсаулық сақтау, Қаржы, Ауыл шаруашылығы, Білім, Әлеуметтік қорғау министрліктерімен, азық-түлік және тамақтану, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау секторларының басшыларымен тығыз ынтымақтастықта болуымыз керек. Көп жеткізілім жүйесін пайдаланатын үкіметтердің тек жүйелік және бірлескен сектораралық көзқарасы қазіргі тамақтанудың қосарлы ауыртпалық жағдайын жақсартады. Жоғарыда келтірілген жеткізу жүйелері арасындағы азық-түлік жүйелерінің маршруты барлық сектор тарапынан тұрақты және оң өзгерістерге қол жеткізу үшін бірегей мобилизациялық рөл атқарады, яғни тамақ өнімдерін өндіруден бастап, тамақтың баланың табағына келіп түскеніне дейін, – дейді ЮНИСЕФ-тің Еуропа мен Орталық Азия елдері бойынша Өңірлік бөлімшесінің денсаулық және тамақтану саласының маманы Амирхосейн Ярпарвар. Қазіргі күні нан-тоқаш өнімдеріндегі тұз мөлшерін азайтуға көңіл бөлініп жатыр, яғни өндірушілер шығаратын өнімдеріндегі тұз көлемін кеміту процесіне кірісті. Бірыңғай шешім бойынша, 1 келі ұннан жасалған нандағы тұз мөлшерін 5 грамнан 2 грамға азайту туралы мәміле жасалды. Енді сүт өнімдеріндегі қант мөлшерін азайту мәселесі алдағы жоспарда бар. – Балалар денсаулығын сақтау, олардың дұрыс тамақтануы – өзекті мәселе. Онымен көп жылдан бері айналысып келе жатырмыз. Соңғы 5-6 жылда Үкімет осы мәселеге баса назар аударып жатыр. Қазір біраз мәселені көтеріп келеміз. Балалар дұрыс тамақтану үшін, тағамтану комбинаттарын құруымыз керек. Оны ғылыми, құқықтық, әлеуметтік негізде жасау қажет. Ғылыми негізі қаланды. Елімізде өткен жылы ғана Қазақ тағамтану академиясымен бірлесіп бірыңғай стандарт жасағанбыз. Балалар қалай тамақтану керек? Тағамның құрамында қандай пайдалы заттар болуы тиіс? Осы бойынша төрт апталық стандарт жасалып, былтыр Парламентте бекітіп, Қазақстанға тараттық. Өйткені біздегі барлық мектептегі балалардың тамақтану сапасы жоғары деп айта алмаймыз. Мысалы, мектептерде балалардың 60-80 пайызы дайын тұрған тамақты ішпей қалдырып кетеді. Бұл не деген сөз? Сапасы жоқ. Тағам дайындайтын компаниялар мен мектеп директоры өзара байланыс орнатады. Төмен бағамен тендер сатып алады. Оған жақсы тамақ дайындауға бола ма? Осы мәселені көтердік. Біздің жасаған стандартымыз бойынша ас мәзірі жасалады, тағам контейнермен жеткізілетін болады. Қазір балалар арасында әсіресе, семіздік белең алып барады. Асқазан, ішек аурулары да 1,5 есеге, көз аурулары 2,5 есеге, жүйке аурулары шамамен 1,5 есеге өсті. Өкпе, жүрек аурлары көз ауруынан кейін екінші орында тұр. А, В дәрумендері, йод жетіспейді. Бұл олардың ойлау қабілетін төмендетеді. Бұл – сапалы тамақ ішілмегеннен. Үйдегі және мектептегі тамақтың арасында сабақтастық жоқ. Мысалы, мектепте газдалған сусындарды сатуға тыйым салдық. Үйге барып ішіп қоюы мүмкін, – дейді Қазақстан тағамтану академиясының Тағамтану проблемалары институтының директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Ерболат Даленов. Дәмді, пайдалы тағам балаға күш-қуат беріп, ақыл-ойын арттырады. Баланың дұрыс тамақтануына сәби кезінен көңіл бөлу керек. Мамандардың айтуынша, жаңа туған нәресте алты айға дейін тек ана сүтімен қоректенуі керек. Су беруге де болмайды. Алты айдан кейін қосымша тамақтар берсеңіз болады. Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті жүргізген есепке сәйкес, елімізде аналардың 35 пайызы ғана сәбиін емізеді екен. – Балам қазір бір жас алты ай асты. Дәрігерлердің айтуымен, алты айға дейін өзім еміздім. Тәттіге, сүтке аллергиясы бар. Сондықтан қазір ботқаны суға қайнатып беріп жүрмін. Қышқыл сүтті қоспа ішеді. Басқа да тағамдар беремін. Бәрін қадағалап отырамын, – дейді алматылық жас ана Ұлханым Уәлиханова. Ал сіз балаңыздың тамақтану тәртібіне қаншалықты көңіл бөлесіз?
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ