Атырау індетпен күресуде
Атырау індетпен күресуде
92
оқылды
Атырауда 20 адам ауру­ханаға жатқызылып, олармен байланыста болған жүздеген адам оқшаулау нысандарына орналастырылды. Қалада 30 наурыз күні карантин жа­рияланып, 1 сәуірден бастап қатынас тоқтады. Ел қауіптенген індеттің ал­ғаш­қы дерегі Атырау облы­сында 27 наурыз күні үш адамнан анықталды. Олар – Нұр-Сұлтан, Стамбұл, Амстердамнан келген жергілікті тұрғындар. Науқастар №2 облыстық ауруханаға жат­қызылып, емдеу шаралары бас­талып кетті. Бүгінгі таңда ай­мақта індет жұқтырудың 20 оқиғасы тіркелді. Олардың дені – арнайы рейспен келген жолаушылар. Ана­лиз алған медицина қызмет­кер­лері және облыстық ауруха­нада жатқан науқаспен бірге қа­рым-қатынаста болған адамдар да ем қабылдап жатыр.  

 Адам тағдыры үшін күрес басталды

Елімізде карантин жария­ланған күннен бастап жергілікті әкімдік халықты бетпердемен қам­­тамасыз етуге жедел кірісті. Жер­гілікті кәсіпкерлер мен тігін цехы бар азаматтар бетпердені те­гін та­ратып, ал жағдайы барларға төмен бағамен сатып, қолдау көр­сетуде. Бұдан басқа, карантин ке­зінде адамдар үйлерінен шық­пау үшін жергілікті кәсіп­кер­лік және денсаулық бас­қар­малары тарапынан асхана мен мей­рамхана тағамдарын, дәріха­на­лар­дан дәрі-дәрмекті жеткізіп беру кестесі құрылды. Жеткізу түрі, бағасы мен тасымал құны бел­гіленген арнайы хабарлан­ды­ру әлеуметтік желілер арқылы таратылуда. Осы іске және халықтың жағ­­дайын реттеуге көмектесу үшін Аза­маттық орталық жаны­нан «Еріктілер штабы» құрылды. Штаб бірнеше бағытта жұмыс атқарады. Тұрғындарға өз автокө­лік­терімен азық-түлік жеткі­зетін, дәрі-дәрмек тарата­тын және жедел жәрдем қызметкер­леріне кө­­мектесіп, азық-түлік баға­лары­на мониторинг жасайтын, поли­ция қызметкерлерімен рейдке шығатын және бірнеше мәрте пайдалануға болатын бетперде тігуге көмектесетін тігіншілерден құралған еріктілер. Атырау облысы бойынша 1А санатына жататын елдер­ден келген азаматтарды 14 күн каран­тиндік оқшаулау мақсатында барлығы 340 провизорлық бөлім­ше мен 1 910 оқшаулау орны әзірленген. №2 Атырау облыстық ауруха­насының жанынан инфекцияны жұқтырғандарды емдеуге 130 ке­реует, оның ішінде 24 реанима­ция­лық кереует дайын. Атырау облысы бойынша барлығы 111 ИВЛ, яғни өкпеге жасанды жел беру аппараты (61 ересек ИВЛ ап­параты) бар. Тағы 20 аппарат жуырда өңірге жеткізілетін болады. Бір қуанарлығы, халықтың сұ­рақтарына дер кезінде жауап беру үшін Өңірлік коммуникациялар қызметі күнделікті баспасөз мә­слихатын өткізеді. Ең маңызды сауалдарға облыс әкімінің бірінші орынбасары, орынбасарлары мен басқарма, өңіріміздегі өзге де құрылымдардың департамент басшылары мен жауапты орган өкілдері арнайы шығып жауап береді. Әсіресе, облыстық Ішкі саясат басқармасы басшылығы тарапынан халыққа жететін ақ­параттың нақтылығы өңір тұр­ғындары тарапынан дүрбелең туын­дамауына септігін ти­гізуде. Елдегі дезинфекция жұмыс­та­рына жұрттың көңілі тол­май отыр­ғаны шындық. Алайда Аты­рауда дезинфекция жұмыс­тары аптасына үш рет жүргі­зілуде. Бүгінгі таңда елде карантин бас­тал­ғалы жүргізілген дезинфекция жұмыстарынан соң әлі де 12 мың тонна ерітінді бар. Жуырда тағы 6 мың тонна ерітінді жеткізілмек. Құзырлы органдар Атырау қаласына кіру және шығу толық шектелгеніне қарамастан блок-бекеттерді айналып өтпек бол­ғандарды анықтау үшін дрон­дар мен өзге де заманауи құрыл­ғы­ларды пайдалануда. Десек те, қалаға кіріп, шығуға шектеу енгізілген уақытта Өз­бекстан елінің азаматы Алмалы — Талдыкөл селолары арқылы Индер бағытына жаяу өтпекші болған. Талапқа бағынбаған аза­матқа қатысты ӘҚБтК 476-бабына сәйкес әкімшілік құ­қық­бұзушылық туралы хаттама толтырылып, сот қаулысымен бес тәулік қамаққа алынды. Карантин кезінде барлық про­визорлық нысан мен каран­тиндік стационар күзетке алын­ды. Полиция қызметкерлері ра­диохабар таратқыш арқылы каран­тин талаптарын сақтауды ес­кертуде. Сонымен қатар аса маңызды стратегиялық нысан­дарда күзет күшейтілді. Алайда облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметі берген мә­ліметке сүйенсек, карантин талап­тарын бұзу оқиғалары орын алуда. Елімізде карантин күшіне енген күннен бастап төтенше жағдай режимін бұзған 48 адамға әкімшілік хаттама толтырылған.  

Дәрігерлерге қонақүй, карантинге көпқабатты үйлер...

Бүгінде провизорлық ста­ционарда жатқандар саны – 40, карантиндік стационарда жатқандар саны – 151, үй каран­тинінде жатқандар 1 298 адамға жетті. Бұл көрсеткіштің күннен-күнге артуы халықты да, жергілікті атқарушы билікті де алаңдатып отыр. Адамдардың қауіпсіздігі мен денсаулығы үшін әкімдік тарапынан тоғыз қабатты екі үй, барлығы 480 пәтер карантин стационарына берілді. Сондай-ақ кәсіпкер Әлібек Семғалиев жалпыұлттық #BizBirgemiz нау­қанына қатысып, өзінің 2 700 шаршы метр аумақты «Пекин» қонақүйін науқастарды емдеуші дәрігерлерге берді. Атырауда инфекциялық ста­ционарда апта бойы 60 меди­ци­­­налық қызметкер жұмыс іс­­теуде. Облыстық аурухана дирек­­­то­­ры­ның орын­басары Надя Ерғалие­ва­­ның айтуынша, меди­ци­на­­лық қыз­­мет­керлер ара­сын­да дәрі­­гер­лер, медби­ке­лер, фельд­шер­лер, еден жуушы­лар мен ағаш ұстасы бар.  

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы